Ұлттық қордан балаңызға қанша ақша түсетінін білесіз бе?

349

2024 жылдан 18 жасқа дейінгі әр қазақстандыққа ұлттық қордан қаражат түсе бастайды.

Ұлттық қордан балаңызға қанша ақша түсетінін білесіз бе? Фото: Inbusiness.kz

Жиналған ақшаға олар оқу ақысын төлеп немесе баспанаға жұмсай алады. Жобаны Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған болатын. Заң қабылданды. Енді 2024 жылдың 1 ақпанына ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың шотына түседі, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Ресми дерек бойынша елімізде 7 миллионнан астам 18 жасқа дейінгі бала бар. 2024 жылдың қаңтар айынан инвестициялық табыстың 50 пайызы осы балаларға теңдей үлестіріліп, шоттарына жіберіледі. Бұл қаражатқа қай жерде білім алып жүрсеңіз де оқу ақысын төлеуге болады. Ал баспана үшін берілетін қаражатқа тек Қазақстан Республикасының территориясында ғана үй алуға рұқсат.

"ҚР азаматтары 18 жасқа толғанға дейін қатысушылар болып есептеледі. Кәмелетке толғаннан кейін алушылар санатына көшеді. Сондай-ақ алушылар ретінде заңды өкілі мен мұрагерлер де бола алады. 18 жасқа толған кезде жинақталған қаражат баланың айрықша меншігі болады. Уәкілетті операторларға өтініш бергеннен кейін және шотты ашқаннан кейін қаражат көрсетілген шотқа аударылады. Балалардың қаражатын сақтау мақсатында келесі операциялар рұқсат етілмейді: тыйым салуды болдырмау, өндіріп алуды болдырмау, шығыс операцияларын уақытша тоқтатуға, клиентенсіз ақшаны алып қоюға, банкте орналастырылған ақшаға уақытша шектеу қоюды", - дейді ҚР Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков.

Бала 18 жасқа толғаннан кейін қаражат шотта 10 жыл бойы сақталады. Осы уақыт ішінде ақшаны ешкім шешіп алмаса, ол автоматты түрде сол азаматтың бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударылады. Ал егер шот иесі азаматтығынан айырылса, жинаққа иелік ете алмайды. Қаражат ұлттық қордан Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударылады.

"Жобаны іске астыру кезең-кезеңімен орындалады. Ол үшін ең алдымен өткен жылдың қорытындысы бойынша ұлттық қорға тәуелсіз аудит жүргізіледі. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жыл ішінде дүниеге келген, қайтыс болған, азаматтық алған және азаматтықты жоғалтқан балалар санын нақтылайды. Деректер толықтай нақтыланғаннан соң ұлттық банк кәмелет жасына келген балаларға төлем жасау үшін қажетті соманы БЖЗҚ-на аударады. ҚР инвестициялық табысынан қаражат бөлу бұл экономиканың басты заңдылығы", - дейді ҚР Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков.

Қордан берілген ақшаларға салық салынбайды. Ал қаражат мерзімінен бұрын берілмейді. Яғни, Қазақстан Республикасының азаматы 18 жасқа толған соң ғана екі мақсатта жинақты шешіп ала алады. Шотта түсім доллармен жиналады.

"Жинақтарды пайдалану үшін бала БЖЗҚ-мен шартқа отыратын уәкілетті банктерге ҚазПошта және екінші деңгейлі банктерге жүгіне алады. Бала қайтыс болған жағдайда 18 жасқа дейін немесе одан кейін жинақтар мұрагерлеріне уәкілетті операторда АҚШ долларымен ашылған шотта аударылады. Баласының бағдарламаға қатысушы болғаны туралы ақпаратты ата-аналар egov.kz порталындағы жеке кабинетте ала алады",- дейді "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ Басқарма төрағасы Жанат Құрманов.

Шотқа қанша қаражат түсетінін мемлекеттік органдар нақты кесіп айта алмайды. Өйткені инвестициялық табыс жыл сайын құбылып отырады. Ал қаражатты теңдей бөлу үшін арнайы формула қолданамыз, дейді Қаржы министрлігі. Мамандардың болжамынша, 18 жылда әр баланың шотында шамамен 3,5 мың доллар жиналуы тиіс.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу