Биліктің пандемиямен күрескендерді экс-дәрігерге айналдыруы дау тудырды

2474

Коронавирус пандемиясының беті қайтқан соң сұрапыл күрестің алдыңғы шебінде болғандарға билік мұрын шүйіре қарап отырғандай. 

Биліктің пандемиямен күрескендерді экс-дәрігерге айналдыруы дау тудырды

Маржан Зинадинқызы денсаулық сақтау жүйесіндегі өзге әріптестерімен бірге Қазалы ауданында екі жыл бойы жаһандық індетпен арпалысты. Ковид-ауруханада, яғни пандемиямен күрестің ортасында жүрді, дерт жұқтырғандармен тікелей байланыста болды, оларды айықтыруға атсалысты.  

Әрине, ол кезде мемлекет алапат эпидемияға қарсы "майданның" алғы шебіндегі ақ халаттыларды жақсы ақымен ынталандыруға тырысты. Былтырғы қыркүйек айында олар үстемеақысынан айырылды, бұрынғы шағын жалақысына оралды.

Дегенмен солардың ішінде ең көп зардап шеккені кезінде университеттерді "Қоғамдық денсаулық сақтау" мамандығы бойынша бітірген дәрігерлер болды. Себебі Үкімет оларды үстемеақыдан ғана емес, сондай-ақ дәрігер статусынан айырды.

Осыған байланысты дәрігерлер Қазақстан Президентіне ашық хатпен жүгініп, дәрігер мәртебелерін қайтаруды сұрайды.  

Хаттың мәнісін соның бір авторы Аяулым Мұратқызы түсіндірді. Оның айтуынша, медициналық ЖОО-лардың "Қоғамдық дансаулық сақтау" (ҚДС) факультетін бітірген, бүгінде эпидемиолог дәрігер, дәрігер сарапшы, дәрігер статист, дәрігер әдіскер, саламатты өмір салты дәрігері қызметін атқарып жүрген медицина қызметкерлерінің статусы мен еңбекақысына қатысты проблема туындады.

"Сондықтан біз бұл мәселені әр қырынан зерттеп көруге бел будық. Техникалық, гуманитардық және медициналық ЖОО-ларда әр жылдары дәл осы факультетті бітірген, 4 және 5 жылдан оқыған 500-ден аса маман арасында сауалнама жүргіздік. Нәтижесінде, мәртебе мен еңбекақыны тағайындауда әрқилы тәсіл қолданылатынын анықтадық. Әрқайсысының академиялық дәрежесі де әртүрлі. Мысалы, "ҚДС" мамандығын медициналық ЖОО-ларда бітіргендерге "қоғамдық денсаулық сақтау бакалавры", ал гуманитарлық ЖОО-ларды аяқтағандарға "қоғамдық денсаулық сақтау маманы" академиялық дәрежесі беріледі. Олардың барлығы бір мамандықты бітірсе, мұндай айырмашылықтың себебі түсініксіз", – деді ол.

Бірақ проблеманың зоры басқа. Неге екені белгісіз, Денсаулық сақтау министрлігі медициналық ЖОО-ларды аяқтаған осы дәрігерлерді техникалық, гуманитарлық мамандықтармен теңестірді. Салдарынан, дәрігерлер еңбекақысы бойынша да, мәртебесі бойынша да солармен теңесті. Яғни олар дәрігер емес, маман мәртебесіне ғана ие.

Министрлік мұнымен тоқтамай, қоғамдық денсаулық сақтау факультетіне түскендердің оқу ұзақтығын бұрынғы 5 жылдан 4 жылға төмендеткен. Қазір осы мамандыққа оқып жатқан болашақ дәрігерлер болашақта кім болып істейтінін нақты түсінбейтін көрінеді. Себебі бұрынғы министрлер "ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде" дейтін халық нақылын басшылыққа алып, отандық медицинаның бетін профилактикаға бұрған.

Алайда бертіндегі министрлер төл реформасын жүргізіп, ізашарларының даңғылынан бас тартты. Қоғамдық денсаулық сақтау дәрігерлері көбіне осы профилактикаға жауап беретіні мәлім. Тиісінше, жаңа жүйе бұл мамандардан теріс айнала бастағанға ұқсайды.

"Медициналық ұйымдарда 5-10 жылдан бері эпидемиолог дәрігер, дәрігер сарапшы, дәрігер статист, дәрігер әдіскер, саламатты өмір салты дәрігері болып жұмыс істеп жүрген бізді "дәрігер" статусынан және В2 блогы бойынша еңбекақыдан айырды. Оның орнына мамандар мәртебесіне ауыстырды және тиісінше бізге В3 блогының жалақысы төленеді. Біз біріншіден, Денсаулық сақтау министрлігінің №1043, 305, 1193 бұйрықтарының қайта қаралуын талап етеміз. Еңбекақы кестесі қайта қаралсын! Екіншіден, дәрігер мәртебесін алу үшін біліктілікті арттыру бойынша сертификаттау ұйымдастырылсын, қайта квалификациялануға мүмкіндік берілсін. Себебі мемлекет бізді профилактикалық қызметпен айналысатын дәрігер ретінде оқытып, даярлады ғой", – делінген ашық хатта.

Жалпы осы аталған санаттағы экс-дәрігерлер (қазіргі мамандар) жалақының аздығына да шағымданып жүр. Өйткені олардың үлкен бөлігі 80 мың теңге ғана жалақы алады. Жұмыс өтілі есептелгенде, 140 мың теңге шығатын көрінеді. 280 доллардай ғана қаражат қазіргі жаппай қымбатшылық заманында отбасы мұқтаждығындағы ешбір "жыртықты" жамауға жетпейтіні жасырын емес. Олар колледж ғана бітірген мейірбикелердің 150 мың жалақы алатынына қызыға қарайды.

Денсаулық сақтау министрлігінің Ғылым және адами ресурстар департаменті бұл реформаның мәнін түсіндірмеді. Тек Денсаулық министрлігінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы "Денсаулық сақтау жүйесінің кейбір салаларындағы азаматтық қызметшілер лауазымдарының тізілімін бекіту туралы" №1043 бұйрығына сәйкес, денсаулық сақтау саласының азаматтық қызметшілері лауазымдарының тізілімі бекітілгенін еске салды. Онда барлық мамандықтардың дәрігерлері біліктілік санаттарына қарай В2 буындары мен дәрежелеріне жатқызылған: жоғарғы санаты, жоғары білімі барлар – В2-1, бірінші санаттағылары – В2-2, екінші санаттағылары – В2-3, категориясы жоқтары – В2-4. Бірақ қоғамдық денсаулық сақтау мамандары, соның ішінде эпидемиологтар, статистиктер В3-4 буынына ауыстырылған.

Сонымен қатар департаментінің мәліметінше, эпидемиолог, статистик сияқты қоғамдық денсаулық сақтау мамандары да өз ішінде екіге бөлінеді. Егер олар жоғарғы медициналық оқу орнын "Медициналық-профилактикалық іс", "Медициналық-биологиялық іс" мамандықтары бойынша бітірсе және "Дәрігер" біліктілігін алса, онда оған дәрігер статусы беріледі және жалақысы жоғарғы В2 дәрежесінде төленеді. Ал егер "Қоғамдық денсаулық сақтау" мамандығы бойынша немесе жоғарғы медициналық емес ЖОО-ны аяқтаса, В3-4 дәрежесіне дейін төмендетіледі, мәртебесі де, жалақысы да кем болады.

Балзия Ержанқызы Қарағанды мемлекеттік медицина университетін 2010-2015 жылдар аралығында "Қоғамдық денсаулық сақтау" мамандығы бойынша тәмамдап, бүгінде дәрігер сарапшы болып қызмет етіп келеді.

"Мені специалист лауазымына, яғни В3-4 сатысына түсіріп отыр, жалақым 138 000 теңгені құрайды, орта буынды медбикелердің жалақысынан төмен болып тұр. Осы "Қоғамдық денсаулық сақтау" мамандығы техникалық, гуманитарлық ЖОО-ларда да ашылып, оқытылып жатыр: олар да медициналық мекемелерде специалист болып жұмыс атқарады. Медициналық ЖОО бітіре отырып, дәрігер емес, маман болып шықсақ, неліктен жалпы клиникалық пәндерді оқытқызды? Бізді медициналық ЖОО қабырғасында болашақта "ұйымдастырушы, басшы, менеджер боласыңдар" деп дайындады. Министрлік медицина қызметкерлерінің жалақысын 2023 жылға дейін үздіксіз өсіреміз деді, ал бізді дәрігерлер қатарынан шығарып тастап отыр", – деп қапаланады ол.

Дәрігерлерді мемлекет қысылтаяң кезде пайдаланып, содан соң олардың керексіз еткені ыңғайсыз болды. 2020 жылы коронавирус пандемиясы елімізге тарағанда, мемлекет бұл алапат індеттің алдын алудың маңызды екенін түсінді, арнайы костюм киген эпидемиологтарға қиыла жүгінді. Олар елге адал қызмет етіп, күн-түн демей, тер төкті, ұйқы күлкіні ұмытып еңбек етті. Жаһандық дерттің беті бері қараған соң, Үкімет 2015 жылғы бұйрығын еске алып, статусы мен жалақысын төмендетіп, келеке еткендей болды.

"Коронавирус дерті ушыққанда біздің мамандардың тапшылығы білінді, ол кезде дәрігер санатында болатынбыз. Енді неліктен біздің мамандықты шеттетіп отырғанын түсіне алмадым. Мен екі баланың анасымын, ауылда тұруыма байланысты басқа мамандықты таңдауға немесе басқа жұмыс орнына ауысуыма мүмкіндік жоқ", – деген Балзия министр Ажар Ғинияттан №1043, №305 бұйрықтарына өзгертулер енгізуді сұрады.

Айтпақшы, кемсітуге негіз болған 2015 жылғы бұйрық Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова тұсында қабылданыпты. Оның медицинаға қатысы жоқ адам екені бесенеден белгілі. Ал медициналық министрлікті жойып, оны еңбек министрлігіне қосу – бірінші президент тұсындағы тосын сынақ-эксперименттердің бірі болатын. Ендеше Әділетті Қазақстан бұл әділетсіздікті де жоюдың амалын тапса, құба-құп. Әйтпесе, індет майданынан оралған бұл бейбіт күннің батырларына тіпті дәрігер атану үшін қайта даярлаудан өтуге де мүмкіндік қалмапты.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу