Елбасы қырғыздың жаңа басшысына ағалық ақыл айтты

3719

Елімізге тұңғыш президенттік ресми сапарымен қырғыз елінің жаңа басшысы Сооронбай Жиенбеков келді.

Елбасы қырғыздың жаңа басшысына ағалық ақыл айтты Фото: akorda.kz

Астана Алатаудың арғы бөктеріндегі бауырлас ел-жұрттың жаңа көшбасшысын қалың жауған аппақ қармен қарсы алды.

Қадірменді қонағын өз ақордасында елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қабылдады. Алдымен қос мемлекет басшылары жеке отырып, жүздесті. Бұл ретте журналистер хаттамалық түсірілімге жіберілді.

Ақпарат құралдарының алдында Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстанның жаңа сайланған президентіне ағалық ақылын айтты. Елбасы Қырғызстанның жаңа президенттік командасы көтеретін кез келген мәселені шешуге әзір екендігін нықтады.

"Біз сізді күттік және қуана қарсы алып отырмыз. Қазақстан сіз бастаған делегация көтеретін мәселелерді шешуге толық дайын. Біздің елдеріміз тәуелсіз мемлекет ретінде 26 жылдан бері өмір сүруде. Осы уақыт ішінде Қазақстан, мен өзім бірде бір рет Қырғызстанның атына жаман сөз айтып, жаман қадам жасап көрген емеспін. Дұрысы – осы! Әйтпесе, біз келеміз-кетеміз, ал көрші екі ел бізге дейін болған, бізден кейін де тұрады", – деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Ол ата-бабамыз елдеріміздің бауырластығын сақтап, бізге жеткізгенін айта келе, енді қазіргі және келер ұрпаққа артылған аманат – халықтарымыздың достығын қызғыштай қорып, өзара жақсы қарым-қатынастарды өрістету және ұрпақтан ұрпаққа табыстау болатынын ескертті.

Қырғыз басшысы бұл айтылғанды бас изей құптады. Өз кезегінде ол елбасыға Қазақстанға сапармен келуге шақырғаны үшін зор алғысын жеткізуге асықты. Сондай-ақ Бішкек Астананың аймақтағы көшбасшылығын сөзсіз мойындайтынын аңғартты.

"Ұшақтан түсе салысымен, бізді жылы қарсы алдыңыздар. Біз оны сезіндік. Президент болып сайланғанымда, сіз маған жылы лебізді құттықтау жолдадыңыз. Мүмкіндікті пайдалана отырып, алғысымды білдіргім келеді. Сіз біздің ақсақалымызсыз, үлкен ағамызсыз! Қазақ пен қырғыз – бір туған бауырлас халықтар. Біздің мекендейтін кең даламыз да бір, біз бір бастаудан су ішеміз, бір жолмен бірге жүреміз. Ендеше стратегиялық байланыстарды нығайтуға, біздің одақтастық уағдаластықтарымызды нақты іспен бекітуге мен бар күшімді салатын боламын", – деп сөз берді Сооронбай Жиенбеков.

Ол қазақ пен қырғыздың жаңа заманда тәуелсіз мемлекеттер ретінде дипломатиялық қатынастар орнатқанына ширек ғасыр, ал мәңгілік достық туралы келісім бекіткеніне тура 20 жыл толып отырғанына назар аудартты.

"Осы сапарым аталған мерейтойлық датаға сәйкес келіп отыр. Сіз дұрыс айттыңыз, бұл дүниеде қырғыз бен қазақтан жақын халықтар жоқ", – деп ілтипат білдірді Қырғызстан президенті.

Ары қарай әңгіме сырт көзден тыс, оңашада жалғасты. Артынша қос президентке екі елдің ресми делегацияларының өкілдері қосылып, кеңейтілген құрамдағы келіссөздер өтті.

Елбасының айтуынша, жеке кездесуде "шешілуіне екі ел қатысуға тиіс өңірлік саяси мәселелердің кең ауқымы" қаралған. Ал кеңейтілген құрамда Қазақстан мен Қырғызстанның екіжақты қарым-қатынастарының күн тәртібінде тұрған көкейтесті проблемалардың шешімі пысықталды. Нұрсұлтан Назарбаев Минскідегі кездесуден бері екі ел үкіметтері орасан зор жұмыс атқарып, екі жақты толғантқан мәселелердің біразын күн тәртібінен түсіре алғанын айтады.

Ол Қазақстан мен Қырғызстан арасында шешімін таппайтын проблема жоқтығын атап өтті. Оның мәліметінше, биылғы он айда екі мемлекет арасындағы өзара сауда 13%-ға өскен. Қазақ елі қырғыз елінің басты бір инвесторы болып табылады. Тәуелсіздік жылдарында біздің мемлекет пен бизнесмендер қырғыз экономикасының өркендеуіне шамамен 650 миллион доллар инвестиция құйыпты. Қазақстан қырғыз бизнесі мен капиталының өз елімізде, отандық нарықта табыс табуына жол ашты және жағдай жасауда. Нәтижесінде, елімізде қырғыз кәсіпкерлерінің қатысуымен 700-ден артық кәсіпорын өз бизнесін дөңгелентуде.

Қазақстан президенті енді еуразиялық ықпалдастық жағдайында және одақ шартымен жұмыс жасау керектігін айтты.

Екі елдің бұқаралық ақпарат құралдарына арналған брифингте мемлекет басшысы Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы өзара сауданы 2020 жылға қарай 1 миллиард долларға дейін жеткізу міндеті қойылып отырғанын мәлімдеді.

"Инвестициялық ынтымақтастықты жақсарту, сауда-экономикалық байланыстарды жандандыру мақсатында екі елдің іскерлік кеңесін құру мүмкіндігін талқыға салдық. Бұл алаң біздің елдеріміздің бизнесмендері, шаруашылық субъектілері арасындағы тікелей байланыстарды нығайтуға, іскерлік әріптестікті күшейтуге мүмкіндік береді. Кәсіпорындар арасындағы даулы жайттарды реттеуге ықпал етеді", – деді елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев қазақ-қырғыз шекарасында таяуда, 11 қазаннан бері ұзын-сонар кезектердің неге туындағанын түсіндіре кетті.

"Қазақстан бұл шараларды тек ЕАЭО аясында өзі қабылдаған келісімдерге сәйкес болуы үшін қабылдады. Нәтижесінде, біздің шекарадағы жағдай қалпына келді. Қазір өткізу бекеттерінде көліктердің шоғырлануы байқалмайды. Бұзушылықтар саны азаюда", – деді ол.

Нұрсұлтан Назарбаевтың бағалауынша, Қазақстан мен Қырғызстан арасында барлық салада конструктивті және сенімді диалог орнатылды.

Ақордадағы келіссөздер қорытындысында қос мемлекет президенттері Қазақстан-Қырғызстан мемлекеттік шекарасындағы режим туралы құжатқа қол қойғанын айта кеткен жөн. Сондай-ақ олар екі арадағы шекараға қадалар қағып, демаркациялау жүргізуді қарастыратын келісімді де бекітті.

Айтқандай, қазақ-қырғыз қатынастары және шешімін табуға тиіс түйткілдер бүгін парламентте де сөз болды. Депутат Роман Ким қазақстандық-қырғызстандық шекарада етек-жеңді жинақы ұстағанымыз дұрыс болатынын ескертеді:

"Біздің шекара қызметі шекарадағы жағдайдың жақсы екенін айтады. Егер бәрі жақсы болса, онда неге біздің Қырғызстанмен арадағы шекарамыз шұрқ-тесік? Екі ортада еш бақылаусыз мал контрабандасы жүруде. Және еш тоқтар емес", – деп қынжылды ол.

Шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов қырғыз елімен арадағы мемлекеттік шекараны күзетуге тек 1999 жылдан бері кіріскендерін хабарлады. Ал Алатаудың ар жағындағы айыр қалпақты ағайындар Астана құрған еуразиялық одаққа кіргелі бері, екі арада кеденшілер бақылауы жойылыпты.

"Қазіргі уақытта аталған мемшекарада тек шекаралық қызмет өкілдері ғана қалды. Бірақ бұл шекаралық өткізу бекеттерінен өтетіндерді контрабанда деп айтуға болмайды. Өйткені Қырғызстан ЕАЭО мүшесі болып табылады. Дегенмен, біз қазір белсенді түрде күресіп жатқан бір проблема бар. Бұл ретте қырғызбен арадағы мемшекараны Қордай бағытында да, Тараз бағытында да инженерлік нысандармен жабудамыз. Толық жауып болған жоқпыз, бірақ нәтижелер қазірден бар. Ең басты контрабанда – малды заңсыз айдап өту болып отыр. Бұл мәселені шешуге бүгінде баса көңіл бөлудеміз. Мемлекеттік шекараны күзетуді қамтамасыз ету үшін шекарашылар саны мен қажетті техника жеткілікті!" – деп сендірді еліміздің шекара қызметінің басшысы.

Мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божко барымта болсын, адал өсіргені болсын, малдың өткізу бекеттерінен тыс шекараны кесіп өтуі ұлттық қауіпсіздік үшін қатер болып табылатынына назар аударды.

"Біз, депутаттар, бұл мәселені жайдан жай көтеріп жүрген жоқпыз. Себебі, Қырғызстандағы эпизотиялық ахуал алаңдаушылық туғызады. Біз үйірлермен және отарлармен бірге мал дерттерінің кезекті рет елімізге кіріп кетуін қаламаймыз. Өйткені олар Қазақстанның ет және ет өнімдері, тірі мал экспортына нұқсан келтіріп, көлемін төмендетеді. Ендеше бұл бей-жайлықты көтермейтін, салмақты мәселе", – дейді вице-спикер.

Расында, аграршылардың айтуынша, бұрын Қазақ елі аусыл, бруцеллез секілді мал дерттерінің не екендігін білмейтін, олардың барлығы сырттан әкелінді. Енді Қазақстанды көптеген елдер малдың осы үрейлі індеттерінің ошағы санап, етін сатып алмайды. Олардың бетін бері бұру, экспортты өрістету үшін ел үкіметіне қаржы шығындап, зерттеулер жүргізіп, отандық өнімнің тазалығын дәлелдеуіне, халықаралық ұйымдардан "анықтамалар" жинауына тура келуде. Сондықтан қазақ елінің шекарадағы мықты күзеті мен бақылауына қырғыз ағайындардың түсіністікпен қарағаны керек.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу