Білім және ғылым министрлігі 500-ден астам сот процесіне қатысты

1234

Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мұғалім даярлайтын 86 университеттің 36-сы лицензиясынан айрылғанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Білім және ғылым министрлігі 500-ден астам сот процесіне қатысты Фото: Максим Морозов

"Министрлік сапасыз білім беретін университеттерде тексеріс жүргізіп, анықталған кемшілік бойынша 500-ден астам сот процесіне қатысты. Нәтижесінде 15 университетті толығымен жапты. Тағы 4 университетті жабу бойынша сот шешімі қабылданды. Қазір апелляция жүріп жатыр. Бұған қоса тағы 61 университеттің 400 сапасыз білім берген бағыты бойынша лицензиясы қайтып алынып, студенттері басқа оқу орындарына ауыстырылды", – деді министр.

Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, тексеріс процедурасы жетілдірілді. Тексеру шарасына студенттерді тестілеу мен жұмыс берушілер арасында сауалнама жүргізу сияқты сапалы көрсеткіш енгізілді. 

"Мысалы, мұғалімдерді бұған дейін 86 университет даярласа және сапасы бойынша көп сұрақ туындаса, енді педагогтерді тек 50 оқу орны ғана даярлайды. Осы бағыт бойынша 36 университеттің лицензиясы қайтарып алынды. Бұл жұмыс ары қарай жалғасады", – деді министр. 

Бұдан кейін Асхат Аймағамбетов академиялық саясат туралы сөз қозғады. 

"Білім беру бағдарламаларының сапасын арттыру мақсатында университеттерге академиялық және атқарушы дербестік берілді. Іс барысында жоғары оқу орындары өз бетінше 9 371 білім беру бағдарламасын әзірледі", – деді министр. 

Асхат Аймағамбетов әлемдік еңбек нарығының қазіргі негізгі проблемасы – дағдылардың тез ескіруімен байланысты екеніне назар аударды. 

"Енді, "Өмір бойы бір диплом" сценарийі маңызды емес. Сондықтан Президенттің тапсырмасы бойынша "Өмір бойы оқу" тұжырымдамасы әзірленді. Бұл жұмыстың арқасында университеттер формалды емес, информалды білім алудың нәтижесін танып, қабылдайды", – деді министр. 

Асхат Аймағамбетов академиялық адалдық саясатын қалыптастыру үшін қандай шара қабылданғанын жариялады. 

"Біз академиялық адалдық талабын сақтау міндетін енгіздік. Бұдан былай академиялық адалдық қағидатын бұзған студенттерді оқудан шығаруға болады. Бұған қоса дипломдық және жазбаша жұмыстарды жөнсіз көшіріп алуды болғызбау үшін міндетті түрде тексеру нормасы бекітілді", – деді министр. 

Асхат Аймағамбетов оқуға түсу процедурасының ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету үшін биыл қолданысқа Ұлттық бірыңғай тестілеудің (ҰБТ) жаңа жүйесін енгізілгенін айтты. 

"2021 жылы елімізде алғаш рет ҰБТ "1 компьютер – 1 камера – 1 тестіленуші" принципі бойынша электронды форматта өткізілді. Бұған қоса тесттерде фактологиялық білімді тексеруден ойлау қабілетін, сауаттылығын анықтау үшін тест тапсырмалары жаңартылды. Ал біз үшін маңызды педагогикалық бағыттар бойынша шекті балл 75-ке, медициналық бағыттар бойынша 70-ке дейін көтерілді. Магистратураға түсу және докторантураға емтихан тапсыру үшін тестілеудің компьютерлік форматы енгізілді", – деді министр. 

Асхат Аймағамбетов қашықтан оқыту пандемия біткеннен кейін де тренд болып қалатынын мәлімдеді. 

"Жоғары оқу орындарында цифрлық экожүйе қалыптастыру, LMS платформалар, виртуалды зертханалар, прокторинг жүйелері кеңінен енгізілуде", – деді министр. 

Асхат Аймағамбетов отандық университеттердің шетелдік үздік университеттермен тәжірибе алмасу және бәсекеге қабілетті болуы үшін елімізде шетелдің алдынғы қатарлы университеттерінің филиалдарын ашу жұмысы басталғанын баяндады. 

"Биыл De Montfort Leicester университетінің филиалы ашылды. University of Arizona және Arizona State University филиалын ашу жұмысы жүріп жатыр. Тағы кем дегенде 5 филиал ашу бойынша жұмыс атқарылады, – деді министр. 

Оның сөзінше, отандық жоғары оқу жүйесін дамыту үшін жаңа жобалар әзірленуде. 

"Жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында өңірлердегі 20 жоғары оқу орнының базасында академиялық артықшылық орталықтары құрылады. Жоба шеңберінде бұл университеттердің материалды техникалық базасы, ғылыми зертханалары нығайтылып, жаңа білім бағдарламалары енгізіледі. Зерттеу экожүйесін қалыптастыру үшін 3 жоғары оқу орнын зерттеу университетіне айналдыру жоспарланып отыр. Бұған қоса Назарбаев университетінің тәжірибесі негізінде 2 озық жоғары оқу орнын құру бойынша белсенді жұмыс басталды", – деді министр. 

Асхат Аймағамбетов жоғары оқу орындарының арасындағы бәсекелестікті арттыру үшін университеттер 4 лигаға бөлінетінін айтты. 

"Лигаларға байланысты жоғары оқу орындарына академиялық, басқарушылық еркіндіктің түрлі деңгейі бекітіледі. Ең мықты университеттер мемлекеттік бақылаудан босатылып, керісінше 3 лигаға және 4 лигаға енбеген университеттер мемлекеттік бақылауда болады", – деді министр.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу