Ауылда қызметтік баспана салғандарға қанша субсидия төленеді

5578

Субсидиямен қызметтік үй салынатын елдімекенді мемлекет белгілейді. 

Ауылда қызметтік баспана салғандарға қанша субсидия төленеді

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ауылда, кентте, ауылдық округте жалға берілетін үйлер салған жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау қағидаларын бекітетін бұйрықтың жобасын жариялады, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

Стратегиялық субсидия

Ауылды елдімекенде қызметтік баспана салу мәселесі кейінгі бір жылда жиі көтеріле бастады. Оған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауы себеп болған еді. Қаладағы қазақты баспанамен қарық қылмай отырған Үкіметтің ауылға жаны аши қалуының себебі неде деп күмәнмен қарап отырғандар да бар. Оның бір ықтимал себебі Нұр-Сұлтан, Шымкент, Алматы сияқты қалаларда әлеуметтік ахуалдың ушыға  түсуі деуге болады. 2019 жылы Нұр-Сұлтандағы әлеуметтік аз қамтылған жанұяларды Ақмола, Қостанай, Павлодар облыстарына көшіру науқаны жүргені есімізде. Асығыс әрі ықылассыз жасалған бұл шара астанадағы митингшіл көңіл күйдегі адамдардың санын азайта алмады.

Қалаға жайлы тұрмыс, жарқын болашақ іздеп келген ошақтардың санитарлық талап пен тұрмыстық қауіпсіздік стандарттарына қайшы жағдайда күн кешіп жатқаны да жасыруға келмейтін айқын мәселе. Ситерлер отбасының трагедиясы астанадан шалғай жатқан Жамбыл облысында қайталанғанын да ел ұмыта қойған жоқ. Қысқасы, "времянка" жағалаған қазақтардың проблемасы Үкімет үшін уақытша проблема болмай тұр.

Әли Бектаев өткен шақырылымдағы депутаттық мансабы кезінде Өзбекстанмен іргелес ауылдардың мәселесін көтеріп, шекарадағы елдімекендердің еңсесін көтеру керек деп дабыл қаққан болатын. Айтуынша, шекара сызығының ар жағындағы Өзбекстан ауылдары ай санап іргесін кеңейтіп, тіршілік сапасын жақсартып жатса, бер жақтағы ауылдар күн сайын кетеуі кетіп, қатары сиреп жатқан көрінеді. Қытаймен шекаралас өңірлерден Әли Бектаевтай депутат шықпағаны өкінтеді осындайда. Шығыс Қазақстанның бұрынғы Мақаншы, Марқакөл, Тарбағатай, Катонқарағай аудандарында халықтың 60 пайыздан астамы көшіп, ауылдар бақсының моласындай жетімсіреп қалғалы қашан?!

Ауылды мекенде жұмысшыларына баспана салғысы келген кәсіпкерлерді субсидиямен қолдау туралы шешім аталған проблемаға жаны ауыратын талай адамның үмітін оятты.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жариялаған құжатқа сондықтан ерекше маңыз беріп отырмыз.

Үйге қандай талап қойылады?

Сонымен,  ауылды жерлерде жұмысшыларына үй салған жұмыс берушілердің шығындарын республикалық бюджеттен субсидиялаудың негізгі талаптары мынадай:

1. Салынған үйдің жалпы ауданы 100 метрден аспауы керек. Үйдің құны бағалау туралы есеппен айқындалады. Ол есеп бойынша 1 шаршы метрдің құны 100 мың теңгеден аспауға тиіс. Осы талаптың бәрі сақталған жағдайда үй пайдалануға берілгеннен кейін барып жұмыс берушінің үй салуға кеткен шығының 50 пайызы мемлекет есебінен өтеледі. Яғни, 100 шаршы метр үйдің шекті бағасы 10 млн теңгеден аспауы керек. Барлық құжаттары дұрыс болса, мемлекет соның 5 млн теңгесін жұмыс берушіге қайтарып беруге міндетті.

2. Екі және одан да көп пәтерден тұратын үйлер салынған жағдайда дәл осы талаптар сақтласа, 50 пайыздық субсидия төленеді.

3. Ең бастысы, жұмыс берушінің кез келген елді мекенде салған қызметтік баспанасы субсидияланбайды. Яғни, субсидия аймағына кіретін елді мекендердің тізімін мемлекет бекітеді. Әсіресе Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарымен бекітілген агломерациялар құрамына кіретін аудандық, облыс орталықтарында, моно және шағын қалалар мен елді мекендерде, функционалдық қалалық аудандарда салынған үйлерге субсидия төленуі мүмкін емес.  Аумағында жұмыс берушілердің үй салуы жоспарланған ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің тізімдерін жергілікті әкімдіктер бекітеді.

4. Субсидия төлеу мәселесін қарау үшін жұмыс берушілер жергілікті әкімдікке мынадай құжаттарды ұсына отырып жүгінеді:

1) осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жұмыс берушіден өтініш;

2) заңды тұлғаны тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің көшірмесі (немесе жеке кәсіпкерді тіркеу туралы куәліктің көшірмесі);

3) банктен банктік шоттың бар екендігі туралы оның деректемелері көрсетілген анықтама;

4) жұмыс беруші мен жұмыскер арасында 5 (бес) жылдық мерзімге жасалған еңбек шартының көшірмелері.

5. Үй салу кезіндегі растайтын құжаттардың тізбесі:

1) нысаналы мақсаты жеке тұрғын үй салу болатын, жұмыс берушінің атына ресімделген жер учаскесіне меншік құқығын/жер пайдалану құқығын растайтын құқық белгілейтін құжат;

2) аумақтық сәулет және қала құрылысы органымен келісілген нобайлық жоба.

Субсидиялық қолдаумен салынатын үйдің сапасына ұойылатын талаптың тым жалпылама екенін айтпай кетуге болмас. Басты талап ретінде шаршы метрі мен құны ғана нақты көрсетілген. Тұрғын үйдің инженерлік инфрақұрылымға жалғануы, балама энергия көздерімен қамтылуы, автономды жылу жүйесінің да заманауи қондырғалрмен жабдықталуы туралы бір де бір сөйлем жоқ. Осыған қарап аталмыш субсидияның негізгі мақсаты ауылдарды көркейту емес екенін аңғаруға болады.

Жұмыс беруші екі және одан да көп пәтерден тұратын үйлер салған жағдайда, оларға қосымша жобалау-сметалық құжаттама және жобаға ведомстводан тыс кешенді сараптама қорытындысы беріледі;

3) үйдегі үйдің немесе пәтердің құнын бағалау;

4) жұмыс берушінің атына ресімделген объектіні пайдалануға қабылдау актісі;

5) үйге тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) туралы анықтама.

Жергілікті әкімдіктер аталған құжаттардың бәрін 5 жұмыс күні ішінде қарап, нақты шешім шығаруы керек. Егер жұмыс субсидия төлеу туралы өтінімі мақұлдауға жатпаса, оның себебін жазбаша дәлелдеуі керек.

Субсидиялаудан бас тарту үшін мыналар негіз болып табылады:

1) жоғарыда аталған 4 талаптың бірі орындалмаса;

2) анық емес мәліметтер ұсынлыса;

3) үйге тіркелген ауыртпалықтардың болуы.

Жұмыс берушінің шығындары Репуликалық бюджеттен де, жергілікті бюджеттен де өтелуі мүмкін.

Бюджеттік өтінім мақұлданған жағдайда, республикалық бюджет қаражаты есебінен үй салуға арналған шығындарды субсидиялау жөніндегі шығыстар заңнамада белгіленген тәртіппен жалпы бюджеттік өтінімге енгізіледі. Оны уәкілетті орган тиісті қаржы жылдарына арналған республикалық бюджетті қалыптастыру немесе нақтылау кезінде бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға береді. Республикалық бюджет комиссиясы 5 жұмыс күні ішінде жергілікті атқарушы органдарды әрбір облыстың ағымдағы қаржы жылына бөлуге жататын қаражатының лимиттері туралы хабардар етеді. Субсидиялар алу үшін жергілікті атқарушы орган мен жұмыс берушінің арасында 10 жұмыс күні ішінде жалға берілетін үйлерді салу жөніндегі шығындарды субсидиялау шарты жасалады. Бюджет қаражаты түскеннен кейін жергілікті атқарушы орган 5 жұмыс күні ішінде субсидияларды жұмыс берушілердің банктік шоттарына аударады.

Жұмыс беруші салынған үйді немесе үйдегі пәтерді өз жұмыскеріне бес жылдық мерзімге еңбек шарты арқылы жалға береді.  Жұмыс беруші кейін ол баспананы жұмысшының жеке меншігіне сатуға құқылы. Бұл кезде үйдің бағасына мемлекеттен алынған субсидия көлемі әсерт етпеуі керек. Яғни, үйдің бағасы нарықтағы бағаға қарай белгіленеді. Бұл тұста тағы бір ескеретін жайт, жұмыс беруші мемлекеттен субсидия алған сәттен бастап 10 жыл ішінде үйді немесе пәтерді өз иелігінен шығаруға құқығы жоқ. Егер 10 жыл толмай жатып, сатса неме басқа біреуге таыстаса, мемлекет төлеген субсидияны бюджетке қайтаруы керек.

Есжан Ботақара


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу