Еліміздегі мектептерде 234 мың балаға орын жетіспейді

Санитарлық нормаларға сәйкес, сыныпта әр балаға 6 шаршы метр орын болуы керек, бірақ бұл талап орындалып жатқан жоқ.  

Еліміздегі мектептерде 234 мың балаға орын жетіспейді

Бүгінгі таңда білім саласындағы маңызды мәселе – үш ауысымды мектептер және білім ордаларындағы орын тапшылығы. Қазіргі кезде елімізде 234 мың балаға орын жетіспейді. 2025 жылға дейін шара қабылданбаса 1 млн бала білімге қолжеткізе алмай қалуы мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, республикада жалпы саны 137 үшауысымды мектеп бар. Нәтижесінде қаншама оқушы тиісті деңгейде білім ала алмай, кешке сабақ оқып, түнде үйге қайтіп жүр. Жауапты ведомство бұл мәселені қалай шешпек?

"Ел мектептерінде 234 мың балаға орын жетіспейді. Тез арада бұл мәселені шешу үшін мектептер салынуда. Биыл 50 мың бала мектеп бітірсе, 1-сыныпқа 400 мың бала барды. Осыдан-ақ сыныпта, мектепте, мектептерде оқушы саны артқанын байқауға болады. Ал бұл мемлекет тарапынан жылдам шара қабылдауды талап етеді. Сол үшін де 2025 жылға дейін 1000 мектептің құрылысын аяқтау жоспарланған", – деді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов онлайн брифинг барысында.

Мемлекеттік талап бойынша елдегі әр сыныпта 25 оқушыдан білім алуы керек. Алайда республика бойынша бұл көрсеткішке жеткен өңірлер санаулы. Үш ауысымды мектептер мен орын тапшы аймақтар қатарында Маңғыстау облысы, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары бар. Мәселен, Алматы білім ордаларында орын жетіспеспеушілігі 25-30 мыңға жетсе, елордада бұл көрсеткіш 17 мыңнан асты. Осылайша, әр сыныпта орта есеппен 30-35 оқушы оқиды. Санитарлық нормаларға сәйкес, сыныпта әр балаға 6 шаршы метр орын болуы керек. Бірақ бұл талап орындалып жатқан жоқ. Ал жыл сайын мектеп жасындағы балалардың саны артып келеді.

"Ғылыми зерттеулерге сәйкес, бір сыныпта оқушы саны 25-тен асып кетсе, 40-45-ке дейін болуы мүмкін, бұл білім сапасына кері әсер етеді", – деді министрі.

Бұл ретте Асхат Аймағамбетов мәселені шешудің 4 тетігі барын мәлім етті. Атап айтсақ, мемлекет-жекеменшік әріптестігі, жеке мектептер желісін дамыту, мемлекеттік бюджеттен нысаналы құрылыс және модульдік конструкциялардан мектептер салу, деп түсіндірді министр.

"Мектептегі орын тапшылығын шешу үшін 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар жасалды. Оған сәйкес, елде жаңа білім беру мекемелері мен балабақшалар салу қарастырылған. Осылайша, жыл соңына дейін 200 мектеп, ал 2025 жылға дейін 1 000 мектеп салынады", – деді министр.

Құралай Құдайберген