Су бермеген көрші елдерді жауапқа тартудың жолы бар ма?

246

Өзбекстан алдағы жылдары 250-дей микрогэс салмақ. Ал, Ауғанстан болса өз тарихындағы ең үлкен каналды қазып жатыр.

Су бермеген көрші елдерді жауапқа тартудың жолы бар ма?  Фото: Inbusiness.kz

Соңғы тамшысына дейін суды бөлісудің жолы бар. Ол үшін Орталық Азия мемлекеттері су-энергетикалық консорциум құруы керек, дейді сарапшылар. Сонда тараптар трансшекаралық суларды бірігіп басқарады. Оған қоса бұл экономикалық жағынан да ұтымдырақ болмақ, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

"Су-энергетикалық консорциум ең алдымен барлығы үшін қаржылай тиімді. Мәселен трансшекаралық өзенде ірі гидроқұрылыс жобаларына халықаралық ұйымдардан аз мөлшерлемемен ақша тарту оңай болады. Сонда су бассейніндегі кез-келген құрылыс тараптардың келісімімен ғана салынады. Ал энергия алмасуға қатысты міндеттемелер қазіргідей бір жылға емес ұзақ мерзімге жасалады", - Энергия үнемдеу саясатын дамыту департаментінің директоры Марат Қалменов.

Су тапшылығы өткір сезіле бастағанда келісімсіз салынған каналдар мен гидростанциялардың құрылысы проблеманы ушықтыра түседі. Мәселен Өзбекстан алдағы жылдары 250-дей микрогэс салмақ. Ал, Ауғанстан болса өз тарихындағы ең үлкен каналды қазып жатыр.

"Қазір Ауғанстандағы Мазали Шриф қаласының маңында тереңдігі 8,5 метр, ал ені 100 метрлік екінші каналдың құрылысы аяқталып жатыр. Ал, Амударияға негізі су Ауғанстаннан келеді. Енді каналдың салдарынан су көлемі 15 пайызға төмендейді. Өз кезегінде көрші Өзбекстан Сырдариядан келетін суды азайтуы мүмкін. Ақыр соңында көрші де емес Ауғанстандағы құрылыстың салдарын Қызылордадағы шаруалар көреді", - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сергей Пономарев.

"Су ресурстарының болжамы бойынша, биыл 30-дан 50 пайызға дейін су тапшылығы болуы мүмкін. Өйткені аймақта климаттың өзгеруі қатты байқалып жатыр. Оған қоса бізде биыл қыс жылы. Яғни, ол вегетациялық кезеңге кері әсер етуі мүмкін", - дейді Қырғызстан Ирригация ғылыми-зерттеу институтының директоры Улан Чортамбаев.

Алайда, бүгін Қырғызстан басшысы "көршілерге қанша су керек болса, сонша береміз"-деді.

"Біз айта алмаймыз көрші мемлекеттерге қыс мезгілінде бізге суды тастамаңдар деп. Бірақ біз соған әрекет жасауымыз керек өзіміз олар қыс мезгілінде тастаса да біз ол суды жинап алып ары қарай өзіміз ауыл шаруашылығы болсын, экономика болсын сол жаққа пайдалануға", -дейді ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Нұрлан Алдамжаров.

Су бөлісудегі шиеленіскен мәселелерге Орталық Азия елдері арасындағы келісімдердің тым әлсіздігі себеп. Яғни, міндеттеме бар бірақ оны орындамаған жағдайда жауапкершілік жоқ. Сондықтан сарапшылар қолда бар экономикалық мүмкіндіктерді пайдалану керек, дейді.

"Егер су-энергетикалық консорциум болса, онда біз шекараны жаппай басқа ресурстар арқылы мәселені шеше аламыз. Қазір Қырғызстан да, Өзбекстан да біздің мұнайды импорттайды. Одан бөлек те біз бұл елдер үшін ірі эскпортермыз. Сондықтан бәрін байланыстырып жан-жақты қарасақ бұл шешімнің көзі болар еді", - дейді Энергия үнемдеу саясатын дамыту департаментінің директоры Марат Қалменов.

Яғни су бөлісуді қос тарапқа да экономикалық тиімді келісімге айналдыру керек. Ресурсты беретін ел келесі тарапты қажеттілігін өтейді. Заңды сұрақ. Консорциум біздікілер ойлап тапқан жаңалық емес. Мұндай одақтар әлемдік практикада жетерлік. АҚШ пен Канада бір өзенді ұрыс-керіссіз 100 жыл бөлісіп отыр. Бұл дамыған мемлекеттер десеңіз, Сенегал бойындағы Африка елдері де бар. Халықаралық тәжірибе осындай.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу