Сотта Бишімбаев өтірік айтып отыр ма? Психологтан сұрап көрдік

16170

Елімізде бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр. 

Сотта Бишімбаев өтірік айтып отыр ма? Психологтан сұрап көрдік Фото: Jogargy_sot

Жақында өткен сот отырысында екінші айыпталушы Бақытжан Байжанов куәлік берді. Ол қысым көргенін, экс-шенеунік Бишімбаев оны  "қарғаймын" деп қорқытқанын мәлімдеді. Көріпкелдерге кімдер жиі барады? Адамдар қарғыстан неге қорқады? Психологияда бұл туралы не айтылғанын білу үшін "Рухани қоғам әлемі" қоғамдық қорының президенті Лимана Қойшиевамен әңгімелескен едік, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

- Қазір ғылым мен білім қарыштап дамып жатыр. Оның ішінде медицина да бар. Адамдардың дәлелді медицинаға деген сеніміне қандай баға беруге болады?  Себебі экстрасенс, көріпкел, емші, балгерлердің жарнамасын жиі көреміз. 

- Қазір ғылым, медицина ғана емес, екінші жағынан эзотерика, экстрасенсорика да дамып жатыр. Қазақстанда да, Ресейде де, шетелде де қарапайым халықтың негізгі бөлігі медицинадан бұрын экстрасенс, балгер, көріпкелдерге жүгінеді екен. Мәселен, өз басым Ресейдегі психологтар қауымдастығымен жиі хабарласып, тәжірибе алмасып тұрамын. Олардың сөздерінше, сол жердегі халықтың дені экстрасенстермен жұмыс істегенді жақсы көреді. Бұлар кімдер деген кезде олар да кәдімгі психологтар дейді. Бірақ сана деңгейі мен түйсігі жақсы адамдар. Диагнозды дұрыс қою, ота жасау және басқа да медициналық қызмет алу үшін медицина қажет. Экстрасенс, көріпкел, балгерге сеніп, ота жасалмаса, адамның ісігі күшейіп кететін болса, оның өміріне қауіп төнуі мүмкін. Сондықтан да емші, көріпкел, экстрасенстің барлығы да керемет дамып кеткен деп айтуға болмайды. Мысалға, Еуропада болсын, Ресейде болсын (емшілер) жоғары білімді, психологияны, биоэнергетиканы, гипнотерапияны оқиды. Психологияның бүкіл бағытын оқып қана жоғары білімді экстрасенске айналады. Бізде көпшілігі оқымай, білім алмай, қосымша ізденбей, өзінің пайымымен, ойымен адамдарды адастырып жатқандар да бар. 

- Бишімбаев ісінде айыпталушы жедел-жәрдем шақырудың орнына, көріпкелге хабарласқанын мәлімдеді. Көріпкел мен балгерлердің көмегіне кімдер жиі жүгінеді? Мұны немен байланыстыруға болады?

- Қазіргі таңда көп адамнан шенеуніктер арасында көріпкелдерге жүгінетіндері барын жиі естимін. Солардың ақылын тыңдайды, солардың бағыттауымен жұмыс істейді деген бар. Біздегі мемлекеттік үлкен мәселелер көріпкел, емші, бақсыменен шешілетін болса, онда бұл жақсылыққа алып келмейтіні белгілі. Соның бірден бір дәлелі ретінде кешегі Бишімбаевтың сотында "көріпкелден сұрадым, оның айтуы бойынша (марқұм) қазір оянады" деуі. Бұл жердегі үлкен қателік – адамның өміріне қауіп төніп жатқанда сол көріпкелдің "ана адамды соққыға жығып жатсың, зорлық көрсетіп жатсың, өміріне қауіп төндіріп жатсың, сол адам өліп кетуі мүмкін" деп дабыл қақпауы. 

- Бұдан бөлек адамдар қарғыстан неге қорқады? Адамның психологиясы неге мұны тез қабылдайды?

- Қарғыс дегеніміз сөз энергиясы. Адамда сөз, көз қуаты және физикалық қуаты бар. Бұл да энергия. Біздің бойымыздағы қуат көрінбейді, бірақ ол да кәдімгі күш. Дәл сол секілді қарғыс та күш энергиясы. Біздің атақты билеріміздің аузы дуалы, энергиясы күшті болған, олардан ел бата алған.Бұдан бөлек жаман сөйлейтін кісілер де болады, олардың да энергиясы мықты болуы мүмкін. Ең бастысы адам мұны жеке басына қабылдамауы керек. Адам соған сеніп, жүрегіне жақын қабылдамағаны жөн. Психологиялық тұрғыдан бойында қорқыныш, сенімсіздігі бар, ерік жігері және харизмасы төмен адамдар мұндай сөзді тез қабылдайды. Мәселен, кішігірім ауыл аймақта көз, тіл тиді деп жиі айтылады. Үлкен қалаларда оған ешкім сенбейді. Себебі кішігірім ауылдарда адамдар бір-бірін жиі көреді, сол энергия мен күш ой арқылы қарқынды жұмыс істейді. 

- Тылсым күштерге деген сенімді діни көзқараспен байланыстыруға бола ма?

- Болады. Қарапайым адамның санасына жетерлік білім ашық түрде берілген. Қалған ғылымның барлығы жасырын түрде айтылған. Сондықтан да оны арнайы мамандардың оқуына ғана мүмкіндігі бар. 

- Адамның іс-әрекеті немесе сөзі арқылы өтірікті анықтауға бола ма? Өтірік айтатын адам қандай сөздерді жиі айтады? Бишімбаевтың сотта берген куәлігінен оның психологиялық портреті туралы не айта аласыз?

- Сот процесінен ол жерде отырған Бишімбаевтың көзқарасы өте әдепті, жұмсақ, мейірімді сияқты. Бірқалыпты, жайбарақат, ештеңе болмағандай, ақыл айтып отырғандай, ештеңе істемеген адамдай. Қаншама адам жан-жағынан қарап отыр. (Марқұмның) туған туысқандарының көз жасы оның эмоциясына ешқандай әсер етіп отырған жоқ. Жалпы Бишімбаевтың сот отырысында сөйлегеніне, өзін ұстауына нақты баға беру үшін зерттеу жүргізу қажет. Үстіртін жауап беруге болмайды. Себебі әр адамның психотипі бір-бірінен ерекшеленеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу