Ел сұранысының жартысын "ЕвроХим" өтейді

3478

Компания Жаңатаста минералды тыңайтқыш шығаратын химиялық кешен салмақ.  

Ел сұранысының жартысын "ЕвроХим" өтейді

Химиялық кешеннің құрамына минералды тыңайтқыш шығаратын зауыт және Жамбыл облысындағы Қаратау фосфорит бассейні кен орнын өңдеумен айналысатын кәсіпорын енеді. Қазіргі уақытта компания жобаның алғашқы кезеңін (инвестиция көлемі - 120 млн доллар) аяқтады. Яғни Жаңатаста тау-кен өндірістік кешені бой көтерді. Кен дайындау кешенінің өндірістік қуаттылығы (орташа ұсақтау торабы және құрғақтай тарту) Аралтөбе жалпыөндірістік алаңымен сәйкестендірілген. Компания биыл 640 мың тонна фосфорит ұнын өндіруді жоспарлап отыр.  

Жобаның екінші кезеңіне Жаңатастағы минералды тыңайтқыш өндіретін химиялық кешеннің құрылысы жатады. Кешен 2020 жылға дейін салынуы тиіс. Алдын ала есептеулер бойынша, қажетті инвестиция көлемі - 950 млн доллар. Кешен жылына 1 млн тоннадан артық минералды тыңайтқыш өндірмекші. Химиялық кешенде жемдік қоспа (DCP), минеральды тыңайтқыш (K2SO4, MgSO4), NPK тыңайтқышы (азофоска), CaCl2 химиялық өнімі және гипс шығады.  

"Екі кезең де толықтай "ЕвроХим" компаниясының өз капиталы есебінен жүзеге асырылуда", – деді abctv.kz-ке берген сұхбатында "ЕвроХим-Қаратау" бақылаушылар кеңесінің мүшесі Еркебұлан Мырзағалиев.

Оның айтуынша, фосфат рудасын технологияның көмегімен толықтай қайта өңдеуден өткізу арқылы дайын өнімнің қоршаған ортаға әкелер залалы едәуір азаяды. Сонымен қатар сумен жабдықтау жүйесінің тұйықтығы су тұтынуды төмендетеді әрі жүйедегі орынсыз апаттардан сақтайды. Кешен өзінің энергоресурсын өндіру арқылы электр энергиясын тұтыну көлемін азайтады.  

Еркебұлан Мырзағалиевтің сөзінше, ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің болжамы бойынша, Қазақстанның минералды тыңайтқышқа деген сұранысы жылына шамамен 2 млн тоннаны құрайды.

"Бізге осындай өтініш келіп түсті. Сондықтан осы көрсеткішке бағдар жасадық. Қазіргі таңда жалпы тұтыну көлемі жарты млн тоннаны құрап отыр. 2 млн тонна өнім өндіру біз үшін бастапқы кезеңде өте тиімді болар еді", – дейді топ-менеджер.

2020 жылға қарай "ЕвроХим" Қазақстанға қажетті минералды тыңайтқыштың жартысын қамтамасыз етпек.

"Біз өз өнімімізді экспортқа да шығарамыз. Қытай, Иран, Ауғаныстан, Түркіменстан және Өзбекстан нарығына жол тартуды көздеп отырмыз. Әрине ең алдымен Қазақстан нарығын қамтимыз. Артылғаны алыс-жақын шет елдерге жөнелтіледі", – деді компанияның жоспарларымен бөліскен Еркебұлан Мырзағалиев.

Осылайша "ЕвроХим" болашақта Қазақстан аумағындағы тауар тасымалдау және логистикаға қатысты тәсілдерді өзгертуі мүмкін.

"Вагондарға тиелген тыңайтқыш станцияларға жеткізіледі. Арнайы қоймалардың жоқтығынан өнім станцияларда тұруы мүмкін. Сонымен қатар аграрларда оны бірден тасымалдап алатын техника жоқ. Сондықтан біз өңірлерде арнайы қойма салуды жоспарлап отырмыз. Осылайша фермерлерге қажетті тыңайтқыш көлемін еш қиындықсыз жеткізіп беретін боламыз", – деді Еркебұлан Мырзағалиев.   

Еркебұлан Қыздарбек, Құралай Әбілғазина

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу