Зейнетақы активтерінің жалпы көлемі 14,7 трлн теңгеге жетті

Бұл ретте ҚР ҰБ сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері 14 621,89 млрд теңге, ал ИПБ басқаруындағы зейнетақы активтері 9,36 млрд теңге.  

Зейнетақы активтерінің жалпы көлемі 14,7 трлн теңгеге жетті Фото: gov.kz

Зейнетақы активтерінің жалпы көлемі 14,7 трлн теңгеге жетті, деп хабарлайды inbusiness.kz.

БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқарушы ретінде Ұлттық Банк теңгерімді инвестициялық саясат жүргізеді: валюталар, елдер, секторлар және эмитенттер бойынша қаржы құралдарының алуан түрлеріне инвестициялайды.

"2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша зейнетақы активтерін инвестициялаудың негізгі бағыттары мынадай: ҚР Қаржы министрлігінің облигациялары (неғұрлым тұрақты қаржы құралдары ретінде) – портфельдің 49,72%, квазимемлекеттік компаниялардың облигациялары – 11,40%, банктердің облигациялары мен депозиттері – 7,84%, шет мемлекеттердің МБҚ – 5,55%, халықаралық қаржы ұйымдарының бағалы қағаздары – 2,54%. Дамыған елдердің МБҚ (7,31%), дамушы елдердің МБҚ (3,75%), сыртқы басқарудағы активтерді (9,27%) қоса алғанда, индекстік басқаруға 20,33% бағытталды", – деп хабарлады қор.

Зейнетақы активтері есебінен сатып алынған қаржы құралдары номиналданған валюталар бөлінісіндегі инвестициялық портфель 1 қаңтардағы жағдай бойынша мынадай:

Ұлттық валютадағы инвестициялар – 71,59%, АҚШ долларында – 28,36%, басқа валютада – зейнетақы активтері портфелінің 0,05%. Осылайша, валюталық позиция шамамен 30% деңгейінде сақталуда. Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылы зейнетақы активтерінің валюталық үлесі шамамен 17% болды. 

Егер алынған кірістің құрылымын талдасақ, онда бағалы қағаздар бойынша сыйақы түріндегі, оның ішінде орналастырылған салымдар мен "кері РЕПО" операциялары бойынша және бағалы қағаздарды нарықтық қайта бағалаудан түскен кірістер 807,92 млрд теңге, шетел валютасын қайта бағалаудан түскен кірістер 186,62 млрд теңге, өзге кірістер – 12,9 млрд теңге болды. Сыртқы басқарудағы құралдар бойынша 93,36 млрд теңге мөлшерінде шығын есептеліп, бұл геосаяси факторлардың 2022 жылы есептелген инвестициялық табысқа ықпал еткенін растайды. Салыстыру үшін: өткен жылдың сәйкес күніне сыртқы басқарудағы активтер 50 млрд теңгеден астам табыс әкелді.

ҚР Ұлттық банкінің түсініктемесінде айтылғандай, "тұрақты жоғары инфляция жағдайында 2022 жылы көптеген елдердің орталық банктері монетарлық саясатты қатаңдатуға мәжбүр болды. Нәтижесінде бұл іс жүзінде барлық активтер кластары құнының төмендеуіне әкелді. Мысалы, 2022 жылы көптеген әлемдік индекстер теріс мәндерді көрсетті: MSCI World Index акцияларының индексі 19,5%, АҚШ қазынашылық облигациялары 7,6%, корпоративтік облигациялар 15,8%, дамушы нарықтар облигацияларының индексі 15,3% әлсіреді. Осылайша, теріс нарықтық қайта бағалау шетелдік және қазақстандық эмитенттердің облигациялары мен акцияларын қамтитын БЖЗҚ зейнетақы активтері портфелі  құнының төмендеуіне әкелді".

Дегенмен, 2022 жылдың 12 айындағы жалпы табыс оң сипатқа ие. Инвестициялық қызметтің нәтижесінде, сондай-ақ, шетел валюталары бағамдарының құбылмалылығы және қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруі салдарынан есептелген инвестициялық кірістің мөлшері жыл басынан бері 914,1 млрд теңгеге жетті. Кезең ішінде зейнетақы активтерінің кірістілігі – 6,55%. ҚРҰБ зейнетақы активтерін басқарған 2014 жылдан бастап 2022 жылғы желтоқсанға дейін жинақталған инвестициялық табыс 6,9 трлн теңге болды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу