Осы мәселені мінберлерде ашық көтеріп жүрген Мәжіліс депутаты Анас Баққожаевты inbusiness.kz сайтының тілшісі әңгімеге тартып көрді.
Халық қалаулысына ең бірінші "Сіз үшін қазіргі уақыттағы ауыл шаруашылығының ең маңызды мәселесі қандай?" деген сауалды жолдадық.
Оның сөзінше, біздің бұл салада шетелден аларымыз көп екен.
– Ең маңызды мәселе – кластерлік коперативтік принципті түрде енгізу. Ауыл шаруашылығында соңғы 30 жылда қандай жоба болмады? Бәрі 100 пайыз орындалып кетті деп алмаймын, әлі де қирап жатқан жаңа жобалар көп. Жасалады, құрылады, салынады. Соның ішінде бюджеттің ақшасымен де салынады. 1-2 жылдан кейін қайтадан қаңырап бос тұрады. Неге, өйткені шикізат базасы, қайта өңдеу деген аралықта тұрақтылық жоқ. Әркім өз көрпесін өзіне тартады, әркім өзі пайда тапқысы келеді, жалқы жүргісі келеді. Бұл түсінікті де бір жағынан. Ал шетелдіктермен салыстырсаңыз, бізде олардыкіндей кластерлік жағдай жоқ. Мысалы, Францияның өзінде қызылша өсіретін 12000 шаруашылықтың өз зауыты бар. Демек, олар біздікіндей зауыттың жалғыз қожайынына алақан жайып отырмайды. Олар сатып алу бағасын қауымдастық болып өздері шешеді, сыртқа шығатын болса да, түскен пайдасы арқылы өздерінің сатып алу бағасын жөндейді. Осылай бүкіл мәселесін шешіп қойған. Бізде ауызбіршілік жоқ. Ешқандай кластер де, кооператив те жоқ. Қазір оны қолға алатын күн жетті. Президент айтты "қайта өңдеуді 70 пайызға жеткізіңдер" деп. Оны қалай жеткіземіз? Мен кластерлік кооперативтік принциптерді дамытуды басты мақсат деп есептеймін, – дейді депутат.
Анас Баққожаев бұдан бірнеше жыл бұрын Малшылар слетінде Қазақстандағы төрт түліктің көбі жарамсыз қораларда, салқын не тым ыстық жерде тұрып жатқаны туралы айтқан еді. Жалпы, алғанда шаруашылықтар технологиялармен жұмыс істеуге түпкілікті мамандана алмай келеді. Бірақ, оның себебі де жоқ емес.
– Біз әлі де ірі технологияға қол жеткізе алмай келеміз. Иә, мал ұстайтын ірі шаруашылықтар бар. Мен мұнан бірнеше жыл бұрын Қызылорда облысында өткен Малшылар слетінде айтқан жұмыстарды, мәселелерді атқарған шаруашылқтар бар, бірақ жоғары жетістікке жеттік деп айта алмаймын. Себебі, қазіргі уақыттағы баға өте тиімсіз болып тұр. Осы кезде "сүтті өндіру керек пе?" деп ойланып қалып жатыр. Технология тұрмақ, "ертеңгі күнім қалай болар екен, жалақыны қалай беремін?" деп уайымдап кетті. Себебі, импорт көп. Ресейден, Белорусиядан келетін заттар көп, олардың бағасы арзан. Соның бәрі біздің шаруларды қинап жатыр. Осы тұрғыда технологияны ойлаудың уақыты да, мүмкіндігі де болмай жатыр. Жоғарыда айтқанымдай, біздегі 100-ге жуық ірі шаруашылық бастапқы қадамдарды қолға алды деп айтуға болады. Бірақ әлі де жетілдіруі керек. Мен ойлаймын, бағаның арзандауы осы технологияларды ілгері басуына, жетілуіне себепші болады. Неге? Баға өспесе, тұрып қалса, шаруаның кірісі азаяды, бірақ мұндай жағдайда шаруа "тек орта технологиялардың арқасында жоғары өнім аламын, сол өзіндік шығынын төмендетемін, осы тұрған бағаның өзінде пайда деңгейін көтеремін" деген үміт пайда болады.
Сондықтан да, бәсекелестіктің дамуы, бағаның бір орнында тұруы осы технологиялардың ілгері басуына негізгі сеп болады. Ол қазіргі жағдайда қуанарлық жағдай дей алмаймыз, бірақ дәл осы сәтте жұмысын жалғастырамын, технологияларды біртіндеп түзеу арқылы, өздерінің шығындарын азайтып, табатын маржаны көбейтсе, онда әлі де үміт үзілмейді. Шаруалар қазір жалпы технологияға емес, бағаға мән береді. Баға жоқ болса, өнімін ешкім сатып алмаса, басы сонымен қатып жүреді, – деп қоса кетті Анас Баққожаев.
Inbusiness.kz тілшісі бұған дейін "Далада шашылып жататын мына шикізаттың құны енді шарықтай түсуі мүмкін" деген тақырыпта сараптамалық мақала жазған еді. Онда Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың тұрғындарға жүн мен теріні далаға тастамау туралы ескертуі жазылған. Мәжіліс депутатынан осы мәселенің де жай-күйін сұрап көрдік.
– Шындығын айтсам, Үкіметтің мал-мүлкі жоқ. Халық баяғы Кеңес заманындағыдай "бәрін Үкімет жасауы керек" сияқты ойлайды. Малдың, дүние-мүліктің бәрі – жеке қолда. Иә, мемлекет теріні, жүнді өңдейтін зауыттарды сақтап қала алмады. Бірен-саран ғана бар. Бірақ, олардың жұмысы кенже қалғаннан кейін жүн мен терінің өңдейтін мүмкіндігі азайып қалды. "Мемлекет оны жасай алмады" деп неге біз жеке тұлға ретінде ешкім сатып алмаған жүн мен теріні өртеуіміз, көмуіміз керек? Бұл деген – өте үлкен жауапкершілік. Мал менің жеке мүлкім ғой, одан түсетін пайда менде қалады. Мемлекет жағдай жасамаса да, біз оны неге далаға тастауымыз керек? Ол – ауру таратудың ошағы. Сол себепті, мен ойлаймын әрине мемлекет жүн мен теріні әйтеуір өңдейтін, жарамды ететін кәсіпорындарды дамытуы керек. Десе де, экологиялық мәселелер ушығып тұр. Біз қоқыс тастағанда ақша төлейміз ғой, сондықтан оны арнайы компаниялар алып кетіп, өңдейді. Сол тұрғыдан алғанда, әрине жүн мен теріні тастауға болмайды. Жеке тұлға, мейлі кім болса да. Оны арнайы залалсыздандыру керек. Мемлекет оған арнайы орындар ұйымдастырып жағдай жасауы керек. Малды сойғанда, тері мен жүнді ешкім сатып алмаса, оны арнайы өткізетін жер болуы тиіс. Экологияға зиянын 0-ге дейін түсіру керек. Ал егер ондай жағдай мемлекет тарапынан жасалып, тері мен жүнді тұрғындар далаға лақтырса, айыппұл салыну қажет. Ол жауапкершілікті арттырады, – деді халық қалаулысы.
Анас Баққожаев көтерген депуттаттық сауалдың өзектісі – сатып алу жүйесі. "Біз көп айтамыз, "шаруаларға сатып алу жүйесі керек" деп. Иә, мемлекеттік субсидия, арзан несие бірде бар, бірде жоқ. Ол қатты үміт артатын нәрсе емес" дейді. Яғни, депутаттың пікірінше, шаруалар өндірген өнімін дер кезінде сата алса, оларға үлкен көмек. Сондықтан, бұлжерде Азық-түлік келісімшарт корпорациясының мүмкіндігі көп, бірақ жұмысы әзірше ақсап жатқан көрінеді. Сатып алу жүйесін Президентіміз тапсырғандай, ұлттық компания арқылы жасауға болады. Ауыл шаруашылығының жанашыры оның механизмін де көрсетіп бергенін еске салады.
Шыны керек, "Ауылдарда мал жайылатын жер жоқ" деген пікір жиі айтылады. Кейбір ауылдар жабылып, тұрғындардың көшу үдерісі де байқалады. Бұлжайында депутат бүй дейді.
– Урбанизация міндетті түрде болады. Бұл – табиғи процесс. Адамдардың жайлы тұрмысқа, жақсылыққа ұмтылғаны дұрыс. Бұл – әлемде жүріп жатқан құбылыс. Ауылдың тұрмысын түзеу керек. Ауызсудан бастап, жарық, интернет, т.с.с. Егер ауылдарды қалаға айналдырмасақ, қалалар ертең ауылға айналады. Осы тұрғыда нақты жұмыстар атқарылуы керек. Әлі де қала мен ауылдың арасын салыстырсаңыз, қаладағы бір адамға шаққандағы шығын ауыл тұрғынына қарағанда 20 есе көп. Демек, ауылға 1 теңге берілсе, қалаға 20 теңге беріледі. Әрине, қалаларды дамыту керек. Бірақ, ауылдар – біздің діңгегіміз, түп-тамырымыз. Сол себепті, мемлекеттік саясатта 3500 ауылды қалдырып қойды. Тірек ауылдар бар, серік ауылдар бар солардың барлық саны – 3500. Мемлекеттің қаражаты "Жайлы мектеп", қандай жоба болмасын сол ауылдарға бағытталып жатыр. Ол дұрыс та. Көптеген ауылда, әсіресе Оңтүстіктегі, қала маңында орналасқан ауылдардың жағдайы жаман емес. Бұл жерде шалғай ауылдардың жайы алаңдатады, шекараға жақын ауылдардың халі мүшкіл, – деп сөзін жалғады Анас Баққожаев бізбен әңгімесінде.
Депутат "ауыл мәселесінде жаңа стандартты енгізу керек" деп есептейді.
– Біріншіден, шекара маңындағы 65 аудандағы шекарадан 50 шақырымдық жерлерде біз "шекара маңындағы ауыл" статус енгізуіміз керек. Ол тиісті заңға енуі шарт. Ол бағытта жұмыс істейміз деп ойлаймын. Демек, сондай ауылдарға жағдай жасап, сақтап қалу маңызды. Бұл статус ауыл тұрғындарының көшпеуіне көмектеседі. Ол ауылдар – біздің көзіміз, құлағымыз.
Екінші тірек ауылдарды дамыта отырып, шоғырланған адамдар ауыл кәсібінен ажырамауы керек. Ауыл мен ауыл шаруашылығы – егіз ұғым. Демек, жұмыс беруші шаруа аудан орталығында немесе тірек ауылында отырса да, кәсібі тоқтамауы керек. Өмірі қалада болса да, даладағы кәсібін ешкім бұзбауы керек. Әр шаруаның, әр кәсіпкердің жағдайын ойлап, тиісті қаражатын беруіміз керек. Қаладағы бизнеске қарағанда ауыл бизнесі деңгейлік жағынан кем болмауы керек.
Ауылдағы кәсіп қалаға қарағанда пайдалы болуы керек. Кез келген адам қалаға қарағанда ауыл кәсібінің шаш етектен пайда түсіретінін ұғынуы керек. Халықта осындай ой туындауы керек. Ауыл үшін бүкіл экономикалық, мемлекеттік қолдау шаралары бір жағадан шығып, бір жең ұшында жалғасуы керек, – деп ойын нақтылай түсті ол.
Кейіпкерімізге "Биыл ауыл шаруашылығы санағы өтеді, одан қандай өзгерістер күтесіз?" деген сауалды да қойып көрдік. Оның айтуынша, 18 жыл бойы біз малды, бау-бақшаны түгендемегенбіз. Осы күні статистика мен нақты жағдайдың арасы жер мен көктей. Баяғыда сойылып кеткен малдар базадан шықпайды. Оның нақты санын ешкім білмейді. Мемлекет жоспарлаған кезде қате жіберуі де мүмкін.
– Сондықтан да, санақтың маңыздылығы көп. 18 жыл күткен ауыл шаруашылығы санағын өте сапалы өткізуіміз керек. 18 жылда талай өзгерістер болды. Әлі талай тағдыры шешілмеген мәселелер бар. Санақ барысында "олардың кепілдікке беретін мүлкі бар ма? Арзан несие керек пе, мемлекеттік субсидия ма?" деген секілді сұрақтар қойылып, нақты жауап алынатын болады, – деп сөзін қорытындылады халық қалаулысы.