Әуежайдың кодын ауыстыру – есіктің құлпын ауыстыру емес

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
3990

Қазақстан Астана әуежайының кодын ауыстыруға екінші рет талпыныс жасады.

Әуежайдың кодын ауыстыру – есіктің құлпын ауыстыру емес

Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстандағы IATA (Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы) өкілі Джордан Карамалаков abctv.kz-ке ҚР инвестиция және даму министрлігіне дейінгі Қазақстандағы көлік мәселесін реттеген ҚР көлік және коммуникация министрлігі (2014 жылға дейін жұмыс істеді, кейін инвестиция және даму министрлігіне ауыстырылды) бұдан бірнеше жыл бұрын Астана әуежайының кодын (TSE) ауыстыру туралы өтінішпен IATA-ға жүгінгенін хабарлады.

"Астана әуежайының кодын ауыстыру туралы өтінішпен кезінде көлік және коммуникация министрлігі де хат жолдаған болатын. Мұнда қандай әріп қойылмайтыны туралы мәселені шешу керек, себебі кодты өзгерту турасындағы сауал шешілуде. Қолданылып жүрген кодты өзгерту туралы шешім қабылданған соң, нақты қандай код бос екені шешіледі", – деді ол.

Елорда әуежайының кодын өзгерту жөніндегі Қазақстан авиациялық билігінің алғашқы талпынысы сәтсіз аяқталды. Қала мен әуежай атауы Целиноград, Ақмола, Астана деп бірнеше рет өзгертілсе де TSE коды осы күнге дейін қолданылып келеді. Шындығына келгенде, 1990 жылдардың соңына қарай Қазақстан астанасы көшірілген Целиноград қаласын еске түсіретін жалғыз нышан осы болып қалды.

"Біз жауабымызды көлік және коммуникация министрлігіне берген болатынбыз, кодты ауыстыру неліктен мүмкін емес екенін түсіндірдік. Енді екінші мәрте ұсынамыз. Бұл мәселе Қазақстан үшін өте маңызды екенін түсінеміз, сондықтан бұл істі қалай да шешуіміз керек", – деді abctv.kz-ке Джордан Карамалаков.

Кодты ауыстыруға қатысты жаңа талпынысты сарапшы "өте күрделі мәселе" деп бағалап, өз тәжірибесінде мұндай оқиғаның болғанын есіне түсіре алмай қиналды.

"Егер дәл сол әуежай өз кодын алған болса, бұл кодты ауыстыру қиынға соғады", – деді ол.

"Әзірге мұндай жағдай орын алған жоқ. Бұл ертеңге қалдыратын шаруа емес. Ештеңе айта алмаймын. Мәселе өте күрделі. Жалпы оңай шаруа емес", – деді Джордан Карамалаков.

ҚР инвестиция және даму министрлігіне берілетін IATA драфының кезекті жауабы дайын. 22 маусым күні IATA-ның шешімін осы мәселеге жауапты болып жүрген вице-министр Роман Склярға беріледі деп жоспарланып отыр.

Сонымен бірге халықаралық ұйымның Астана әуежайының кодын өзгертуге қатысты пікірі өзгеріссіз қалды.

"Әуежай өзінің атын өзгерте алады. Сондай-ақ қала да өз атын өзгерте алады. Егер әуежай өзінің кодын алған болса, онда бұл кодты өзгерту күрделі. Код бір рет берілгеннен кейін қайта өзгерту мүлде қиын", – деді Джордан Карамалаков.

Алайда сарапшы жұмыс істеп тұрған әуежайдың кодын ауыстыру рәсімі мен мерзімі қандай болатынын нақты айта алмады.

Тұрақты әуехабарламалары үшін жаңа әуежай ашылатын болса, онда әуе айлағына жаңа кодты беру мәселесі бір аптаның ішінде шешіледі. Мұндай жағдай Шығыс Қазақстан облысында Үржар әуежайын іске қосқан кезде орын алған.

"Жаңа әуежай – бұл бір аптада шешілетін мәселе. Мысалы, Үржар әуежайына берілді. Ол кезде мәселе тез шешілген болатын,– деді Джордан Карамалаков. – Ал жұмыс істеп тұрған әуежайға жаңа код беру қиындау".

IATA-дан берілетін әуежай коды үш әріптен тұрады. Сонымен қатар Қазақстан үшін қызығушылық тудырып отырған кодтардың бәрі басқа әуежайларға беріліп қойған. Нади (Фиджи)  халықаралық әуежайы – NAN, Ебадон (Маршалл аралдары) әуежайы – EBN, Нааи (Гайана) әуежайы – NAI.

Еске сала кетсек, үкіметтің қаулысымен Астана халықаралық әуежайы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы деп өзгертілген болатын.

Гүлназ Ермағанбетова, Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу