"Жетім қыздың жүгіндей": Депутат отандық ғылымға аз қаражат бөлінетінін айтты

426

Биыл ғылымды қаржыландыруға 204 млрд теңге қарастырылған. 

"Жетім қыздың жүгіндей": Депутат отандық ғылымға аз қаражат бөлінетінін айтты Фото: liter.kz

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев елдегі жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың ғылымға қаржы бөлуіне бақылау қажет екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Отандық ғылымға бөлінетін қаражат "жетім қыздың жүгіндей" болып тұр. Әлем келесі кезекте ғылымның қай саласында тыңнан түрен саламыз, қай биікті бағындырамыз деп жүргенде, біз ғылымға ақшаны қайдан табамыз деп, түбі тесік қалтамызды түрткілеп отырмыз. Содан кейін елден "ақылды бастар" кетіп жатыр деп сан соғатынымыз және бар. Ғылымға жауаптылардың "жалпы ішкі өнімнің кем дегенде 1 проценті ғылыми зерттеулер мен өндіріске жұмсалса" деп жақ сауып айтып жүргеніне талай жылдың жүзі болды. Ғылым жыл сайын тек бюджетке қол жаюға мәжбүр", - деді ол Премьер-Министрге жолдаған депутаттық сауалында.

Нартай Аралбайұлының дерегінше, биыл республикалық бюджеттен ғылымды қаржыландыруға 204 млрд теңге қарастырылған. Ал 2025 жылы – 242,6 млрд теңге, 2026 жылы – 259,5 млрд теңге. Ол бұл қаражатың ғылымды дамыту үшін жеткіліксіз екенін айтты.

Сөзінше, бұл мәселені шешудің бір тәсілі бар.

"Ол талап Заңда тайға таңба басқандай жазылған. Яки, Қазақстанның жерасты байлығын қалағанынша игеріп, қисапсыз қаржы тауып отырған компаниялар ақшасының 1 пайызын ғылымды дамытуға беруі тиіс. Заңда солай көрсетілген. Бар болғаны 1 пайызын ғана. Бірақ сол талаптың өзін көкпарға салған алып компаниялар ақырында отандық ғылымды бюджетке мөлитіп қойды", - деп жалғастырды халық қалаулысы.

Мәжілісмен бұл мәселені шешу үшін бірқатар ұсыныс тастады.

"Жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың бүгінге дейін ғылымға нақты қанша қаржы бөлгенін, оның қайда жұмсалғанын  қатаң тексеру керек. Бұл компаниялар ғылымға деп бөлген 1 пайыз  қаражатқа жасалатын ғылыми жобаларға арнайы ашық байқау жариялануы тиіс. Қай жобаның ұтқаны, оған қанша теңге аударылғаны анық көрсетілуі қажет. Бір пайыздық межені орындамаған компанияларға заңға сәйкес шара қолдану керек. Жер қойнауын пайдаланушы компаниялар ғылымға деп бөлген қаржыны орталықтандырудың тетігін іздеу керек. Сол үшін  арнайы қор құру қажет", - деді Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу