Автоэксперттер дабылы: Нарық ұрланған автокөлікке толып барады

5002

Қазақстанда машина сатып алу тәуекелді іске айнала бастаған ба?

Автоэксперттер дабылы: Нарық ұрланған автокөлікке толып барады

Сала мамандары, сондай-ақ аузы күйген клиенттер қарапайым хабарлама түгіл, тіпті автосалон арқылы ресми түрде сатып алынған көліктердің де артынша "ұрланған" болып шығуы мүмкін екенін ескертіп, дабыл қағуда. 

Алматы тұрғыны Нұрлан Жұлдыз есімді азаматшадан пайдалануда ұзақ уақыт болған Toyota Camry және Toyota Corolla автокөліктерін 4,5 миллион теңгеге сатып алады. Сатушы қолына ақша тиісімен қос "темір тұлпарды" да оның қолына табыстайды. Оларды 1 аптаның ішінде соның атына заңдастырып беретінін айтады. Алайда машиналардың шын иелері анықталған.

Кейін Жұлдыз бен оның сыбайласы, әрі күйеуі Мадиярды Алатау аудандық ішкі істер басқармасы "алаяқтық" фактісі бойынша қамауға алған.

"Біз Жұлдыздан алған автокөліктерді 2021 жылдың соңында тергеуші С. Сексенбаевқа табыстадық. Автокөліктерді арнайы тұраққа қойдық. Қолымызға олардың қабылдап алынғаны туралы хаттамасы берілді. Қазіргі таңда автокөліктер иесіне қайтарылыпты. Олар "Кolesa.kz" сайтына сатуға қойылды. Көліктің саудаға шығарылғанына өзім көз жеткіздім. Бұл қалай? Істің мән-жайы ашылғанша, ол автокөліктерді неге тәркілемеген? Тергеуші болса, автомобильдердің сатуға қойылғанынан хабарсыз", – деп алаңдайды Нұрлан.

Енді істің бүге-шігесі анықталуға тиіс. Дегенмен көлікті шын иесі саудаға шығарғаны мәлім болды.

Жалпы Еуразиялық одақ кеңістігінде айдап әкетілген көліктер қаптап саудаға шығарылуы мүмкін. Мысалы, Vesti.ua басылымының хабарлауынша, ресейлік кейбір солдаттар Украинаның өз бақылауына көшкен өңірлерінде жергілікті тұрғындардың автокөліктерін тартып алып, Ресейге айдап кетіп жатқан көрінеді. Украинаның жергілікті өзін-өзі басқару органдары Facebook-тегі парақшаларында ресейліктер тартып алған автокөліктердің деректерін және тізімдерін жариялап жатыр.

Егер бұл рас болса, онда олардың бірқатары артынша Қазақстанның нарығынан бір-ақ шықпасына кім кепіл? Ұрланған көліктердің Ресей жағынан елімізге оңай өтіп кететінін осының алдында Мәжіліс депутаттары да мәселе етіп көтерген болатын.

Алматыдағы "б/у" көліктерді өткізу бизнесімен айналысатын ірі компаниялардың бірі "Car Capital" ЖШС директоры, автоэксперт Еркебұлан Сағындықов "айдап әкетілген" көліктерге қатысты мәселе күн тәртібінде өткір тұрғанына және салмақты проблемаға айналғанына назар аудартты.

"Біз қолданыста болған автомобильдерді іріктеумен және тексерумен де айналысамыз. Қазіргі кезде "Car Capital"-дың автосарапшылары мен автокриминалистерінің командасы өз қызметі барысында қылмысқа қатысы бар және ұрланған автомобильдерге жиі тап бола бастады. Біз мысалы, 5 мыңнан астам автомобильді тексердік, соның аясында шамамен 100 алаяқтық фактісін әшкереледік. Машиналарды бейберекет істейтін базарларда, интернет арқылы сата береді. Сатып алушылар еш қорғалмаған, оларға айдап әкетілген немесе қылмыс құралы болып табылатын көлік сатылмайтынына еш кепілдік берілмейді", – деп дабыл қағады сарапшы.

Мұндай көліктердің үлкен бір бөлігі көрші елдерден келеді екен.

"Тіпті машинаның көрші елдерде есепке қойылғаны оның заң жүзінде таза екеніне еш кепілдік бермейді. Бір жайтты атап өткен жөн: Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 14 сәуірдегі "Жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарын бекіту туралы" №341 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізілгелі бері отандық нарықта криминалды тарихы бар автомобильдер саны күрт артты. Яғни 2018 жылғы 25 мамырдан бастап, автокөлікті есептен шығарғанда немесе қайтадан есепке қойғанда бұдан былай нөмірлік агрегатты салыстыра тексеруден өту қажет емес деп бекітілді", – дейді Еркебұлан Сағындықов.

Билік мақтаған ТМД келісімі мәселені шешпеді

Көлік иелері жақсы біледі, VIN (Vehicle identification number) – әрбір көлік құралының 17 белгіден тұратын бірегей коды саналады. Ол код өндіруші, көліктің сипаттамалары, сондай-ақ конвейерден шығарылған жылы туралы мәліметтерден құралады. Сәйкесінше, оны расшифровкалау арқылы кез келген автомобиль туралы толық ақпаратты білуге болады. Бұл деректер әсіресе, сатып алу кезінде өте құнды.

Айтқандай, 2021 жылы ел Парламенті "ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің автокөлік құралдарын жымқыруға қарсы күрестегі және оларды қайтаруды қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы туралы келісімге" өзгерістер енгізетін хаттаманы ратификациялады. Хаттамаға 6 ел – Қазақстан, Ресей, Тәжікстан, Молдова, Беларусь және Қырғызстан қол қойған.

Сол кездегі Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев бұл халықаралық құжат ТМД, соның ішінде Еуразиялық одақ елдері арасындағы ұрланған көліктердің саудасына тосқауыл қоятынына сендірген еді. Шынында олай болмай шықты.

"Өйткені бұл хаттама ұрланған автокөліктердің шын иелерінің құқығын ғана қорғайды және көлікті соларға қайтаруды қамтамасыз етуге бағытталған. Мысалы, Ресейде ұрланып, қазақстандыққа сатылған машина ресейлік қожайынына оралады. Оның үстіне әр көліктің бөлшектерінен құрастырылған "франкенштейн", конструктор-көліктер, "двойник", өзгертілген, кепілде тұрған, тұтқынға қойылған, иелері қайтыс болып кеткен автокөліктердің айналымына қатысты мәселе сол бойы шешілмей тұр", – деп түсіндірді "Car Capital" компаниясының басшысы.

Бұл мәселені қалай шешуге болады?

Автосарапшылар қоғамдастығының пікірінше, Қазақстанда тіркеуге қойылған автомобильдердің VIN-кодтарының ортақ деректер базасын жалпыға, ең болмаса, сарапшыларға заңды түрде қолжетімді ету – елді бұл тұйықтан шығаруы мүмкін. Себебі қазіргі кезде елде бірінші рет тіркеуге қойылғанда ғана вин-кодтар салғастырылып тексеріледі.

Әйтпесе, қазақстандықтар өз бетінше толыққанды тексере алмайтындықтан, ішкі нарық қылмыстық автокөліктерге толып кетуі ғажап емес.  

"Біз билік органдарынан автоэксперттерге және өзге мүдделі тұлғаларға елдегі барлық көліктердің VIN-кодтарының деректеріне заңды түрде қол жеткізуге мүмкіндік беруді сұраудамыз. Сонда клиенттеріміз сатып алатын автомобильдің тарихы ашылады. Мұның артықшылықтары айқын: шанақ-кузовтың нөмірі бойынша машина туралы мейлінше мол ақпарат жинаған сарапшылар мен клиенттер мәмілені қауіпсіздендіреді, сатып алушы босқа тауқымет тартпайды. Сатып алу-сатудың соңы дауға ұласпайды. Әлеуметтік кернеуді ушықтырмайды. Қазіргі заманда көптеген адамды көлігі асырайды, одан айырылса, тұрмысы құлдырайды. Ал бұған жол бермеу – саудадан басталады", – деген пікірде Еркебұлан Сағындықов.

Сарапшылар басқа да игіліктері барын айтады. VIN-кодтарға қатысты сұралатын ақпаратты ашық ету арқасында қазақстандық нарықтан криминалды және ұрланған автомобильдерді ысырып шығаруға жол ашылады.

Бұдан бөлек, автокөліктің тарихы "лас" екенін біле тұра, тездетіп сатып құтылуға тырысатын арамза алыпсатарлардың алаяқтық істерінің жолы кесіледі. Автосалондар мен автосарапшылар негізінен, машинаны тексеру барысында әшкерелеген қылмыстық нышандар туралы ішкі істер органдарына хабарлайтыны мәлім.

Әрине, сондай-ақ ол қадам көлікті "айдап кету" қылмысының азаюына ықпал етер еді.

Жалпы бұл шара арнайы сервисті әзірлеуді қажет етуі мүмкін екен. Автосарапшылар оның бағдарламасын жасауға жәрдемдесуге дайын отыр. Мәселені құзырлы органдар қарастыруда.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу