Екі торттан 200 тонна өнімге дейінгі бейнет

Клара Ларина Клара Ларина
2306

Оңтүстік Қазақстан облысындағы кәсіпкер Гүлзия Бейсебаева өз ісін екі торт пісіруден бастаған.

Екі торттан 200 тонна өнімге дейінгі бейнет

Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданындағы "Әсем-Гауһар" кондитерлік цехының басшысы Гүлзия Бейсебаева өз ісін осыдан 13 жыл бұрын бастаған еді.

Кондитер-технолог мамандығын меңгерген ол Қарағанды және Оңтүстік Қазақстан облыстарында жұмыс істеп, 1990 жылғы дағдарыс кезінде жұмыссыз қалған.

"Мен қолымнан келген жұмыстың барлығын істеп, саудамен де айналыстым. Сол кезде аудан орталығындағы базарда торт және басқа кондитерлік өнімдерді сататынын көрдім. Олардың сапасы ойдағыдай емес болатын. Содан кәсіби тұрғыдан дайындалған өнімді дайындауға бел будым. Үйдегі қолда бар заттан екі торт дайындап, базарға апардым", – деп Гүлзия Бейсебаева алғашқы торт сатқанын есіне алды.

Алайда барлығы оның ойлағанынан да керемет болды. Базарға шыққан күннің ертеңіне алғашқы сатып алушылар тапсырыс беріп, өздерімен бірге тағы екі адамды алып келген. Осы төрт адамнан кейін тағы бірнеше адам тапсырыс жасаған. Осылайша торт сатып алушылардың саны күн санап арта бастаған.

Тортқа деген сұраныс көбейгеннен кейін шағын орынды жалға алып, қасына екі көмекші жалдайды. Алайда бірнеше айдан кейін сатып алушылар саны артып, бұл орын да тар болып қалған.

Содан кондитерлік цех ашуды ойлап, аудандық әкімдіктен Шарапхана ауылынан бос жер сұрайды. Әкімдік оның өтінішін қанағаттандырады. Өткенге ой жүгірткен кәсіпкер сол кезде сауда жасауға лайықты орын деп көлік көп жүретін жерді таңдағанын айтты. Бұл бірнеше ауылға барар жолдың түйіскен жері еді.

2004 жылы шағын сауда орны бар кондитерлік цех ашқан Гүлзия өз ойының дұрыс болып шыққанына көзі жетті. Жаңа ғана піскен дәмділерді алатын тұрақты сатып алушылар әр ауылдан келе бастайды. Олардың ішінде аудан орталығынан арнайы келетін сатып алушылар да бар.

"Бүгінгі күні кондитерлік өнімнің жүзге жуық түрін дайындаймыз. Олар – торт, тәтті нан, кекс, тоқаш. Бір жылда 200 тоннаға дейін өнім шығарамыз. Өзіміздің дүкенімізден басқа дүкендер мен жергілікті базарда да сатамыз. Сондай-ақ мектеп пен балабақшаларға да апарамыз", – деп әңгімеледі цех басшысы.

Табысты кәсіпкер цехты іске қосып, 25 адамды жұмыспен қамтыған. Сонау қиын кездерді есіне алған кәсіпкер ауылдастарын жұмыспен қамтығысы келгенін айтты. Цехта жұмыс істейтіндер шамамен 70-80 мың жалақы алады.

Кәсіпкер өз ісін ашуға сырттан ешқандай ақша алмаған. Керек жабдықтың барлығы саудадан түскен ақшаға алынған.

Бірақ алдағы уақытта банктен несие алатын ойы да бар екенін жасырмады. Өйткені биыл Қазығұрт ауылында екінші цехты іске қосу керек. Өнімге деген сұраныстың көптігі сонша – бір цех тапсырысты орындауға үлгермейді.

"Өнімге деген сұраныстың тұрақтылығы және жалпы бизнестің өркендеуіне бірнеше себеп бар. Ол – өнім дайындауда тек қана таза қосындыны қолдану және бағаны ұстап тұру", – дейді кәсіпкер.

Ал ең басты құпия – жұмысқа жан-тәніңмен кірісу екенін айтады кәсіпкер.

"Кондитерлік өнімді шынайы көңілмен дайындау керек. Яғни өзіңе жасағандай ету керек. Өзім үнемі осылай жасаймын, жұмысшыларымды да осыған үйретемін. Кез келген жұмысқа жаныңды салып істеу керек. Сонда ғана одан нәтиже шығады", – дейді Гүлзия Бейсебаева.

Клара Ларина, Қазығұрт – Шымкент

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу