Дуальды оқыту жүйесіне қатысатын кәсіпорындардың шығынын өтеуді ұсынамын – білім министрі

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2741

Елімізде орта арнаулы білім алушылардың 19,8 пайызы ғана оқуларын өндірістік жұмыспен ұштастырып жүр.

Дуальды оқыту жүйесіне қатысатын кәсіпорындардың шығынын өтеуді ұсынамын – білім министрі Фото: primeminister.kz

"Жастарымыз заман талабына сай білім алып, біліктілігін арттыру үшін ең алдымен жұмыс берушілерді техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне тарту керек. Сапалы маман дайындауда дуальды оқу жүйесінің рөлі зор екендігі белгілі. Ал бізде осы жүйе бойынша қамтылған оқушылардың үлесі 19,8 пайызды ғана құрайды. Жұмыс берушілердің пікірінше, оның дамуына практиканы ұйымдастырудағы кәсіпорын шығынының өтелмеуі, оқушылардың қауіпсіздігі үшін жауапкершілікті қамтамасыз ету мәселелері тежеп отыр. Осы мәселелерді шешуіміз керек. Дуальды оқытуға қатысатын кәсіпорындардың шығындарын өтеуді ұсынамыз", – деді бүгін Үкімет отырысында білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова.

Сондай-ақ ол кәсіпорындарды ынтыландырудың басқа да жолдарын қарастыру керек деп есептейді.

"Барлық студенттерге қауіпсіздік техникасы мен өнеркәсіптік қауіпсіздік курстарын ұйымдастырып, олардың өндіріс талабына сай сынақ тапсырып, кәсіпорындарда тәжірибеден өтуге рұқсат алуын да қамтамасыз ету керек. Өнеркәсіпті ынталандырудың басқа да жолдарын қарастыру маңызды. Осы орайда біз "Алтын сапа" шарасында дуальды оқыту жүйесін енгізген "үздік кәсіпорын", "үздік тәлімгер" және "техникалық кадрларды дайындайтын үздік колледж" аталымдарын қарастыруды ұсынамыз", – деді еліміздің бас мұғалімі.

Бұдан бөлек министр колледждерді сатып алу құқығынсыз сенімді басқаруға беруді қолға алуды ұсынды. Дуальды оқыту жүйесін дамыту үшін осындай қадамға барған жөн деп есептейді министр.

"Колледждердің құқықтық ұйымдастыру нысаны, ескірген материалдық-техникалық базасы, қолданыстағы оқу бағдарламалары дуальды оқыту процесін тежеуі мүмкін. Сондықтан біздің министрлік экономика мен еңбек нарығына сай оқу мазмұнының тәжірибемен тығыз байланыстылығын, орта білім және арнайы пәндерге сәйкестендіруге мүмкіндік беретін икемді оқу бағдарламаларын қарастыратын болады", – деді Күләш Шәмшиденова.

Оның айтуынша, сенімді басқаруға экономиканың түрлі саласындағы 150-ден астам өндіріс көшбасшылары, техникалық, технологиялық бағыттағы жоғары оқу орындары, үздік колледждер қатысуға ынта білдіріп отыр. Бұл оқу жоспарларын еңбек нарығының талаптарына сәйкестендіруге, жаңа технологиялар негізінде жабдықталған өндірісте студенттердің практикасын ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

"Бүгінде Павлодар, Алматы облыстарында 5 колледжді кәсіпорындар сенімгерлік басқаруға алған. Солардың ішінде "Агродаму" ЖШС тәжірибесін атап өтуге болады.  Өздеріңізге белгілі APEC PETROTECHNIC колледжі Атырау облысындағы мұнай-газ саласындағы екі колледжді сенімгерлік басқаруға алуға ниет білдіріп отыр. Бұл оқу орны NCER, OPITO, IIW, Кембридж университетінің халықаралық стандарттарымен жұмыс істейді. Сондай-ақ Теңізшевройл, "СCC", "Аджип"", FIRCROFT, Halliburton  сияқты компаниялар аталған колледжге үлкен сенім білдіріп, өз оқу орталықтарын жапты. Осы колледжге өз қызметкерлерін біліктілігін арттыру және қайта даярлау үшін жіберіп отырады", – деп толықтырды сөзін министр.

Күләш Шәмшиденованың сөзінше, сенімді басқаруға беру "Университет-колледж-өнеркәсіп" сияқты үш жақты ынтымақтастықты қалыптастырады. Бұл өз кезегінде үздіксіз білім беру жүйесін дамытуға, ресурстарды шоғырландыруға мүмкіндік бермек.

Премьер-министр Асқар Мамин білім және ғылым министрінің ұсыныстарын толықтай қолдайтынын жеткізді. 

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу