Әрбір пәтер иесін "жылататын" бастама күшіне енеді

2237

Ел Парламенті құптаған, ПИК/КСК мен МИБ/ОСИ кондоминиумды басқару тарифтерінің өсуіне жол ашатын жаңа заңдар өмірге жолдама алды.

Әрбір пәтер иесін "жылататын" бастама күшіне енеді Фото: chatgpt

Депутаттық корпус каникулға кеткені мәлім, қалаулылар қазіргі кезде жағасы жайлауда, үлкен бөлігі шетелге шығып, қамсыз тынығады. Алайда дәл осы кезде олардың сайлаушыларының көңілін май ішкендей кілкітетін жайт орын алуда.

15 шілде күні депутаттар бастамашы болған заңнамалық пакет өмірге жолдама алды. Топтамаға 3 заң кіреді.

Бұлар – "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, кәсіпкерлік және экспорттық-кредиттік агенттіктің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңы, "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" кодексіне (Салық кодексі) және оны қолданысқа енгізу мәселелері бойынша ҚР заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңы, сондай-ақ "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңы.

Заң ресми жарияланған күннен 60 күн өткенде, яғни, биылғы 13 қыркүйекте қолданысқа енгізіледі. Бұлар толыққанды күшіне енген соң, қаладағы баспанаға қатысты жаңа ережелер қолданыла бастайды.

"Крыша.kz" түсіндіруінше, пәтері бар азаматтардың бәрінің әмиянына қосымша жүктеме түседі. Себебі, жаңа заңдар ПИК/КСК, МИБ/ОСИ, басқарушы компаниялардың тарифтерін айлық есептік көрсеткішке (АЕК) байлайды.

Ал, кейінгі кезде АЕК жылына ең құрығанда бір рет, кейде екі рет өсіп тұрады. Егер 2018 және 2019 жылдары өзгеріссіз қалып, 2 525 теңгені құраса, 2020 жылы 2 рет өсіп, 1 қаңтарда – 2 651 теңгеге, 1 сәуірде – 2 778 теңгеге дейін артып шыға келді.

2021 жылғы 1 қаңтардан – 2 917 теңге, 2022 жылғы қаңтардан – 3 063 теңге, 2023 жылғы қаңтардан – 3 450 теңге, 2024 жылғы қаңтарда – 3 692 теңге, 2025 жылғы қаңтардан – 3 932 теңге болып, үнемі ұлғаюда.

Тиісінше, "эксплуатациялық шығындар", "жинақтаушы жарна", жөндеу және басқасы үшін талап етілетін ақы жылына бір-екі рет автоматты түрде көтеріліп тұрады. Ол үшін тұрғындардан рұқсат сұралмайды. Депутаттар мұны "индексация" деп атады.

"Осылайша, бұдан былай қалаларда тұрғын үйлерді күтіп ұстаудың ең төменгі тарифтері АЕК-ке телінеді. Бұл дегеніміз, үйді басқару және күтіп ұстау тарифтері, яғни, түбіртектегі "ОДН", "Расходы на содержание жилья", "Эксплуатационные расходы" және басқа жолдарда көрсетілетін сомалар АЕК-пен бірге автоматты түрде өсіп отырады деген сөз. Сол тариф әрбір пәтердің ауданына шақталып, тиісті төлемі есептеледі", – деді сарапшылар.

Депутаттар осы арқылы тұрғын үйлерді апаттық жағдайға дейін жеткізбеудің қамын жасап отырмыз дейді. Алайда мұнда көп нәрсе ПИК не МИБ басшылығының біліктілігі мен адалдығына байланысты болады.

"Бүгінде, ескі заң бойынша МИБ, ПИК-тер қызметінің ең төменгі тарифтерін мәслихаттар бекітеді. Соған сүйене отырып, бұл бірлестіктер мен кооперативтер төл тарифтерін қалыптастырады. Алайда тәжірибеде мәслихаттар минималды тарифтерді дер кезінде қайта қарап, көтеруге құлықсыз. Содан бұрынғы тарифтер ұзақ жылға қалады. Ол тарифтердің шегі тым төмен және кейде кондоминиум объектісін басқару шығындарын да өтемейді", – деді Мәжіліс депутаты Дмитрий Колода.

Аталған заңның бір авторы, мәжілісмен Екатерина Смышляева да осы дәйектемені алға тартты.

"Қазіргі заңнама бойынша минималды тарифтерді мәслихаттар бекітуге тиіс. Алайда мәслихаттар мұндай қадамнан ат-тонын ала қашады. Өйткені егер ең төменгі тарифті үлкен мөлшерде бекітіп берсең, ертең сайлаушылар: "оу, мынауың не?" деп сұрайды ғой. Сондықтан мәслихат депутаттары бұл тарифті көтеру мәселесін ұзақ жылға созады. Тіпті жоғарылатып бекітіп бергеннің өзінде біраз жыл ол мәселеге енді қайтып оралмайды. Мұндай минималды тарифтерге үйді ұстап тұру өте қиын!" – деген Смышляева сол себепті минималды тарифтер АЕК-ке байланғанын жеткізді.

Сонда, депутаттың тұжырымдауынша, кондоминиумды басқару ақысының ең төменгі шегі жыл сайын автоматты түрде индексацияланып, көтеріліп отырады. Бұған қоса, мәслихаттар да осы мәселеге мойын бұрып, жыл сайын АЕК-пен бірге көтерілетін тарифті өз бетінше тағы да көтеріп бере алады.

Депутаттар сондай-ақ тұрғындардан жиналатын алымдарды заңмен бекітті, яғни, оларды төлеу енді міндетті болады. Бұларға – нысаналы (целевые) және жинақтаушы (накопительные) жарналар жатады.

"Жаңа заңда тұрғын үй төлемдерінің жүйесі нақтыланды. Оған сәйкес, ағымдағы және жинақтаушы жарналар барлық меншік иелері үшін міндетті болады. Ал, нысаналы-мақсатты жарналар жалпы жиында анықталады", – деді мәжілісмен Юлия Кучинская.

Жаңа заң бойынша Қазақстанда кондоминиумды басқарудың екі түрі ғана қалады, бұлар ‒ мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ, заңда – мүліктің меншік иелері бірлестігі) және тікелей бірлескен басқару (ТББ).

Жай серіктестіктер жеке нысан ретінде заңнамадан жойылды, бірақ іс жүзінде басқарудың екінші нысаны түрінде өз жұмысын жалғастыра алады. Басқару субъектілерінің үш түрі қолданылады, бұлар:

· басқарушы компания;

· кәсіби басқарушы;

· пәтер иелерінің кооперативі.

Тіпті ПИК/КСК жалдау үшін МИБ құру қажет.

МИБ біріншіден, жұмысшыларды жалдап, тұрғын үйді өз бетінше басқара алады. Ол үшін штат құрады және төрағаны тағайындайды.

Егер оған күші-біліктілігі жетпесе, МИБ басқарушы компаниямен немесе басқа ПИК-пен келісім бекітіп, соның қызметін жалдайды.

Ал, егер көпқабатты үйдегі пәтер саны 36-дан аспаса, онда тұрғындар ТББ нысанында өз үйін тікелей өздері басқара алады. Ол үшін МИБ сияқты заңды тұлғаны тіркеудің де, сондай-ақ тұрғындардың ортақ жарнасы сақталатын жеке банк шотын ашудың да қажеті жоқ. Нақты қажет болғанда, тұрғындар ұйымдаса кетіп, өзара жарна жинайды, жөндеуді ұйымдастырады.

Дегенмен, егер үйде пәтер саны 36-дан артса, мысалы, иесі бір пәтерін екіге бөлсе, әрі қарай тұрғындар ПИК немесе басқарушы компания түріндегі кәсіби субъектімен келісім бекітуге, соның қызметін жалдауға міндетті болады.

Бұрын "жойылады" деген ПИК-тер бұдан былай басқарушы компаниялармен тең жағдайда, басқару субъектісі ретінде жұмыс істей алады. Мысалы, бір тұрғын үйдің ПИК/КСК-сы көрші немесе сол шағын аудандағы басқа тұрғын үйлерді де қанатының астына алып, оларға қызмет көрсете алады.

Тиісінше, өзін жалдаған тұрғын үйді тап-тұйнақтай тазалықта, абаттанған күйде, жақсы күтіп ұстайтын ПИК-терді өзге үйлердің тұрғындары келісімшарт бойынша жалдай алады.

Бұл үшін үй тұрғындары жиын өткізіп, МИБ аясында ортақ шешім қабылдауы қажет. Жарнаның жұмсалуының ашықтығын қамтамасыз ету үшін ПИК-тер өз қарауына алған әрбір үйге жеке банк шотын ашуға міндеттенеді.

Жаңа заңға сәйкес, ПИК, МИБ, басқарушы компания қызметтері үшін қарыз болып қалған тұрғындардың берешегін өндірту мерзімін депутаттар қазіргі 3 айдан 2 айға дейін күрт қысқартты.

Яғни, егер шетелде жүріп, не ауырып қалып, не басқа себеппен ең құрығанда 2 ай төлем төлей алмай қалсаңыз, басқарушы не төраға нотариуске жүгініп, барлық банктік шоттарыңыз бен карталарыңызды бұғаттап тастай алады. Тек қарызыңызды төлегеннен кейін ғана қаржыңызды "тұтқыннан" босатады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу