Батыста шу шықты: Еліміздегі ең алғашқы медұйым жабыла ма?

4316

Жүз жылдық тарихы бар аурухананың ұжымы оның алдағы тағдырына алаңдап отыр.  

Батыста шу шықты: Еліміздегі ең алғашқы медұйым жабыла ма?

"Ақтөбе облыстық тері-венерологиялық диспансерінің" ұжымы дабыл қағып, билік өкілдеріне ұжымдық хат жолдады. Тарихы тереңге тартқан бұл мекеме жабылып, "Қарғалы қалалық көп бейінді ауруханасына" біріктіріліп, соның бір бөліміне айналады деген "суыт хабар" жетіпті.

Сондықтан шағымданушылар Ақтөбе облысындағы жалғыз облыстық диспансерді қалалық медұйымға қоспауды өтінеді. Бірақ "біріктіру тегершігі" айнала жөнелгені байқалады.

Назар аударатын жайт, бұл диспансер – Қазақстандағы өз саласындағы тұңғыш медициналық ұйымның бірі. Оның тарихы 1924 жылдан бастау алады. Сол тұста тұңғыш қазақ республикасы – Қазақ АКСР-і құрылып жатқан болатын. Демек келесі жылы медұйым 100 жылдығын атап өтпек.

1935 жылы ол Облыстық тері аурулары ауруханасы болып қайта құрылды. Бір мезгілде 100 сырқатты емдей алатын.

Осы ұйым елде медицинаның тері-венерологиялық дерттерді терең зерттейтін және лайықты күресетін жеке саласының іргесінің қалануына және дамуына өзіндік сүбелі үлесін қосты. 1961 жылы оның базасында Ақтөбе мемлекеттік медициналық институтының Тері-венерологиялық аурулар кафедрасы ашылды.

Қазіргі кезде де ұйым ғылыммен серіктес болып келе жатқан көрінеді. Қызметкерлерінің мәліметінше, онда Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің резиденттері мен студенттері оқудан өтеді, тәжірибе жинақтайды. Диспансер дермато-венерологтардан құралған білікті кадрлармен "жабдықталған". Яғни ұзақ жылғы тәжірибесі бар мамандарын сақтап қалды. 

Айта кету керек, республиканың батысындағы өзге өңірлерден айырмашылығы сол, Ақтөбе облысының тұрғындары қарқынды түрде көбейіп келеді және қатары миллионға жуықтады (904 мың адам). Бұл ретте облыстың бүкіл 12 ауданының тұрғындары дәл осы аурухананың мамандарына жүгініп, ақыл-кеңесін алып, емделеді. Жазы аптап ыстық, климаты қатал өңірлерде жұртшылық тері ауруларына жиі душар болатыны мәлім.

Жұмысы жолға қойылған қызмет жайрап қалмасын

Арызданушы "ақ халаттылардың" айтуынша, облыста халық саны еселеніп жатқан кезде, ғасырға барабар тарихы бар, ұзақ жылдар бойы қалыптасқан тері-венерологиялық қызметті күйрету мүлдем орынсыз. Диспансер әлеуметтік маңызды саналатын аурулармен күреске тартылған: ол қатарға зең, трихофития, бастағы шаштың микроспориясы, мерез-сифилис, гонорея, трихомониаз, хламидиоз және басқа да венерологиялық аурулар жатады. Қаладағы ғана емес, бүкіл облыстағы жүкті әйелдер тексерулерден өтеді. Созылмалы дерттері бар сырқаттарды бақылайды, диспансеризациялап, емдейді. Оның төл зертханасы бар.

Медұйым мамандары бұл қызметті түбегейлі қайта құру "оның жылдар бойы қалыптасқан жүйелі жұмысының қожырауына, ұжымның шырқының бұзылуына соқтыра ма?" деп қауіптенеді.

"Біз адамдардың, аналардың, тіпті жас ұрпақтың тағдырына жауап береміз: егер жұмыс тіні бұзылса, бұл жүктілердің бойындағы венерологиялық ауруларды ерте мерзімде анықтауда қателіктердің жіберілуіне соқтыруы мүмкін. Онда жағдай ушығып, сәбидің өлі туылуына, кеш мерзімдерде түсік тастауларға, туа бітті сифилистің таралуына соқтыруы ықтимал. Әсіресе балалар арасында зең ауруларының таралуы күрт өсуі мүмкін. Қалыпты жұмыс істеп тұрған жүйені бұзбаған жөн. Облыстық маңыздағы медұйым статусынан айырылып қалсақ, біздің қызмет бөлімше түрінде қалалық ауруханаға қосылса, бетін қайтаруға болмайтын теріс өзгерістер болады, жұмыс орындары қысқартылады деп алаңдаймыз", – дейді ұжым өкілі Кулара Уркунова.

Арызданушылар Қазақстанның өзге өңірлеріндегі – Алматы, Ақтау, Атырау, Шымкент, Орал, Павлодар, Қарағанды қалаларындағы басқа тері-венерологиялық диспансерлердегі әріптестеріне хабарласып, сөйлесіпті. "Бәлкім, мұндай реформа бүкіл елді қамтыған шығар" деп ойлаған. Олардан өзге өңірлерде диспансерлерді басқа ауруханаларға қосу туралы мәселе қойылып отырмағанын естіп, айран-асыр болды.

"Олардың бәрі өз мәртебесін ары қарай сақтап қалмақ! Бірқатар облыстарда тіпті қалалық және облыстық диспансерлер қатар істеуде. Біздің диспансер өткен жылы бүкіл материалдық-техникалық базасын жаңғыртты. Ғимараттарда ағымдағы жөндеу жүргізілді, компьютер, принтер және басқа да ұйымдық техника жаңадан сатып алынды. Медициналық аппаратуралар әкелінді. Ұйымымыздағы қаржылық жағдай тұрақты, тиімді, соның арқасында өткен жыл соңында сыйақы берілді. Енді не болып қалды? Біреудің тіркемесіне айналсақ, білікті дәрігерлеріміз кетіп қалып, қызметіміз жайрап қалады. Сондықтан қызметімізді дербес құрылым ретінде сақтауды сұраймыз", – дейді арыз иесінің бірі.

Хатқа қол қойған ұжым мүшелері өзгерістерге қарсы екенін білдірді және тиісті шешімді түбегейлі қайта қарауды өтінеді.

"Сонда біз одан әрі Қазақстан халқына адал қызмет етіп, лайықты жұмыс істей аламыз!" деп түйіндеді дәрігерлер.

Билік не дейді?

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин мұндай шешім аталған қызметтің жүйелі жұмысын бұзбайтынына сендірді. Шешім жоғарыда қабылданып қойылыпты.

Аймақ басшысының айтуынша, шынымен де "Облыстық тері-венерологиялық диспансер" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны "Қарғалы қалалық аурухана" коммуналдық кәсіпорнына қосу жолымен қайта құрылады. Бұл шараны "Денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативін бекіту туралы" Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 15 қазандағы №ҚРДСМ-133/2020 бұйрығына сәйкес жүзеге асыру жоспарланып отыр.

"Ол құжатта тері-венерологиялық орталықтар облыстық деңгейде көп бейінді ауруханалардың құрылымдық бөлімшесі ретінде құрылады делінген. Қарғалы қалалық ауруханасына қосылғаннан кейін тері-венерологиялық диспансер көп бейінді аурухана жанындағы орталық ретінде қызметін жалғастырады. Бұл ретте оның жұмысы денсаулық сақтау саласында бекітілген стандарттарға сәйкес, бұрынғы режимде жүзеге асырыла беретін болады", – деп сабырға шақырды облыс әкімі.

Оның мәлімдеуінше, облыстық медұйым қалалық ауруханаға қосылғаннан кейін "медициналық қызметкелерді қысқарту жоспарланып отырған жоқ".

Қалай болғанда, қазіргі кезде министрдің қайта ауысуына байланысты денсаулық сақтау жүйесінде кезекті рет өзгерістер күтілуде. Бітпес-қоймас реформалар ақ халатты абзал жандардың жұмысына кедергі келтірмегені, қазіргідей қиын-қыспақ шақта рухын түсірмегені маңызды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу