Арқалық пен Торғай өңірінің дамуына тың серпін берілуі мүмкін

4519

Бокситті шикізат күйінде шетелге сатуға ішінара тыйым салынады деп күтілуде. 

Арқалық пен Торғай өңірінің дамуына тың серпін берілуі мүмкін Фото: tobyl-torgai.kz

Қостанай облысы – тек аграрлық қана емес, еліміздің аса ірі тау-кен өндіруші өңірі. Бокситтер мен асбесттің, темір кенді шекемтастардың республикалық көлемінің 100%-ы, темір кенінің 60%-дан астамы осы бір ғана облысымызда өндіріледі.

Дегенмен, 1997 жылы оған қосылған Торғай өңірінің және оның басты қаласы Арқалықтың экономикасы бірінші кезекте боксит өндірісіне тәуелді еді.

Құла медиен далада осы қаланың тұрғызылуына түрткі болған Торғай боксит кен басқармасы пайдалы қазбаның түгесілуіне байланысты жұмысын 2021 жылдың аяғына дейін толықтай тәмамдайтыны айтылып келді. Алайда пандемия басталғанда, күрт нашарлаған әлемдік экономикалық ахуалдың кесірінен кәсіпорын өз қызметін жоспарланғаннан бір жыл бұрын аяқтапты. Арқалық қаласы әкімдігінің Экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Наталья Гайдаренконың айтуынша, Торғай боксит кен басқармасының "Қазақстан алюминийі" АҚ филиалының тау-кен өндіру кәсіпорны өз қызметін 2020 жылы толық тоқтатты.

Онда еңбек еткен 500 адам өзге салалардан жұмыс іздеуге мәжбүр болған.

Жалпы, геологтар қала маңындағы боксит қоры 2016 жылы бітеді деген болжамын бұрын жария етті. Алайда ел Үкіметінің тапсырмасымен, кәсіпорынның қызметін тоқтатпау үшін компания өндірістің жылдық мөлшерін азайтып, жабылар күнді барынша кейінге қалдырып, созуға тырысты. Қазба жұмыстары пандемияға дейін қатты шектелгенімен, кәсіпорында біраз жұмысшы өндірілген боксит пен отқа төзімді сазды тиеп жіберу, кәсіпорынның активтерін сақтау, күзету, кәсіпорынды қуатпен қамту мен қауіпсіздік шараларын атқарып келді.

Жұмыссыз қалғандардың шағын бір бөлігі ERG-дің басқа филиалдарына ауысқан. Мысалы, Краснооктябрь боксит кен басқармасында, ССКӨБ, "Шұбаркөл көмір" АҚ-ында вахталық әдіспен жұмыс істеп жүрген көрінеді.

Әйтсе де, "жаңа Қазақстанның" ERG алпауытына көңілі толмай тұр. Себебі, ол ұзақ жылдар бойы бокситті терең өңдеуге көп мән бермей, негізінен шикізат түрінде сыртқа шығаруда екен. 

Ел Үкіметі өз міндеттемелерін орындамаған жер қойнауын пайдаланушылармен жасалған келісімшарттарды, лицензияларды қайта қарау және бұзу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Нәтижесінде,   уәкілетті органдар 118 келісімшартты бұзыпты. Соның ішінде 19 келісімшарт – 2023 жылдың басынан бері доғарылған. Бұдан бөлек, қатты пайдалы қазбалар бойынша 245 лицензияны (2023 жылдың басынан бері – 42 лицензияны) бұзды.

Таяуда Үкімет соның аясында мұнай, алтын, көмір, темір, мыс, полиметалдар сыртында, бокситтердің кен орындары да мемлекеттік қорға қайтарылғанын хабарлады. Қандай кен орындары тартып алынғаны нақтыланбады. Бір белгілісі, олар кейіннен жаңа инвесторларға беру үшін ашық аукционға шығарылатын болады. Сонда бәлкім, ERG алпауытына бәсеке кәсіпорын құрылып қалар.

Осы арқылы билік пайдалы қазба өндірушілермен әңгіме басқаша болатынын білдірді.

Экономиканың ұстынына айналуға тиісті өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқынының тым төмендігі, экономиканың шикізатқа тәуелді болып қалуы Мемлекет басшысына ұнамай тұр. Мәселен, жер астынан шығарылған шикізатты сол күйде шетелге жөнелтпей, өзімізде өңдесе, отандық өңдеу өнеркәсібі серпінді дамитын еді.

Дегенмен, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің түсіндіруінше, шикізатты өндіретін компаниялар минералды өзімізде өңдеуге ықыласты емес. Оларды осыған иліктіру үшін табанды талап қойылуы шарт.

"Мысалға алюминийге қатысты жағдайды алайық. Қазақстанда Пайдалы қазбалар қорларының мемлекеттік есебінде 27 боксит кен орны тіркелген. Мұндағы 15 кен орнының барланған қоры 291,7 миллион тонна бокситті құрайды. Бокситтердің барлық өнеркәсіптік маңызды кен орындары Қостанай облысындағы бір ғана Торғай боксит провинциясында шоғырланған. Қазақстанның бүкіл боксит қорының 97,4%-ы осы Қостанай облысына тиесілі. Қалған 2,6%-ы Ақтөбе облысында. Бокситтердің негізгі кен орындары: Краснооктябрь, Тауынсор, Шығыс Аят, Көктал, Қарабайтал және Батыс Обаған", – деп хабарлады министрлік.

Ведомствоның мәліметінше, еліміздің жалпы өңдеу өнеркәсібіндегі алюминий саласының үлесі небары 3,2%. Соның өзінде 660 миллиард теңгеге бағаланады. Егер бокситті өңдеу үлесін арттырса, табысы да еселеп өседі.

Алайда бұл сала шектен тыс монополияландырылған: Қазақстанда боксит өндірумен және глинозем жасаумен айналысатын жалғыз ғана кәсіпорын бар, ол – "Қазақстан алюминийі" АҚ. Бастапқы алюминийді де жалғыз кәсіпорын – "Қазақстандық электролиз зауыты" АҚ шығарады. Екеуі де ERG құрамында.

Салада жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны шамамен 10 мың адам.

Министрлік Қазақстанның өзі өндірген бастапқы алюминийдің небары 17%-ын ғана өзінде өңдейтініне назар аудартты. Оның да басым бөлігі экспортқа жіберіледі: бастапқы алюминийдің экспортталған көлемі (реэкспортты қоса алғанда) 2022 жылы 233,4 мың тоннаны құрады.

Министрлік бастапқы металл өндірушілердің отандық өңдеуші кәсіпорындардың қажеттілігін толық өтей алмай отырғанын жеткізді.

Мемлекет өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету үшін 2021 жылғы желтоқсанда "Өнеркәсіптік саясат туралы" заңын қабылдады. Аталған заңның 60-бабына сәйкес, өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті органның (ол кезде ИИДМ) қатысуымен, отандық шикізат өндірушілер мен өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілері арасында Өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету жөнінде келісімдер жасасу тетігі бекітілген еді.

Бұл қалыптасқан жағдайды шамалы түзегенімен, түбегейлі өзгерте алмады. Мәселен, келісімдер аясында 2022 жылы алюминий саласында 7 кәсіпорын 41,5 мың тонна алюминийді қайта өңдеді. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 29%-ға артық. Биыл бұл көлем 57 мың тоннаға жеткізіледі деп жоспарланған.

"Жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан, қазіргі уақытта бұл механизм жеткілікті тиімді жұмыс істемейді. Заң қолданысқа енгізілгелі, мыс және алюминий салаларында небары 23 келісім жасалды. Алайда өндірілген бастапқы металдың басым бөлігі бәрібір экспортқа әкетілуде. Атап айтқанда, бастапқы алюминийдің 93,6%-ы, мыстың 96,6%-ы, қорғасынның 82,9%-ы, мырыштың 88,7%-ы. Олардың бәрін өзімізде өңдеп, дайын өнім шығаруға болар еді. Соның арқасында қосылған құны жоғары тауарлар өндірісі өсіп, ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру қамтамасыз етіледі", – деген түсініктеме берді өнеркәсіп ведомствосының мамандары.

Айталық, егер Торғай өлкесіндегі миллиондаған тонна боксит бұрынғыдай шетелге тасылып, өңірге тек шаңы қалмай, сол жерде өңделсе, жаңа жұмыс орындары құрылар еді. Өңірдің дамуына тың серпін берілер еді.

Министрлік қазақ жерінің астынан қазба байлықты көсіп алып жатқан инвесторларға өңдеу бойынша талап қоятын жаңа заң жобасын пысықтап жатыр.

Ол қабылданса, жер қойнауын пайдаланушылардың келесі міндеттемелері бекітіледі:

  • өнеркәсіпті дамытуға бағытталған шарттар жасасуға міндеттеледі;
  • елішілік құндылықты дамыту, жергілікті мазмұнның үлесін арттыру бағдарламаларын әзірлеп, өңдеуші кәсіпорындармен келісім бекітуге тиіс;
  • кенді қатты пайдалы қазбаларды бастапқы металдар деңгейіне дейін өңдеуі шарт;
  • өнеркәсіптік саясат туралы заңнамаға сәйкес, өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз етуге тиіс.

Өнеркәсіпті дамытуға бағытталған шарттар бойынша жаңа міндеттемелер қолданылатын субъектілердің тізбесін кеңейту ұсынылады. Атап айтқанда, міндеттемелер табиғи монополиялар субъектілері мен жүйе құраушы кәсіпорындарға таратылатын болады.

Министрлік жаңа заң жобасы "Қазақстан аумағында өндірілетін кеннен бастапқы металдар жасауды қамтамасыз етеді" деп сендірді.

Нақтылағанда, Қазақстанда өндірілетін метал кенінің 50%-ына дейін өңдеп, бастапқы металдар шығару, отандық өңдеу өнеркәсібінің қажеттіліктерін толық қамтамасыз ету міндеті қойылып отыр. Кейінгі 10 жылда өңдеу үлесі 80%-ға дейін жеткізілуге тиіс. Содан соң, ғасыр ортасына қарай өндірілген кенді шикізат күйінде экспортқа шығаруға мүлдем тыйым салуға болады: оның бәрі өз елімізде өңделгені маңызды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу