Батыс Қазақстаннан Ресейге тыйым салынған жүктерді жеткізуді доғаруды талап етіп отыр

4312

Қазақстан өзі арқылы батыстық санкцияларға іліккен тауарлардың РФ-қа өтуіне толық болмағанымен, ішінара тосқауыл қоюға мүмкіндік беретін механизмді іске қосады. 

Батыс Қазақстаннан Ресейге тыйым салынған жүктерді жеткізуді доғаруды талап етіп отыр Фото: inbusiness.kz

Бұл туралы бірінші болып дабыра, шу көтеріп, ресейлік ақпарат құралдары жарыса жазды.

Британдық Financial Times та өз дереккөзіне, биік лауазымды қазақстандық шенеунікке сілтеме жасап, Қазақстан Ресейге тасқындаған заңсыз реэкспортқа кедергі жасаудың жаңа жолын тапқанын жазды.

Мәскеу Украинадағы қантөгісін жалғастыруы үшін электроника, қосарлама мақсаттағы бұйымдар, өткізгіштер, чип-микросхемалар және басқа да санкциялы өнімдердің импорттына қатты мұқтаж болып отыр. Ал Киевті қолдаған АҚШ, Еуропалық Одақ елдері және олардың серіктестері Ресейдің бұл өнімдерге қол жеткізбеуіне мүдделі. 

Дамыған елдер қазақ елінен де бұл тауарларды солтүстік көршісіне өткізбеуді талап етті. Қазақстанның өзі соғысты қолдамағанымен және батыстық санкцияны бұзбағанымен, отандық жекелеген компаниялар мен кәсіпкерлер ондай өнім жеткізудің айналма жолдарын пайдалануда.

Мысалы, женевалық Trade Data Monitor ұйымы 2022 жылы Қазақстан Ресейге 3,7 миллион доллардың жартылай өткізгіштерін жеткізгенін жариялады. Салыстырсақ, бұдан бір жыл бұрын осы импорт небары 12 мың долларды ғана құрады. Яғни ғаламат 308 есеге өсті.

Енді Астана санкциялық тауарлардың транзитін "электронды навигациялық пломбалар" (ЭНП) арқылы қадағалай алады.

Бірден айта кетелік, ЭНП – әу баста Ресейдің бастамасы болатын. Еуразиялық одақ нарығын өзі басыбайлы, ен жайлауға ұмтылған Мәскеу Қазақстан мен Қырғызстаннан осы кеңістікке Қытайдан, Еуропа елдерінен контрабандалық және есепке алынбаған тауарларды тасымалдауды тоқтатуды талап етті. Себебі, Мәскеу одақ аясында техникалық регламенттер дегенді ойлап тауып, солар арқылы әр салада ЕАЭО нарығына үшінші елдердің тауарларын әкелуге шектеу қойды.

Мысалы, финдер Қазақстанға жылдам үй салуға арналған озық технологиялары мен материалдарын әкеліп, кең таратқысы келеді, бірақ РФ оған түрлі талап-сылтау тауып, техрегламентке сай сертификациялаудан бас тартады. Сөйтіп, финдер, басқалар одаққа мүше елдер нарығына кіре алмайды. Егер қазақ пен қырғыз айналма жолдармен әкелгісі келсе, оған одақтың түрлі тетіктері бөгеу болады.

Мәскеу осы арқылы өз тұрғындарын да шетелдік озық өнімдерден, соның ішінде азық-түліктен қақты. Мысалы, бірнеше жыл бұрын РФ Батысқа қарсы контрсанкциялары аясында өз аумағына АҚШ пен ЕО елдерінде жасалған ірімшіктерді, шұжықтарды, жемістерді, көкөністерді және басқа ауыл шаруашылығы тауарларын, шикізаттарды импорттауға тыйым салды. Бұл тыйым 2023 жылдың соңына дейін ұзартылды.

Ал тасымалдаушылар осы жүктерді құжат жүзінде Қазақстанға апара жатырмын деп рәсімдеп, кеденнен өткізіп алған соң, жолай мысалы, Түмен мен Челябіде түсіріп кетпеуі үшін ЭНП тетігін ойлап тапты.  

Электронды навигациялық пломба дегеніміз – көп реттік идентификация құралы. Ол тағылған жүктің қозғалысын, қайда бет алғанын одаққа мүше елдердің кеденшілері "ГЛОНАСС" жерсерік жүйесі арқылы бақылап отырады. Пломба жүктің ЕАЭО аумағы бойынша тасымалдану кезіндегі бүтіндігін, ақырғы пунктіне жеткенше, бұзылмауын online режимді қадағалауды қамтамасыз етеді.

Міне, Ресейдің осы бастамасы соның өзіне бәле болып жабысқалы тұр.

Ресейлік журналистерге түсініктеме берген РФ көлік министрлігі санкциялық тауарларға тоспа құру тетігін Қазақстанның ойлап таппағанын және өз бетінше енгізіп отырмағанын растады. Ведомствоның дерегінше, тауарлардың қозғалысын онлайн бақылау жүйесі ЕАЭО кеңістігіндегі тасымалға мониторинг жасау жөніндегі бұрынғы келісім аясында 2023 жылғы 1 сәуірден бастап енгізіледі. Ол келісімге Қазақстан, Ресей, Армения, Беларусь және Қырғызстан соғысқа дейін, 2020 жылы қол қойды.

Келісім мәтінінде айтылғандай, алкоголь өнімдерін, темекі бұйымдарын, ең бастысы – Еуразиялық одаққа мүше елдердің ең құрығанда бірінде тыйым салынған тауарларды теміржолмен және автомобильмен тасымалдау кезінде оларға ЭНП орнатылады. Бұл пломбалар сонымен бірге транзит жүктерді одақтың бір мүше елінің аумағы арқылы екінші елге алып өткенде де салынады.

БАҚ хабарлауынша, Қазақстан алдағы сәуірден бастап, "параллелді импорт" деп аталатынға, яғни тауарларды өндірушілердің, құқық иелерінің келісімінсіз Ресейге заңсыз тасуға шектеу қоятын болады. Елімізде шетелден әкелінген және сыртқа әкетілген барлық тауарларды қадағалайтын онлайн жүйе іске қосылмақ.

Тауарлардың қадағалануы тетігінің енгізілуіне қатысты Мемлекеттік кірістер комитетінің Әкімшілендіру департаментінің директоры Қадыр Исмағұлов түсініктеме берді. Оның айтуынша, республикада 2023 жылғы 1 сәуірден бастап, ЕАЭО елдері арасында өзара сауда-саттық жасау кезінде Тауарларға арналған ілеспе жүкқұжаттарды (ТІЖ) міндетті рәсімдеу енгізіледі.

"Бұл көлеңкелі тауарайналымды қысқарту және салықтарды, соның ішінде қосылған құн салығын жоғалтуды тоқтату үшін қажет. ТІЖ бұдан бұрын, 2020 жылғы желтоқсаннан бері пилоттық режимде, сынақ түрінде жүзеге асырылған болатын. Ол ерікті түрде жүрді. Енді міндетті болады. Атап өтетін жайт, тасымалдаушылар ТІЖ-ді одақ шекарасын кесіп өткенге дейін, электронды цифрлық қолтаңбасы арқылы электронды рәсімдеуі қажет. Бұл құжаттарды жалған адамдарға (подставные лица), фиктивті тапсырыс берушілерге, жалған жүк жөнелтушілерге, банкрот компанияларға, жойылған заңды тұлғаларға және сол сияқтылардың атына рәсімдеу мүмкіндігін болдырмайды. Осылайша, жүзеге асырылып отырған жүйе тауарлардың Қазақстан шекарасынан кіруін және шығуын бақылау процесін автоматтандыруға мүмкіндік береді", – деді МКК Әкімшілендіру департаментінің директоры.

Бірден айта кетелік, қазақстандық бизнес Мәскеу таңған бұл жүйеге әу бастан қарсы шықты. "Атамекен" ұлттық палатасы өткен жылдың соңында Тауарларға арналған ілеспе жүкқұжаттарды жоюды сұрап, тіпті Президент әкімшілігі мен Үкіметке ұсыныс та жолдады.

"Мемлекеттік кірістер комитеті 3 жыл қатарынан реттеушілік әсерге талдау жүргізбестен, тауарларға ілеспе жүкқұжаттарды ресімдеу бойынша пилоттық жобаны іске асырып келеді. Нәтижесінде кәсіпкерлер өндіріске еш қатысы жоқ миллиардтаған шығынға батып жатыр. Мұндай тәсілді тиімді салықтық ынталандыру деп атауға мүлдем болмайды", – деді ұлттық палатаның Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің төрағасы Қайырбек Сүлейменов.

Бірақ бұған Мәскеу мәжбүрлегені жасырын емес. Қазақстан 2019 жылғы 29 мамырда Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінген тауарларды қадағалау механизмі туралы келісімге қол қойды. Бұл құжатты ел Парламенті 2020 жылғы 20 мамырда ратификациялады.

Пилоттық жүйені жүзеге асыру бойынша қазақстандың бизнестің шығындары тек бір жыл ішінде 170 миллиард теңгені құрады.

Қынжылтатыны сол, одақтың осы тетігі қазақстандық бизнесті ғана емес, мемлекетімізді де шығынға батырып жатқан көрінеді. Қ.Сүлейменовтың дерегінше, тек осы жүйе ғана Қазақстан бюджетіне жылына шамамен бір миллиард теңгеге түсіп тұр.

Ал электронды навигациялық пломбаның еріктіден міндеттіге айналуы бюджет шығыстарын одан сайын арттырады деп күтілуде.

Міне, Мәскеудің экономикалық "қаруы" өзін жаралауы ықтимал. Ресейлік ақпарат құралдарының хабарлауынша, осы тетік арқылы Қазақстанның параллелді импортты шектеу ниетіне Кремль үн қатты.

Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың хабарлауынша,  "ұжымдық Батыстың санкцияларға қосылмаған елдерге дөрекі түрде қысым жасап жатқанынан Ресей хабардар".

"Бізге бұл туралы осы мемлекеттердің өздері айтуда. Өкінішке қарай, олар қыспаққа қалды. Кейбірі илігуге мәжбүр. Бұл әрине, сол мемлекеттердің де, біздің тарапымыздан да айрықша назар аударуды талап етеді. Біз тәуекелдерді азайту үшін серіктестерімізбен бірге тығыз байланыс жасауды жалғастырамыз", – деп нақты, мәнді жауап қайыра алмады Дмитрий Песков.

Кремль өкілі мониторинг жүйесін енгізу Қазақстанға тауарлардың жеткізілім тізбегін бақылауға және Ресейге қарсы санкцияларды айналып өтудің жолын кесуге мүмкіндік беретінін, бірақ бұл Мәскеу мен Астананың екіжақты қатынастарына нұқсан келтірмейтінін қосты.

Бәлкім, Қазақстанның жаңа Үкіметі Мәскеудің өзіне жақпай тұрғанын алға тартып, отандық кәсіпкерлерді шығынға батырған тауарлардың қозғалысын қадағалау жүйесін жоюға қол жеткізсе, жөн болар еді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу