Қарағанды облысында 200-ге тарта ауыл құдықтың суын ішіп отыр

963

Қарағанды облысында 200-ге тарта ауыл құдықтың суын ішіп отыр

Қарағанды облысында 195 ауыл орталықтандырылған сумен жабдықталмаған. Соның ішінде 500-ден 1000 дейін адам тұратын 22 ауыл бар. Қалған ауылдардың тұрғындарының саны 500-ден кем. Осы ауылдың тұрғындары құдықтың суын пайдаланады, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Қайрат Бегімов осындай статистиканы жария етті. Облыс әкімдігінде аппарат отырысында "2020 жылға дейінгі өңірлерді дамыту" мемлекеттік бағдарламасы аясында ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі талқыланды. 
Аталған бағдарлама бойынша 2016 жылы облыста сумен жабдықтаау және су бұру бойынша 7 жобаны іске асыруға 1,5 млрд. теңге бөлінді. 
"Жыл қорытындысы бойынша осы соманың 98,5% игерілді. 7 км су құбыры мен кәріз желісі салынып, қайта жөнделді. Бағдарламаны іске асырудың арқасында 2011 жылдан бері облыста су құбыры желісінің тозуы 85%-дан 69,9% дейін, кәрііз желілерінде – 85%-дан 80% дейін төмендетілді. 2011 жылмен салыстырғанда су құбырындағы апаттар саны 5 есеге, кәріз желілеріндегі кептелістер саны 10 есеге азайды, – деді басқарма басшысы. – 2016 жылы 7 жобаның төртеуі аяқталды, үшеуі 2017 жылға ауыстырылды".
Аймақта сапалы ауыз су мәселесін шешу үшін 33 млрд теңгеден аса қаржы керек. 2017-2019 жылдарға арналған 35 жоба әзірленді. Облыс ҚР Ұлттық экономика министрлігіне өтінім берді. 
Сол 35 жобаның 24-і мақұлданды, оларды жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен үш жылға 17 млрд теңге бөлінді. Соның ішінде 15 жоба ауыл шаруашылықты сумен жабдықтау – 3,9 млрд теңге, 9 жоба қалалар бойынша –13,1 млрд теңге.
2017 жылға 15 жобаны іске асыру үшін 3 млрд теңгеге жуық бөлінді. 
"Үстіміздегі жылы облыс бойынша су құбыры мен кәріз желілерінің 83,57 км салу және 87,72 км қайта жөндеу, сумен жабдықтау бойынша 9 нысанды пайдалануға беру жоспарланған. 230 ауылдық елді мекен немесе 54,6% орталықтандырылған сумен жабдықтауға қосылады, қалаларда бұл көрсеткіш 85,6% құрайды", – деді баяндамашы.
Отырыс барысында кемшіліктер туралы, атап айтқанда салынған желілерді пайдалануға беру туралы да айтылды. Жұмыстар нысанның техникалық төлқұжатының, жер актілерінің болмауынан кідіріп жатады. 
Қайрат Бегімов қазіргі кезде тоқтап тұрған төрт проблемалық нысан туралы айтты. Олар "Ауыз су" бағдарламасы бойынша қолға алынды. Жоба бойынша Осакаров ауданында сот тексерулері жүріп жатыр. ҚР АШМ су ресурстары жөніндегі комитет тапсырыс беруші болып табылатын үш жоба 2017 жылы аяқталмақ. Атап айтқанда, Жезқазғандағы Эскулин су құбыры, Балқаштағы Төменгі Тоқырау кен орны су іркуіш құрылысты қайта жөндеу, Жайрем-Қаражал су таратқышын жөндеу.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу