Әлемде экономикалық жағдай жақсарады, бірақ Қазақстанда емес

304

Халықаралық валюта қоры болжамын жариялады.

Әлемде экономикалық жағдай жақсарады, бірақ Қазақстанда емес Фото: Inbusiness.kz

Биыл Қазақстан экономикасында өрлеу болады деп айта алмаймыз. Сонау Америкада отырған Халықаралық валюта қоры осындай болжам жасады, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты. 

Белді ұйымның мұндай мәлімдемесі Үкіметтің еңсесін түсірері анық. Өйткені біздің шенеуніктер әлемдік экономистердің берген бағасы мен ескертуін қалт жібермейді. Кей депутаттар бұған мән бермейік деп жұбатады. Ал халықтың пікірі қақ жарылды. Отандық сарапшылар не дейді? Тілшіміз сұрап білді.

Күні кеше әлемдік сақа сарапшылар 2 жылға жасаған болжамымен бөлісті. Бас экономистердің мәлімдемесі 1 сағатқа жалғасты. Айтуларынша, жалпы жаһанда жағдай тұрақталып келеді. Биыл экономика 3,1 пайызға өседі. Бірақ тым баяу. Өйткені, Таяу Шығыстағы қақтығыс тежеу болып тұр. Негізі қор жылдың аяғында жорамалымен бөліскен. Сонда Қазақстанда бәрі жақсы болады дегені есте. Бірақ араға 2 ай салып ойлары күрт өзгеріп шыға келді. Енді Қазақстанда жағдай мәз емес деп, экономикалық өсімді 4,2 пайыздан 3,1 пайызға түсіріп тастады. Халықаралық валюта қорының мамандары неге екі сөйлегенін отандық экономистер түсіндіруге тырысты.

"Ескерілмеген сәттер болды. Біріншісі қытайдағы дағдарыстың болатынын көбісі білмеді. Екінші атап өтетін жағдай таяу шығыстағы мәселенің күрделеніп кетуі. Иранның қосылуы. Осы мәселелер қатты әсер етіп отыр. Қазақстанның экономикасы жалпы біздегі шикізаттарды сыртқа сатумен байланысты. Сондықтан шикізаттарды сыртқа сататын болғандықтан негізгі сауда серіктесіміз Ресей, Қытай елдері", - дейді экономист Жасұлан Кушебаев.

Иә, Қазақстан экономикасы шикізатқа соның ішінде мұнайға байланып қалған. Ал әлемде қара алтын мәселесі шиеленісіп кетті. Тіпті ОПЕК+ міндеттмесін орындамаймыз деп отырған ел қаншама. Ұйымнан шығып кеткендері де бар. Осыны негізге алған валюта қоры мұнайдың орташа бағасы 2,3 пайызға төмендейтінін айтады. Әрі Қазақстан биыл Теңіз кен орнын кеңейтіп, 12 млн тонна мұнай өндіруі керек еді. Алайда жоспардан кешікті. Бұл мәселе де халықаралық қордың болжамдарын өзгертті.

"Жалпы бұл пікірмен келіспеймін. Қазақстанда экономика даму керек. Қазір осыған бар жағдай жасалып жатыр. Алғышарттар бар біздің экономикада. Сондықтан бөлінген қаражатты тиімді пайдаланатын болсақ экономикамыз дамитын болады. Осыған жұмыс істеуіміз керек. Болжам басқаға назар салудың қажеті жоқ деп санаймын", - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Сәбильянов.

Депутат мән бермейік десе де, Үкімет әлемдік экономистердің айтқанына әркез құлақ асады. Мәселен былтыр ақшаны ысырап қылмаңдар деген ескерту алған. Сосын халықаралық валюта қорының басшысы Кристалина Георгиева Астанаға келіп, жағдайларыңыз жақсарады деп жұбатып кеткен. Ал біздің Үкімет соған мәз болған.

"Олардың болжамы бізге қосымша стимул болады", - деді ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Сонау Америкада отырған экономистерден гөрі, халықтың пікірін де ескерген жөн. Қордың болжамына қатысты елдің ойы әр алуан.

"Өсу мүмкіндігі бар. Өйткені 23 жылды алсақ, көптеген Қазақстанның экономикасында әртүрлі секторда өсу деңгейі жақсы болды. 2024 жылы одан әрі өседі деп ойлаймын".  Келісе алмаймын. Болашақта жақсы болуы міндетті. Үкімет енді істеуін істеп жатыр ғой. Енді ол қол астындағылар дұрыс жұмыс жасамай жатыр ғой". "Мұны экономистер жақсы біледі ғой. Мен мысалы зейнеткермін. Енді жоғарыда отырған адамдарымыз бар ғой. Жақсарады деп отырмын", дейді қала тұрғындары.

Әзірге Ұлттық банкке, Ұлттық экономика министрлігіне де халықаралық валюта қорының жасаған қорытындысы келмеді. Яғни қолдарында толық мәтін жоқ. Сондықтан ұйымның қандай факторға сүйенгендерін тәптіштеп айта алмаймыз, дейді. Бірақ қор 2025 жылы экономикаларыңыз өрлейді деп бірауыз қосты. Онда да Қазақстанның өзіне байланысты. Егер Теңіз кен орнындағы жоспарды уақытылы жүзеге асырса.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу