Биылғы жылыту маусымы оңай соқпайын деп тұр

2131

Қазақстан жылыту маусымын толық бастамай жатып, күрмеулі мәселелерге жолығуда.

 Биылғы жылыту маусымы оңай соқпайын деп тұр

Ел "тас отыннан" тарықты

Жұртшылық әлеуметтік желіде өңірлерде көмір жетпей жатқанын айтып, дабыл қақты. Энергетика министрлігі енгізген жаңашылдыққа сәйкес, енді көмір өндірушілер өнімін электронды алаңда сатады. Ал биржада көмір партиялары ым-жымы бір компанияларға сатылып, олар нарыққа өз талабын таңған жағдай кездесіпті.

Отынға қатысты мәселе ауыл-аймақ түгіл, елорда да бар екен. Астана тұрғыны Дана Әлиева бұл өнімді алу мұңға айналғанын айтады.

"Бүгін Герцен көшесіндегі тұйықтарды аралап, көмір іздедік. Біздің жалдап апарған жүк көлігімізді кіргізбей қойды. "Тіпті кезекке де тұрмаңыздар!" деп қатаң ескертті. Әлдебір машиналарға көмір артып қойыпты, олар сол жерде тұра қалып, көмірді қаппен сатып жатыр. Бұл саланы бақылап, реттейтін біреу бар ма билікте? Ұялы телефонымның батареясы отырып қалып, видеоға түсіре алмай қалдым", – дейді ол.

Қайта барғанда бүкіл былықты бейнежазбаға жазып, әлеуметтік желіге салуға ниетті.

Ал астаналық Алтын Сулекешева Көктал-2-дегі ет комбинаты жанында Шұбаркөл көмірі сатылып жатқанын жеткізді.

"Сапасы жақсы. Полицейлерді қойыпты. Олар өз көліктерімен келушілерді жазып, кезекке тұрғызады. Барлығы ұйымдасқан, лайықты түрде жасалған. Тәртіп бар. Шұбаркөлдің тасты көмірінің тоннасы 13 мыңдай тұрады. Рас, 5 тоннадан сатуда. Жеткізу бағасы 10 мың теңгеден", – дейді ол. 

Дегенмен, елорданың жанында көмірдің бір тоннасын алыпсатарлар 20 мың теңгеден сататын көрінеді.

Алыпсатарлар үлкен көлемде клиент жоғалтуда

Нұр-Сұлтан әкімдігінің дерегінше, қала тұрғындары үшін 14 жерде көмір сатылуда. Елорда әкімдігі көмір өткізумен айналысатын компаниялармен отын бағасының өсуіне жол бермеу жөнінде меморандумдар жасасты.

"Қалада көмір сататын 8 компания бар. Қалаға жеткізілетін көмірдің негізгі бөлігі 14 орынға жеткізіледі және саудасы сол жерде жүзеге асырылады. Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі барша тұрғындарға көмірді қыркүйек айынан бастап, алдын ала сатып алуға шақырды. Күн суығанда көмірді жұрттың бәрі жаппай сатып алатындықтан кезектер туындауы мүмкін", – деген болатын Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Отын-энергетикалық ресурстар бөлімінің басшысы Мақсат Есмағұлов.

Әкімдіктің дерегінше, астанада қара отынға келесідей орташа баға белгіленген: "Шұбаркөл" өнімінің тоннасы – 13 200 теңге, "Қаражыра" тоннасы – 13 500 теңге, "Майкүбі" тоннасы – 12 000 теңге, "Богатырь" көмірінің тоннасы – 9 500 теңге.

Нұр-Сұлтан әкімдігі елордада көмірді келесі мекенжайларда сатып алуға болатынын еске салады: 1) Герцен көшесі, 4/1 (Қаражыра көмірі); 2) "Сороковая" станциясы (Қаражыра); 3) Герцен көшесі, 6/2 (Ұсақ "Богатырь", Майкүбі, Қарағанды, Жалын, Қаражыра, Шұбаркөл); 4) Көктал, 28/1 (Майкүбі); 5) Жұбанов көшесі, 35 (Шұбаркөл); 6) Көктал, 28/2 (Шұбаркөл); 7) Ж.Жабаев көшесі, 68 (Қаражыра); 8) Мақат к-сі, 40 (Қаражыра); 9) Герцен көшесі, 6Б ("Богатырь", Қаражыра, Жалын, Майкүбі), 10) "Сороковая" станциясы (Шұбаркөл) және басқасы.

Сондай-ақ, 109 нөмірі бойынша "қауырт желі" арқылы қала тұрғындары көмір саудаланатын орындардағы отын құны мен қорлары туралы біле алады. Бұл ақпарат күн сайын жаңартылып отырады.

Жалпы, көмір жеткізуші делдалдардың "танауын көкке көтеріп", бәлсінетін жөні жоқ: елде газдандыру қарқын алған сайын бұлардың клиенттері қарқынды түрде азайып келеді.

Мысалы, қала әкімі Алтай Көлгіновтың айтуынша, биыл астананың өзінде Көктал-1, Көктал-2, Теміржолшылар, Агроқалашық елді мекендерінің тұрғындары газға қосылды. Яғни, олар биыл көмір алмайды. Биылғы күз аяқталғанша, қаладағы Оңтүстік-Шығыс, Промышленный, Агроқалашық (қосылмаған бөлігі) елді мекендерінің тұрғындары магистралді "көгілдір отынға" қол жеткізбек. Нәтижесінде, көмір жеткізушілер бұл аудандардағы клиенттерінен де қағылады.

Сондай-ақ, "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ-ы бүгінде Күйгенжар, Мичурино, Интернациональный елді мекендерінде газбен жабдықтау желілерінің құрылысын жүргізуде. Бұларды жыл соңына дейін газбен қамту жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, "Сарыарқа" магистралді газ құбыры толыққанды іске қосылған соң, бүкіл Қарағанды және Ақмола облыстарындағы 171 елді мекен, соның ішінде Щучинск, Бурабай, Қарағанды, Теміртау, Жезқазған, Сәтпаев, Саран, Шахтинск және басқасы көмірден бас тартып, "көгілдір отынға" көшеді деп жоспарлануда.

Бұл ретте 192 жеке және 48 шағын коммуналдық қазандық, 22 мың тұрғын үй көмірге тәуелділіктен құтылмақ. Болашақта "Сарыарқа" құбыры СҚО мен Петропавлға дейін тартылады деп күтілуде.

48 мыңдай тұрғын үй орталықтан жылытылуға тиіс

Әзірге тіпті орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған тұрғын үйлердің тұрғындары пешінің түтіні бұрқыраған үйлерге қызыға қарауда. Мысалы, Алматы маңындағы Боралдай қалалық үлгідегі кентінің тұрғындары баспаналарында отырып жаурап қалыпты. Олар жылуды қосуды сұрап, әкімқаралардың мазасын алды.

"Біздің Боралдайда бұл проблема жылда қайталанады. Алматыда жылыту маусымы биыл 2 қазанда басталды, ал Боралдай жылусыз қалды. Тек 15 қазаннан кейін жылу беріледі деп отыр. Түнде температура далада -2-ге дейін төмендейді. Күндіз көбіне +10 градустың ар жақ-бер жағында. Пәтерлерімізде +13 градус, өте суық", – дейді кент тұрғыны Анна Корнеева.

Тұрғындар мәселенің мән-жайын білмек болып, "АятЭнергоСервиске" хабарласыпты. Ондағылар үйлердің қосуға дайын еместігін және былтырғы жылу маусымына қарыздардың көптігін алға тартыпты.

"Мен пәтер иелері кооперативтінің төрағасына қоңырау шалдым, ол тұрғын үйлеріміздің баяғыда тексеруден өтіп, дап-дайын тұрғанын мәлімдеді. Бірақ жылытуға қатысты проблемаға ПИК-ті араластырмауды сұрады. Боралдай әкімдігіне де телефон соқтым, ондағылар әкімнің орынбасарымен байланыстырды. Ол монополияға қарсы орган бекітілген күннен артық отын жағып, жылытуға рұқсат етпейді, тиісінше, әкімдік градусник бойынша ауа температурасын бақылап отыр деді. Біз антимонополиялық комитетке хабарластық және орынбасардың дәйектемесін келтірдік: ондағылар қатты қайран қалды және жылыту маусымының ерте басталуына мүлдем қарсы еместігін мәлім етті", – дейді Анна.

Боралдай тұрғындары жылда қайталанатын сергелдеңнен шаршағанын айтады. Оның үстіне алда тағы қар жауады деп күтілуде.

Жылыту маусымы уақытылы басталмаса, елде суық тиіп ауырғандар көбейеді. Ендеше пневмония және коронавирус пандемиясы қайта өршуі ғажап емес.

Үкіметтің осы мәселеге арналған биылғы отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов 2020-2021 жылғы жылу беру маусымының қорытындысында коммуналдық қызметтер үшін тұтынушылардың берешегі артқанын жария етті. Қарыз 15,4 миллиард теңгені құрап, алдыңғы жылдан 600 млн теңгеге ұлғайды. Ең көп берешек Шымкент тұтынушыларына тиесілі – 3 млрд теңге. Нұр-Сұлтанда – 2,9 млрд, Алматы қаласында – 2,5 млрд, Қызылорда облысында – 1,2 млрд, Маңғыстау облысында – 1 млрд теңге болды.

Ал жаңа 2021-2022 жылғы жылыту маусымында әлеуметтік саланың 65 мыңнан астам объектісі жылуға қосылуға тиіс. Оның ішінде 6 мыңы – денсаулық сақтау нысаны, 11,2 мыңы – білім беру объектісі, 47,6 мыңы – тұрғын үйлер. Қазіргі кезде елде 11 мың автономды қазандық және 19 мың шақырым инженерлік желі бар.

2021 жылғы 15 қазанға дейін барлық дерлік елді мекенде инженерлік инфрақұрылым жүйесін дайындау жұмыстары аяқталып, жылыту маусымы басталуы, автономды қазандықтарда отынның нормативтік қоры қамтамасыз етілуі керек.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу