"Барлық клиенттердің ақшасы сақтаулы, ешкім бір тиын да жоғалтпайды"

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
6046

"Қазақстан Халық банкі" АҚ басқарма төрағасы халықтан жағдайды ушықтырмауды сұрады.

"Барлық клиенттердің ақшасы сақтаулы, ешкім бір тиын да жоғалтпайды"

"Қазақстан Халық банкі" АҚ басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова Halyk Bank пен Qazkom-ның интеграциясынан кейінгі жағдайға пікір білдірді.

Басқарма төрағасының abctv.kz тілшісіне түсіндіруінше, банкоматтар мен POS-терминалдардың қызмет көрсетуінде кінәрат болғаны рас. Клиенттердің ақша алу және төлем аудару кезінде түрлі қиындықтарды бастан өткергені де жасырын емес. Бірақ мұның барлығы уақытша болған және алдағы уақытта қайталанбайды.

"Бірден айтайын, алаңдаудың қажеті жоқ. Екі ірі қаржы ұйымының бірігуі сәтті ұйымдастырылды. Түрлі техникалық мәселелер әлі де бар және олар рет-ретімен шешіліп жатыр. Ең бастысы банкте ақша бар және клиенттік база сақталып тұр. Қолданыста бір миллионнан астам операция тіркелген. Оны қайта өңдеу уақытты талап етеді. Төлем карталарының кей операциялары бір тәулікке тоқтатылды. Осыған байланысты банк кеңселеріне заңды тұлғалар мен шағын және орта бизнес өкілдерінің бас сұғуы жиіледі. Банк әр клиенттің мәселесін дереу және шұғыл шешуге тырысты. Жеке тұлғалар банктен қалаған көлемдегі қаражатын еш қиындықсыз алды. Қазір барлық банкоматтар тиісінше жұмыс істеп тұр. Банкоматтарда ақша бар. Біз барлығын мұқият бақылап отырмыз", – деді Үміт Шаяхметова.

Басқарма төрағасының сөзінше, заңды тұлғалардың корпоративтік карталары болса, олар банкоматтардан ақшаларын кедергісіз алады.

"Жұмыс үдерісінде уақытша мәселелер туындап тұр. Бөлімшелерде кезек күткен клиенттердің де қарасы көбейген. Алдын алу шаралары жүргізіліп жатыр. Барлық клиенттердің ақшасы сақтаулы, ешкім бір тиын да жоғалтпайды. Мен мұны толық сеніммен айта аламын", – деді Үміт Шаяхметова.

Басқарма төрағасының айтуынша, онлайн-операциялар да оңалады. 

"Заңды тұлғаларға арналған онлайн-банкинг сыр берді. Дегенмен төлем жасауға қатысты мәселе тез шешілді. Алдағы уақытта қаржы ұйымдарының түрлі операцияларына қатысты ауытқу болуы мүмкін, бірақ ол 2-3 күннен аспайды. Банктердің бірігуі заңды тұлғаларға жалақы аудару уақытымен тұспа-тұс келіп қалуы түрлі техникалық кемшілік туғызды. Мен барлық клиенттерді түсінемін, олармен банк бөлімшесіне барып, арнайы кездестім, шағымдарын, өтініштерін тыңдадым. Халықтан жағдайды ушықтырмауды сұраймын. Барлық мәселе таяу арада шешіледі", – деді Үміт Шаяхметова.

"Қазақстан Халық банкі" АҚ басшысының мәлімдеуінше, алдағы уақытта банк клиенттеріне толассыз және ерекше мүмкіндік ұсынылады.

"Біз біріккен, ірі әрі ең тұрақты банкпыз. Клиенттің талабы мен сұранысын қанағаттандыруға бар күшімізді саламыз. Бұл үшін интеграция аясында екі банктің комиссияларын салыстырып, қолданысқа клиенттерге пайдалы нұсқасын енгіземіз. Алдағы уақытта банк клиенттері комиссия мен тарифтен пайда көретін болады. Бұған қоса Halyk Bank ШОБ үшін тиімді бағдарлама әзірледі. Клиенттерге несие ұсыну жалғаса береді. 

Halyk Bank-те ШОБ және ипотека бойынша жылдық сыйақы мөлшерлемесі төмен болады. Болашақтан оң динамика күтеміз. Halyk Bank пен біріккен Qazkom-ның клиенттеріне алдағы уақытта жан-жақты жағдай жасалып, бұрын-соңды болмаған мүмкіндік беріледі", – деп түйді ойын Үміт Шаяхметова.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу