banner

Демократиясы жөнінен дамыған елдер сапындағы Моңғолия неге бүлінді?

3594

Бұл елде көмір үшін күрес өмір үшін күреске айналғандай. "Моңғол ғажайыбының" бір сыры жаппай бас көтеруге триггер болғанға ұқсайды. 

Демократиясы жөнінен дамыған елдер сапындағы Моңғолия неге бүлінді? Фото: katehon.com

Соңғы он жыл бойы, бертінге дейін Моңғолия бүкіл әлемді тамсантып келді. Дүниежүзілік банк осы өңірдегі үш маңызды елдің даму көрсеткіштерін өзара салыстыратын есебін жариялап тұрады. Оған сәйкес, 2011 жылы Қытайдың жалпы ішкі өнімі – 9,6%, Қазақстандікі – 7,4% өссе, ал Моңғолия ЖІӨ-сі бірден – 17,3%-ға артқан. 2012 жылы ҚХР ЖІӨ-сі – 7,9%, Қазақстанда – 4,8% болса, Моңғолия – 12,3% межесін бағындырды. Пандемия қарсаңында да өсім жалғасты: 2018 жылы шың елінде ЖІӨ – 6,7%, қазақ елінде – 4,1% ғана болса, ал Моңғолияда 7,7%-ға жеткен. Бұл сол кездегі әлемдегі ең жоғарғы өсімнің бірі еді.

Бірақ коронадағдарыс дәл осы елге бәрінен көп соққы бергенге ұқсайды. 2020 жылы ҚХР экономикасы 2,2% ғана өсе алды. Қазақстан экономикасы 2,6%-ға төмендеді. Ал Моңғолия экономикасы  4,6%-ға құлдырады. Былтырғы жыл қорытындысында Қытайдың жалпы ішкі өнімі – 8,1%-ға, Қазақстанның ЖІӨ-сі – 4%-ға артты. Ал Моңғолияның ЖІӨ-сі небәрі 1,4%-дық өсім көрсетіп, экономиканың рецессияға таяп тұрғанын паш етті.

Қалай болғанда, соңғы он жылда Моңғолия экономикасы он есеге ұлғайған. Мұндай өсім Қазақстан үшін арман ғана.

Моңғолияның Стратегиялық зерттеулер институтының зерттеушісі Чулуунгомбо Нарантуяаның түсіндіруінше, "моңғол ғажайыбының" бір ұстыны – демократияландыру болды: мемлекет жеке басқа табынуға, бір адамның билікті басып алуына жол бермеу үшін парламенттік демократияға көшті. Қазақстан мен Қытай ел тізгінін ұстаған көшбасшысының билігін барынша күшейтіп жатқанда, Моңғолия керісінше, 20 жыл бойы саяси институттарды дамытуда, саяси жаңғыруда қомақты жетістіктерге жетті.

Нәтижесінде, The Economist Intelligence Unit зерттеу ұйымы түзетін демократия деңгейі бойынша жаһандық рейтингте (Democracy Index) 2021 жылы Қытай – 148-ші (авторитаризм), Қазақстан – 129-шы (авторитаризм) орынды місе тұтты. Ал кішкентай Моңғолия – 62-ші (кемел емес демократия) тұғырға биік көтерілді. Салыстыру үшін айтсақ, қазақстандық бұрынғы билік ұлық тұтып, үлгі еткен Сингапур (66-орын) демократиясы жөнінен моңғол елінен төмен тұр. Бұл мемлекеттегі парламенттік жүйе биліктің бір саяси күштен екіншісіне байыппен, бейбіт, тыныш көшуін қамтамасыз етеді деп танылды.

Дегенмен, бәрін экономика бүлдіргенге ұқсайды. Оның пандемия басталғалы құлдырағаны әлгінде Дүниежүзілік банк есебінен әйгілі болды. Оның үстіне Моңғолия екі елге қатты тәуелді.

Отставкадағы генерал Лувсангомбо Моломжамцтың мәліметінше, Моңғолияның сыртқы саясатының басымдықты бағыты ретінде Ресей мен Қытай ғана белгіленген. Мемлекет осы қос алпауыттың қыспағында тұр. Ал АҚШ, Еуропа, Қазақстан, Орталық Азия және басқа мемлекеттер "үшінші көрші" аталады екен. 2010 жылдан бергі сыртқы саяси құжаттарда әлгі екеуінен өзге мемлекеттердің бәрі "үшінші көрші" деп ресми жазылыпты.

Моломжамцтың айтуынша, 1990 жылға дейін Моңғолия толығымен дерлік Ресейге тәуелді болды. Содан кейін КСРО бірінші және соңғы президенті Михаил Горбачев бұл елден кеңес әскерлерін толығымен шығару туралы шешім қабылдады. Нәтижесінде, ғасырға жуық уақыт бойы құрылған әскери байланыстар үзілді. Өлкеде Қытайдың ықпалы күш алды. РФ бұл көршісін стратегиялық маңызды емес деп санап, Орталық Азиямен шектелді.

Мәскеу ықпалында болғандар өсу орнына өше беретіні мәлім. Оның құшағынан құтылған моңғол елі серпінді даму даңғылына шықты. Оған Қытай көршісі қатты ықпал етті. Соның қорытындысындай, бүкіл бүгінде бүкіл моңғол экспортының 86%-ы – ҚХР-ге тиесілі. Осылайша, бұл ел жұңғо еліне қатты тәуелді болып қалды. Ал пандемия кезінде карантиндік шектеулерге бола, Қытай түрлі кедепгі-тосқауылдар қойып, көршілерінен келетін импортты күрт азайтты. Салдарынан, оған қоңсы қонған елдің экономикасына нұқсан келді.

Осы күрделі жағдайда Моңғолияның басты экспорттық тауары саналатын көмірдің үлкен көлемі ҚХР-ға көлеңкелі жолдармен, заңсыз сатылып келгені әшкере болды. Бұл жағдай халықтың ашу-ызасын тудырды. Себебі, Моңғолияда ұлттық компаниялардың, соның ішінде көмір өндіруші алпауыттың акциялары халыққа таратылған. Ол тұрғындардың жақсы бір табыс көзі саналады. Сондықтан осы саладағы жемқорлықты әрбір моңғол өз отбасының әл-ауқатына жасалған қастандық ретінде жанына жақын қабылдаған көрінеді. Егер көпмиллиардтық экспорт есепке алынбаған болса, онда халық та орасан зор дивидендтерден қағылды деген сөз.

Қызуы басылғанымен, төртінші күн қатарынан ел астанасы Ұлан-Батырда халықтың наразылық акциялары жалғасуда. Бейберекетсіздіктер Қытайға көмір экспорты саласында коррупциялық схемалар кеңінен қолданылғаны туралы хабарлар тарасымен, басталған болатын. Жергілікті ақпарат құралдарының ақпаратынша, 6,5 миллион тонна көмірдің заңсыз сатылуы кесірінен қазынаға 1,8 миллиард доллар түсім түспей қалған. Әйткенмен, кейбір бағалаулар бойынша жемқор шенеуніктер ұрлаған ел қаржысының жалпы көлемі 44 триллион тугрикке (12,9 миллиард долларға) жететін көрінеді. Халық сол қылмысқа қолын арамдаған шенділердің атын атауды және қатаң жазалауды талап етіп жатыр.

"Қытайға көмір өткізу саласында коррупциялық схеманың бірнеше жыл бойы іске асырылғаны туралы ақпарат халықтың бас көтеруіне түрткі болды. Оған сәйкес, Моңғолияның ҚХР-ға сатып келген көмірінің бір бөлігі салық салусыз, заңсыз тасылып отырған. Схема бірнеше жыл қатарынан жұмыс істеген. Халық ұзақ уақыт бойы алданғанын сезінді. Бұған шыдамаған жастар дүрк көтеріліп, алаңға өз бетінше жинала бастады. Олар жолай кездескеннің бәрін қиратуға кірісті", – дейді РФ Ғылым академиясының Шығыстану институтының Корея және Моңғолия бөлімінің меңгерушісі, саясаттанушы Александр Воронцов.

Әлеуметтік желіде митингке шыққандардың Ұлан-Батыр орталығындағы Үкімет үйін басып алуға батыл талаптанғаны бейнеленген видео тарады. Бірақ шабуылдаушыларды құқық қорғау органдары тоқтатып, кері ысыра алған. Бұдан бөлек, белгілісіз біреулердің қалалық алаңдағы басты шыршаны өртеп жібергені белгілі болды.

Содан 5 желтоқсанда кезектен тыс құрылтайына шұғыл жиналған моңғол Парламенті заңсыз митингті қуып тарату туралы шешім қабылдады. Сонымен бірге олар елде төтенше жағдай енгізу ұсынысын мақұлдаудан бас тартты.

Үкімет тәртіпті қалпына келтіріп, алаңды агрессивті жастардан тазарту үшін күш қолдануға шешім қабылдады. Бірақ қақтығыс пен қантөгіс болған жоқ: сол күні кешке Ұлан-Батыр басшысы Долгорсурэнгийн Сумьябазар Үкімет үйінің айналасындағы шерушілерді мәжбүрлеп тарату туралы өз қаулысының күшін жойды. Себебі, наразылар алаңды өз еркімен тастап кеткен. Сондықтан астана губернаторы "Демонстрациялар мен жиналыстарды қуып тарату туралы" №А/1517 бұйрығынан бас тарту жөнінде өкім шығарды. 

Жалпы, бұл жанжалды схеманың ұштығын табу қиынға түсу де мүмкін.

"Схема бірнеше жыл бойы жүзеге асырылған. Ал Моңғолияда шынайы демократия екенін ескерсек, осы жылдары онда талай рет билік ауысты: Үкіметке демократтар келді, қазір олар оппозицияда, бүгінде ел тізгінін Моңғол халықтық партиясы ұстап отыр. Бұлардың қайысысы көбірек кінәлі екені белгісіз. Әрине, осынша ірі көлемде қаржы жымқыру үшін оған биік лауазымды тұлғалардың үлкен тобы тартылғаны даусыз. Тіпті парламент депутаттары да үлестес болып шығуы мүмкін. Оппозициялық күштер саяси қарсыластарына қысым көрсетіп, жығу үшін бұл жанжалды да пайдаланып қалуға тырысуы ықтимал", – деді А.Воронцов.

Мұндай сынақтан іс басындағы Үкіметтің қалай өтетіні беймәлім.

Бұл ретте жемқорлық арнадан кімдердің қоректенгенін Қытай жағы білетін болып шықты. ҚХР Моңғолиядан көмірді ұрлап тасуға қатысқан қытайлық шенеуніктерді өлім жазасына кісті. Сонымен бірге Бейжің осы іспен байланысты моңғол саясаткерлерін анықтаған. Олардың аты-жөндері Моңғолияның Үкімет басшысы Лувсаннамсрайн Оюун-Эрдэнэге жолданыпты.

Жергілікті News.mn порталының хабарлауынша, елде тәртіп қалпына келтіріліп жатыр. Бірақ халық енді сол тізімді жария ету талабында табандауын жалғастырған.

Өзге елдерді үнемі тұрақсыздық жайлағанын қалайтын сыртқы зәлім күштер күткендей, Моңғолияда төл "желтоқсан оқиғалары" болмайтын сияқты. Оның қажеттілігі де жоқ. Өйткені бұл ел саяси билік транзитіне қатысты ауыр түйткілдерден ада.

Алайда Моңғолиядағы жағдай сыбайлас жемқорлықтың кез келген, соның ішінде демократиялық дамуда көп ілгерілеген мемлекеттің де діңгегін шірітуге қабілетті екенін аңғартты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу