Елімізде әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік түрі белгіленгені белгілі. Олар өзге өнімдерге қарағанда төмен бағамен сатылып, оларға қосылатын үстемақы мемлекеттік органдар тарапынан бақылануы тиіс, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Павлодар облысында бірінші кезекте керек азық-түлік өнімдері көп жағдайда әлеуметтік сауда нүктелерінде сатылады. Мұнда өнімдер тұрақтандыру қорынан төмен бағаға жеткізіледі. Әлеуметтік дүкендерде арнайы маңдайшалар да ілінеді. Сол арқылы көпшілік бұл жердегі азық-түліктің бағасы өзгелерден арзан болуы керек екенін түсінеді.
Бірақ соңғы бір жылдың өзінде мұндай бірнеше дүкен өз жұмысын тоқтатыпты. Бұған жергілікті жұртшылықтың көңілі толмай отыр. Павлодар қаласындағы тұрғындардың бірі өзі тұратын шағын аудандағы қолжетімді бағада азық-түлік өнімдері сатылатын сауда орнының жабылғанын алға тартып, бәсекелестікті дамыту және қорғау департаментіне шағым да түсірген екен.
"Бізге қала тұрғындарының бірінен шағым түсті. Әйел адам тұрақты түрде баратын үй іргесіндегі әлеуметтік дүкеннің жабылғанын айтты. Дәл сондай басқа да бірнеше сауда орны жұмысын тоқтатқанын мәлімдеді. Бұл да бәсекелестікке қатысты іс болған соң өтінішті қабылдап, тіркеп, мәселені зерделеуге кірістік. "Павлодар" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына тиісті сұраухат жолдадық", – дейді бәсекелестікті дамыту және қорғау департаментінің басшысы Бейбіт Молдабеков.
Белгілі болғандай, 2023 жылы Павлодар облысының аумағында тұрақтандыру қорының серіктесі ретінде 263 сауда орны тіркелген. Яғни, бұл сату нүктелеріне өнімдер арзандатылған бағамен жеткізіліп отырған. Былтыр бұл дүкендердің қатары айтарлықтай азайып, тұтынушылар тек 209 дүкеннен әлеуметтік бағадағы тауарларды алу мүмкіндігін пайдаланған. Ал биыл тағы алты сауда нүктесі жұмысын тоқтатып, 203 әлеуметтік дүкен қалды.
"Біздің департамент әлеуметтік дүкендер санын реттей алмайды, оған құзыры жоқ. Дей тұрғанмен, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен саудаға жауапты басқармаға тиісті хат жолдап, әлеуметтік сауда нүктелерінің санын көбейтуге кеңес бердік", – деп мәлімдеді департамент басшысы.
Тұрақтандыру қорының басшылығы мүмкіндікті қарастырып көруге уәде берген көрінеді. Бірақ әлеуметтік дүкендер қатары қайта көбейеді деген нақты жоспар жоқ. Соған қарағанда, тұтынушыларға қордан жеткізілетін арзандатылған өнімдерді емес, сауда желілеріндегі қымбат тауарларды алуға тура келетін сыңайлы.