АЭК-терді бірігуге мәжбүрлемек

Ирина Севостьянова Ирина Севостьянова
1775

Парламент электр энергетикасы заңына электр желілік компанияларға қатаң талап қоятын түзетулер енгізді.

АЭК-терді бірігуге мәжбүрлемек

Бейсенбі күні пленарлық отырыста депутаттар "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды екінші оқылымда қабылдады. Заңға енгізілген толықтырулар электр желілік компанияларына қатысты талаптарды айтарлықтай өзгертіп, оларды бірігуге мәжбүрлейді.

Заңға енген түзетулерді таныстыру барысында энергетика министрі Қанат Бозымбаев еліміздегі нарықты ырықтандыру нәтижесінде электр энергиясын беру бойынша қызмет көрсететін ұйымдардың қатары артып отырғанын атап өтті. Қазір олардың саны 160 болған. Десек те, елімізде 2351 шақырым желі қараусыз қалған.

Бұл мәселені компанияларды нығайту және қараусыз жатқан желілерді сенімді басқаруға беру мүмкіндігі арқылы шешу ұсынылып отыр. Ол үшін  ірілендіру мақсатында өзінің электр желілерін сатуға, сенімгерлік басқаруға беруге немесе ақысыз беруге ниет білдірген меншік иелері электр желілерін ешқандай кедергісіз тапсыруды қамтамасыз ететін ереже енгізілгелі отыр. Сонымен бірге энергетика министрі "энергия беруші компанияларға заң негізінде біліктілік талаптары енгізіліп жатқанын, ал осы талаптарға сай келмейтін компанияларды талапқа сай компаниялар құрамына біріктіру арқылы ірілендіруді ынталандыруы керектігін" айтты. Бекітілетін біліктілік талаптары компанияға шығын әкелетіндіктен, оны кезең-кезең бойынша енгізу ұсынылып отыр.

Алғашқы кезең 2018 жылдың қаңтарына дейін энергия беруші компанияларда диспетчерлік технологиялық басқару болуы керек. Ал екінші кезең – 2020 жылға қарай олар өздерінің қызметін оқыған және аттестациядан өткен, еңбек қауіпсіздік техникасын білетін қызметкерлермен, арнайы киім, жеке және ұжымдық қорғану құралымен толықтыруы керек. Олар 2022 жылға дейін жүйелік оператор мен аймақтық электр желілері компанияларында орнатылған жүйелермен бірдейлікті қамтамасыз ететін коммерциялық есеп жүргізетін автоматты жүйемен, телекоммуникация жүйесімен  жабдықталуға тиіс.

"Бұл талаптарды орындау біз ойлағандай оңай емес, – деді энергетика министрі. – Сондықтан бұл бес жыл уақытқа созылады, себебі бұған көп қаражат салу керек. Егер бүгінгі таңда Қазақстанда шамамен 160 ұйым бар болса, оның ішінде тек 19 АЭК пен KEGOC-тың жүйелік операторы ғана талапқа сай. Орта және шағын ұйымдар ішінде тек 14-і ғана талапқа сай, ал шамамен 99 компания бұл талапқа сай емес".

Ақыр соңында министрліктегілер ойластырғандай, 2019 жылға дейін 27 компания ірі кәсіпорындар құрамына кіруге тиіс. Ал бұл олардың өздері үшін тиімді болады деп атап кетті энергетика министрі.

"Олар біліктілік талаптарын орындамауы мүмкін, бірақ бұл олар жұмысын тоқтады деген сөз емес. Бірақ тарифпен айналысатын өкілетті орган тариф деңгейін  қазіргіден өзгертіп жасап береді, ал ол бойынша жұмыс істеу оларға тиімсіз болады", – деп нақтылады ол.

Сондай-ақ  мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындар желісін АЭК басқаруына беру заң жүзінде бекітіледі.

Қараусыз желілерге қатысты мәселе де бір уақытта шешілгені дұрыс.

"Жергілікті атқарушы органдардың мәліметі бойынша, мұндай желілердің ұзындығы 2351 шақырым. Бұған қоса 631 трансформаторлық қосалқы станция бар. Бұл желілер мәселесінің бір шешім таппай отырғанына да ұзақ уақыт болды. Аймақтық электр компаниялары мұндай желілерді қабылдауға қызығушылық танытып отыр, өйткені оларға қызмет көрсету көбінесе сол АЭК-тің мойнында. Бір жағынан, АЭК-те салық төлемдерін төлеуге қатысты туындап отырған шығындарды жабатын қаражат жоқ.  Осыған байланысты мемлекеттік мүлік туралы заңға тиісті өзгертулер енгізу арқылы қараусыз деп танылған электр желілерін беру құралы қарастырылуда", –деп түсіндірді Қанат Бозымбаев.

Сонымен бірге өз балансына осындай желілерді қабылдайтын энергия ұсынатын ұйымдар корпоративтік табыс салығы мен мүлікке салынатын салықты төлеуден босатылады.

Гүлназ Ермағанбетова, Ирина Севостьянова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу