2040 жылға қарай Алматы халқының саны 3 млн болады

Алдағы жеті жылда әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға 1 трлн 391 млрд теңге инвестициялау қажет.

2040 жылға қарай Алматы халқының саны 3 млн болады Фото: inbusiness.kz

Мегаполис әкімдігі мен "Алматыбасжоспар" ҒЗИ" ЖШС 2040 жылға дейін шаһардың жаңа Бас жоспарын қоғамдық талқылауды бастады, деп жазады inbusiness.kz.

Бірінші күні стратегиялық құжаттың жобасы сарапшылардың, қоғам белсенділерінің және қаланың барлық аудан әкімдерінің қатысуымен сарапқа салынды.

Айта кететіні, қолданыстағы Бас жоспар 2002 жылы бекітілген. Жиырма жылдан бері шаһар аумағы 2 есе – 33 898 гектардан 70 348 гектарға дейін өссе, халқының саны 2,1 млн адамға дейін артқан. Шаһар агломерация орталығына айналды, экономикасы өзгерді. Қаланың екі есе өсуі аудандардың әлеуметтік, инженерлік, көліктік және өзге де инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейіне кері әсерін тигізді. 

Атап айтқанда, мегаполистің су, жылу желілері 50-60%-ға тозған. Құжаттың қабылдануы әлеуметтік, экономикалық, инфрақұрылымдық жағынан қордаланған көптеген мәселені жоспарлы шешуге септігін тигізеді. 

Қолданбалы урбанистика орталығының маманы Святослав Муруновның сөзінше, 2040 жылға қарай шаһар халқының саны 3 млн адамды құрайды. 

"Қаланың Оңтүстік-Батыс аймағында 1,3 млн адам (44,6%) тұратын болады, Орталық аймағында 0,5 млн адам (18,1%) және Шығыс жоспарлау аймағында 0,45 млн адам (15,2%) қоныстанатын болады", – деп түсіндірді маман. 

Бұл ретте сарапшылар назарынан тұрғын үй құрылысы тыс қалмады. Талқылауда келтірілген деректерге сүйенсек, 2040 жылға дейін шаһарда жалпы ауданы 45,6 млн шаршы метр жаңа пәтерлер салынады. Осылайша жан басына 33 шаршы метрден келуге тиіс.

Халық санының өсуі мен әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру, мектеп, ауруханалар салу мәселесі туындайтыны тағы бар.

"Алматыгинпрогор-1 жобалау институты" ЖШС бас экономисті Тамара Залогинаның айтуынша 2030 жылға дейінгі осы бағыттағы жобаларды жүзеге асыруға 1 трлн 391 млрд теңге инвестициялау қажет. Бұл қаражат мектеп, балабақша, емханалар салуға жұмсалмақ. 

"Инвестициялардың едәуір көлемі (46,6%) мектеп пен мектепке дейінгі білім беруді дамыту және денсаулық сақтау мекемелерін дамытуға қажет (27,3%). Интернат үйлері, спорт ғимараттарын салуға инвестициялардың 9%-ы жұмсалады", – дейді маман. 

Сонымен қатар әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша:
- 335 балабақша,
- 188 мектеп және қазіргі мектептерге 12 қосымша құрылыс,
- 65 емхана және 3 аурухана,
- 33 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жоспарланған.

Талқылау барысында экология мәселесі де сарапқа салынды. Себебі Алматы еліміздегі ауасы ең лас қалалардың бірі. Қазіргі мегаполистің жасыл қоры шамамен 26 мың гектарды құрап, жылына орта есеппен 1,3 млн тоннаға дейін шаң жинап, 16 мың тоннаға дейін оттегін өндіреді. 

"Осыдан шығатын қорытынды – зиянды заттардың кері әсерін азайтудың ең тиімді шарасы жасыл қорды сақтау және оны одан әрі тұрақты дамыту. Сондықтан шамамен 2,5 млн жаңа ағаш отырғызылуы керек", – деп атап өтті "Алматыбасжоспар" ҒЗИ өкілдері. 

Қаланың бас жоспарын түзету бойынша қала құрылысын жобалау тәжірибесінде бұрын-соңды болмаған қоғамдық талқылау өткізілген. 

"Алматыбасжоспар" ҒЗИ" ЖШС бөлім басшысы Жанат Айтілеудің айтуынша, бес айдың ішінде 26 талқылау өткізілсе, оған 120-дан астам адам қатысты, 510 ұсыныс пен ескертулер келіп түскен. Осылайша құжаттың қамтитын кезеңі 2023 жылдан 2024 жылға дейін ұзартылған. 

"Мегаполис әкімінің қаланың Бас жоспарын іске асырудың жобалық есептік мерзімін 2030 жылдан 2040 жылға ауыстыру туралы шешімімен кешенді қала құрылысы сараптамасын орындауды тоқтата тұру және Алматының жаңа Бас жоспарын 2040 жылға дейін әзірлеу туралы шешім қабылданды. Бас жоспардың бұдан бұрын орындалған барлық бөлімдеріне өзгерістер енгізілді", – деп атап өтті Жанат Айтілеу.

Жалпы, қоғамдық талқылаудың бірінші күні сарапшылар мен белсенділер бірқатар ұсыныс пен ескертулер айтты, келесі кездесу 26 қаңтарда өтеді. Ал 27 қаңтар қаланың барлық сегіз ауданының тұрғындары талқылауға қатысады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу