3 миллиард – даудың басы ғана: Федерациялардағы өзге былықтардың беті ашылуда

3546

Жемқорлықтың кең жайлауы кесірінен Қазақстан тұтас саладан айырылып қалғалы тұр.   

3 миллиард – даудың басы ғана: Федерациялардағы өзге былықтардың беті ашылуда

Жылдам шахматтан әлем чемпионы, ақтаулық Бибісара Асаубаева жылдар бойы "жабулы қазан", жасырулы күйде келген, ит тұмсығы батпас былықтың шетін ғана ашыпты.

Бұған дейін Inbusiness.kz Бибісара Асаубаеваның күтпеген мәлімдеме жасап, федерация басшыларының әрекеттерін сынға алғанын жазды.

Нақтыласақ, ол шахматтың басы-қасындағылар, оның ішінде Федерация президенті Ғалым Құсайынов пен оның орынбасары Дәрмен Сәдуақасовтың чемпиондарды қалқан тұтып, бас ұпайын түгендемек болғанын, Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаевадан 3 млрд теңге ақша дәметкенін жеткізді. Ізінше жас гросмейстрдің мәлімдемесін Спорт министрі Дәурен Абаев пен Қазақстанның шахмат федерациясының вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов жоққа шығарды. Бұған жауап ретінде Бибісара жалғандық детекторынан өтіп, сөзінің шын екенін дәлелдеуге дайындығын айтты. 

Қалай болғанда, қаптаған федерациялар қоректенген бұл салада мемлекеттің реформа жүргізетін кезі жетті. Ол реформа әзірленіп жатыр.  

Жалпы бюджеттен мәдениет және спортты дамытуға 2022-2024 жылдары 412 миллиард теңге шығындалмақ. Соның ішінде 2022 жылы – 173 миллиард теңге бөлініп отыр. Бұл қайта азайтылғаны. Бұрын бұдан артық соманың өзі жалғыз спорттың жұмырығына жұқ болмайтын.

Дегенмен осы миллиардтар да нәтиже әкелмеуі мүмкін. Өйткені министрлік әзірлеген консультативтік құжатта "Спортты дамыту жүйесінің қолданыстағы архитектурасы тиімсіз" екені атап айтылған. Сондай-ақ ол жүйе "өмір шындығынан алыс жатыр, оған сәйкеспейді". Себебі ведомствоның байламынша, бюджеттен қаржыландырылатын "олимпиадалық емес спорт түрлерінің саны жыл сайын артып барады".

Сонымен қатар құжатта айтылғандай, республикалық, аймақтық және жергілікті деңгейлерде сан түрлі, қаптаған спорт федерациялары мен бірлестік-қауымдастықтары құрылған және олардың саны ары қарай өсуде. Олар да мемлекеттік тапсырысты – миллиардтаған қаражатты игереді.

"Бұл саналуан федерациялар мен бірлестіктер санының көбеюі қазақстандық спортшылардың осы спорт түрлері бойынша қол жеткізген көрсеткіштері мен жетістіктерінің артуына ұласпады. Мәселен, Есеп комитетінің тексеруі көрсеткендей, 2000-2021 жылдар аралығында Олимпиада ойындарына ұлттық құрама командалар жеңіп алған лицензиялардың саны 111-ден 98-ге дейін, ал оларға қатысатын спортшыларымыздың саны – 130-дан 97-ге дейін кеміп кеткен. Сорақысы сол, олимпиадаларда спортшыларымыз иеленген алтын және күміс медалдар саны тиісінше 43%-дан және 57%-дан – бірден 0%-ге дейін құлдырады", – деп мәлім етті Мәдениет және спорт министрлігі.

Бұл ретте тек 2018-2020 жылдары ғана барлық спорт түрлерін дамытуға бюджеттен 646 миллиард теңге шығындалған. Алайда оның 72%-ға жуығын – футбол, баскетбол, теннис сияқты басымдықты емес, әрі жаһандық жарыстарда медаль әкелмейтін спорт түрлері қанжығалап кетіпті. 

Жалпы федерациялармен бұрынғы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова да күресіп көрді. Спортқа бюджеттен бөлінетін жүздеген миллиард қаржыларды жәукемдейтін жеке тұлғалар мен жекеменшік ұйымдарды ығыстыру үшін арнайы заң жобасын дайындап, ілгерілетуге тырысты. Алайда жағдайды тек "қасіретті қаңтар" оқиғалары ғана түзете алды. 

Ақпарат құралдары мен спорт сарапшыларының айтуынша, мысалы, Ұлттық олимпиадалық комитет 2018 жылдан бері бюджеттен спортқа бөлінген қаражаттарды бөлумен айналысып келді. Министрліктің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті мемлекеттік қаражатты ҰОК-қа аударатын және тек тапсырыс беруші рөлін ғана атқарды. Ал 2022 жылғы сәуірден бастап комитет ҰОК арасындағы бұл келісімшартын бұзған. Осылайша, билік спортқа бағытталған миллиардтарды мемлекеттік бақылауға алуға күш салуда. "Азаттықтың" хабарлауынша, комитет контрактінің 1 сәуірден бастап бұзылатыны туралы 28 қаңтардағы ресми хатында бұл шара "Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес қабылданып отырғанын" көрсеткен. Өзара келісімнің спорт комитетінің ұсынысымен бұзылатынын басылымға ҰОК спорт дирекциясының басшысы Елсияр Қанағатов та растаған екен. 

Қалай болғанда, Абаевтың командасы "Қазақстанда спортты дамыту жүйесінің қолданыстағы архитектурасын терең қайта құрылымдауды" бастады. Бұл ісін заңдастыру үшін министрлік "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, мәдениет және архив ісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын әзірлеп шықты. 

Қайта құрылымдау "бірнеше негізгі бағыттар бойынша" жүзеге асырылады.

  • Біріншіден, барлық спорт федерацияларының, соның ішінде республикалық, облыстық және жергілікті деңгейдегі кәсіби спорт федерацияларының қызметі оңтайландырылады. 
  • Екіншіден, аккредиттелген спорттық федерациялары және кәсіби спорт клубтар өздеріне түскен қаржыландыру бойынша министрлік пен спорт комитеті алдында енді ұдайы есеп беруге міндеттеледі.
  • Үшіншіден, министрлік бюджеттік емес қаржыландыруды да бақылауға ниетті. Спортты дамытуға демеушілік-спонсорлық көмек қаражатының көлеміне, кімнің атына және қандай бағыттарға бөлінетініне келісім беру және мониторинг жүргізу механизмі енгізіледі.
  • Төртіншіден, жазаның жаңа түрі енгізілмек: жергілікті әкімдіктер мен шенеуніктер республикалық және аймақтық спорт түрлерінің басымдылық тізімдерін сақтамаса, сол үшін жауапкершілік арқалайды. 

Мәселен, Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтің дерегінше, кәсіби клубтарға 2022 жылы 81 миллиард теңге, ал бұқаралық спортқа небәрі 1 млрд 370 млн теңге бөлінген екен. Яғни, "келімсек легионерлерге өз халқымызға қарағанда 80 еседей көп ел қаржысы шығындалады". Бұл сома оңтайландырылуда. 

  • Бесіншіден, министрлік мемлекеттiк қолдау шараларын өрістету мақсатында "спорттың ел мен қоғам мүддесi үшiн басымдылығы мен маңыздылығын анықтау тәсiлдерiн" өзгертеді.
  • Алтыншыдан, спортшылар мен жаттықтырушыларды материалдық және материалдық емес ынталандыру, сыйақы беру тәсілдері күшейтіледі.
  • Жетіншіден, заманауи тенденцияларға, мүмкіндіктер мен сын-қатерлерге жедел ден қою мақсатында дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік реттеу жүйесі икемді етіледі.
  • Сегізіншіден, "бюджеттік және бюджеттен тыс қорларды жоспарлау, қаражатты жұмсау және есеп беру бөлігінде дене шынықтыру және спорт саласының ашықтығы мен есебін арттыру" көзделген. 
  • Тоғызыншыдан, кәсіби спорт клубтарының қызметі заң жүзінде ретке келтіріледі.

Бұдан бөлек, бас жаттықтырушыларды тағайындау тәртібін өзгерту, спорт объектілерін жекешелендіруге тыйым салу қарастырылған. Спорт түрлерінің нәтижелері бойынша спорттық федерацияларға бөлінетін бюджеттік қаражаттың орынды қолданылуына мониторинг жүргізіледі. Әр федерация көрсеткен нәтижесіне қарай қаржы алатын болады. 

Ең бастысы, министрліктің мәлімдеуінше, "бюджеттік заңнамада мемлекеттік тапсырмаға жатқызылатын тапсырыстар қатарынан делдалдар – Ұлттық олимпиадалық комитет және Паралимпиадалық комитет алып тасталады".

Егер мұның бәрі көзбояу болып шықпаса, Жаңа Қазақстанда спорт саласы да біршама тазаруға тиіс.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу