Араб шейхтары Қазақстанда дуадақ аулай алмайтын болды

6253

Табиғатты қорғауға жауапты мемлекеттің сол табиғат перзенттерін қыруға лицензия беруі гуманизм мен адамгершілікке жатпайтынын билік енді ғана түсініп отыр. 

Араб шейхтары Қазақстанда дуадақ аулай алмайтын болды

Жылда күз түсе, араб шейхтары саятшылық жасау үшін қазақ еліне аттанатын. Аң аулау маусымы әр жылда әр мезгілде басталады. 2019 жылы оларға 10 қазан мен 15 қараша аралығында қыран құс салуға мүмкіндік берілді. 2020 жылы және 2021 жылы бұған 1 қыркүйек пен 15 қараша аралығы белгіленді. Аңшылық маусым араб байларының қашан қолы тиетініне қарай белгіленетін болса керек. Ал аңшылық жасау уақытының ұзақтығы күрт артты.

Үкімет осы мақсатта "Жек дуадақтарды аулауды жүргізу туралы" деп аталатын арнаулы қаулысын жылда қабылдайды. Оның үстіне Мамин Үкіметі шейхтардың аулауына рұқсат етілетін дуадақтар санын да күрт өсірді. Мысалы, былтыр VIP-аңшыларға "Жусандала", "Оңтүстік Қазақстан", "Арыс", "Қарақтау", "Кендірлі-Қаясан" республикалық маңызы бар қорық аймақтарында және "Аңдасай" табиғи қаумалы аумақтарында 413 жек-дуадақты жайратуға мүмкіндік жасау жоспарланды. Салыстырсақ, 2016 жылы жалпы саны – 174, 2019 жылы – 276, ал 2020 жылы – 359 жек дуадақты жусатып салуға құқық берілген.

Былтыр Біріккен Араб Әмірліктерінің шейхы Халифа Бин Заед Әл Нахаянға Түркістан облысындағы республикалық маңызы бар "Арыс" және "Қарақтау" мемқорығы аймағында – 97, ал Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарындағы "Оңтүстік Қазақстан" мемлекеттік қорығы аумағында – 99 жек дуадаққа қыран құс салуына рұқсат етілді. БАӘ шейхы Сурур Бин Мұхаммед Әл Нахаянға Маңғыстау облысындағы "Кендірлі-Қаясан" мемлекеттік қорығы аймағының аумағында – 52, ал әмірліктердің тағы бір шейхы Сеиф Бин Мұхаммед Әл Нахаянға дәл осы аумақта –  51 жек дуадақ аулауына жол ашылды. Катар шейхы Джасем Бин Хамад Бин Халифа Әл Таниге Жамбыл облысындағы "Аңдасай" табиғи қаумалының аумағында – 34 және Алматы және Жамбыл облыстарындағы "Жусандала" мемқорығы ішінде 80 жек дуадақ ұстауына мүмкіндік берілді.

Шалқыған шейхтардың бәрі құс салып, аң аулау үшін қазақ еліне өз ителгілерімен (балабан) келетін. Сондықтан Үкімет қаулысында Қазақстанға арабтардың сұңқар құстарының әкелінуіне де рұқсат берілді.

Аңшылыққа аттанатын арабтың мәртебелі меймандарын дұрыстап қарсы алып, күту үшін Үкімет арнайы қаулысының жобасын әзірлеп, онда Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарының әкімдеріне шетелдік қадірменді қонақтарды лайықты қабылдауға тапсырма беретін. Осы қаулы жобасы қоғамдық талқылауға шығарылған сайын теріс тірлік қазақстандықтардың кері реакциясын тудырушы еді. Азаматтар Қызыл кітапқа енген, қатары онсыз да азайып бара жатқан құс түрлерін билік жатжұрттық ауқаттылардың аңшылық құмарлығының құрбандығына айналдырғанына кіжінетін.

Өйткені егер қаражаты таусылып, қарны ашқан ауыл тұрғыны сол дуадақты ұстап алып, жеп қойса, онда мемлекет оны қудалап, жазалайды. Қостанай облысында Жангелді аудандық соты Қызыл кітапқа енген құстың 2 данасын атып алып, жегені үшін 31 жасар жергілікті тұрғынды Қылмыстық кодекстің 339-бабымен соттап, екі жылға бостандығын шектеді, сонымен қатар осы мерзімге оның үстінен пробациялық бақылау орнатты, сондай-ақ одан мемлекет пайдасына 453 800 теңге шығын өндірілді.

Ал дуадақты ителгісімен арабтар ұстап алса, олар тек 260 айлық есептік көрсеткіш немесе 689 мың 260 теңгеден ақы төлейді. Қылмыстық қудаланбайды.

Сонымен биыл Смайылов Үкіметі ширек ғасырдан астам уақыт бойғы дәстүрді бұзды. Жаңа Қазақстан "Жек дуадақтарды аулауды жүргізу туралы" қаулысын қабылдамады.

Дегенмен экобелсенді Вадим Бойченко Үкіметтің бұл "батылдығының" бір сырын ашты. Пандемия басталғалы, 2020-2021 жылдары Біріккен араб әмірліктері мен Катардан VIP-тұлғалар Қазақстанға онсыз да келмей қалыпты. Ал биыл оларды қаңтар оқиғалары үркітті деген сөз бар. Олар Қазақстан орнына енді Өзбекстанға және Пәкістанға баруды қолай көреді. Тиісінше, Әлихан Смайылов бәрібір доғарылған дәстүрді "тиғандай" болып отыр.

Бірақ Үкімет арабтардың Қазақстанда саятшылық жасауына биылға ғана емес, мәңгілікке тыйым салуды ұсынып отыр.

Бұл үшін ұлттық заңнамаға түзету енгізу қажет. Әйтпесе, 2004 жылғы 9 шілдедегі "Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы" заңында араб шейхтарына дуадақты қыруға мүмкіндік беретін бір қулық жасырылған. Мысалы, заңның "Жануарлардың сирек кездесетін және Құрып кету қаупі төнген түрлерін қорғау" атты 15-бабында "жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлері Қазақстанның Қызыл кітабына енгізіледі" деп дұрыс жазылған.

Бұған қоса ол жануарларды қорғауды мемлекет жүзеге асыратыны атап көрсетілген. Жеке және заңды тұлғалар да оларды қорғауға бағытталған шаралар қолдануға міндеттелген. Дегенмен ізінше, осы баптың 3-бөлімінде Үкіметке жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын табиғаттан алып қою құқығы беріледі. Бұл қажетті шара: олардың кейбір түрлерін, айталық, бірнеше қырғауылды мемлекет ұстап алып, қамауда жүздеп көбейтіп, жыл сайын бостандыққа шығарады. Алайда осы қатарға аңшылық та қосылып кетті.

Мысалы, қолданыстағы "Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы" заңының 15-бабына сәйкес, Қызыл кітапқа кірген жануарларды келесі мақсатта табиғаттан алып қоя алады:

1) Ғылыми, өсімін молайту, коммерциялық мақсаттарда арнайы жасалған жағдайларда өсіру, сондай-ақ кейіннен мекендеу ортасына жіберу үшін жүзеге асырылады;

2) Аңшылықтың ұлттық түрлерін дамыту;

3) Ғылыми зерттеулер;

4) Селекция.

Әділет министрлігі "Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасы аясында осы 2-тармақты жоюды ұсынып отыр. Себебі министрлік мұны нонсенс, қайшылық деп санайды.

"Бір жағынан заң арқылы мемлекетке, жеке және заңды тұлғаларға жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерін қорғау жүктелген. Ал екінші жағынан, заң Үкіметке аң аулаудың ұлттық түрлерін дамыту мақсатында деген сылтаумен жекелеген адамдар үшін Қызыл кітаптағы жануарларды алып қоюға мүмкіндік береді. Яғни мемлекет аң аулаудың ұлттық түрлерін сирек және құру алдында тұрған жанарларды жою арқылы дамыту саясатын жүргізеді. Бұл гуманистік көзқарасқа сәйкес келмейді. Осы айтылғандарды ескере отырып, Үкіметтің рұқсат беру туралы шешімі қабылданатын ерекше жағдайлардың ішінен аң аулаудың ұлттық түрлерін дамытуды алып тастау керек деп санаймыз", – деп дәйектеді Әділет министрлігі.

Ведомство бұл тыйым араб шейхтарына қатысты екенін ашық айтты: дәл осы нормаға сәйкес жыл сайын, Үкіметтің шешімімен, әрі ерекше жағдайлар түрінде Біріккен Араб Әмірліктерінің, Катардың жеке тұлғаларына аң аулаудың ұлттық түрлерін дамыту құқығын беретін Үкімет қаулылары қабылданып келгенін атап өтті.

Қалай болғанда, араб шейхтарына Қызыл кітап өкілдерін жүздеп қыруға тыйым салынса, бұл халықтың ашынысын туғызатын тағы бір әділетсіздікті жойып, Әділетті Қазақстанды құруға кірпіш болып қаланар ма еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу