Енді тойға барғандарға да жаппай айып салынуы мүмкін

7339

2020 жылғы желтоқсанда қатаң карантин енгізіледі деп күтілуде.

Енді тойға барғандарға да жаппай айып салынуы мүмкін

Қазіргі кезде барлық дерлік тойхана, мейрамханада той-томалақ өтіп жатыр. Тек оны "жабық есік" жағдайында ұйымдастыру дәстүрге айналды: есігі құлыптаулы тұрады, қатты қақсаңыз күзетші шығып, мейрамхана жұмыс істемейтінін айтады, ал терезеден қиқулап, ән шырқап жатқан дауыстарды естуге болады. Мониторинг топтарына күзетшілердің сөзіне сене салмай, ғимаратқа еніп, ішін тексеру жүктелді. Мысалы, осылай мұқият тексеру барысында қонақтар мейрамхананың жертөлесіне тығылып қалған жерінен табылған. Ал Петропавл қаласының орыс тұрғындары той және діни неке қию думанын православ шіркеуінде жасырын ұйымдастырып келген.

Қазақстандықтар Үкіметке хат жазып, нысан қожайыны мен той иесін жазалаумен шектелмей, қонақтарға да айыппұл салуды ұсынуда.

"Жақында той өткіздік. Қыз бен жігіт жағынан мұқият екшеп, отыз адам ғана шақырдық. Құдалардың өкпелегеніне қарамастан, карантин шарттарын сақтауға тырыстық. Алайда жергілікті қонақтар айтқанды тыңдамай,  өздерімен бірге балаларын, үйінде жатқан өз қонақтарын ала келді. Оларды кіргізбейік десек, жанжал шығарды. Той ортасы топалаңға айналып кететін болған соң, амалсыз кіргіздік. Бірақ бәрібір тексерушілер келе қалып, көп адам жиналыпты деп әкімшілік жазалау үшін хаттама толтырып кетті", – дейді елордалық Гүлнәз Маралбай.

Ол халық арасында "кәсіби тойқұмарлар" барлығына қынжылады: ондай адамдар тойып тамақ ішу үшін кез келген жолмен кім көрінгенге еріп, кез келген тойға кіріп кетуге тырысады. Әрі сыйлық та әкелмейді.

Жаңа бастама авторларының бірі, қорғаныс ардагері Михаил Кожушко Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға хатында отбасылық мерекелердің қайта белең алғанына алаңдаушылық білдіреді.

"Ақпарат құралдары той иелерінің ұсталып, жауапкершілік арқалағаны туралы көп жазады. Бірақ тойға қатысушылардың да айыппұл төлегені туралы бірде-бір ақпарат естіген емеспін. Салтанат ұйымдастырған кейбір адамды, тіпті, әкімшілік қамауға алды. Егер рұқсат етілмеген іс-шаралардың қонақтарына да айыппұл сала бастаса, той саны күрт азаяды. Жұрт қорқып, бармайтын болады. Сондықтан тыйым салынған жиын, той қонақтарына да хаттама толтырып, айыппұл салуды ұсынамын", – дейді М.Кожушко.

Оның байламынша, сырт көзден тасада өткізілетін жасырын ойын-сауық шараларына бару арқылы қонақтар қылмысқа сыбайлас болады, демек қоса жауапкершілік арқалауы керек.

"Қонақтардан сұрау болмауы дұрыс емес. Олар осы арқылы талапты бұзады. Неге қоғамдық орында бетперде тақпаған адамдарға айыппұл салады, ал той қонақтары тек үрейленумен құтылады. Бес дос адам бірігіп, шағын отбасыларымен бірге табиғат аясына шыққаны үшін жазаланды. Ал тойға барған 90, тіпті, 500 адамға ешқандай шара қолданылмайды. Әділет қайда? Мониторингтік топтар құрамына Денсаулық сақтау министрлігінің қызметкерлері де кіреді. Дәрігерлер коронавирус сырқаттарын емдеумен әлек, ал олардың осы топтардағы әріптестері әрекетсіздік танытып, індеттің таралуына ықпал етеді. Биліктің бұл істе неге екіжүзділік танытатынын түсінбеймін", – дейді ол.

Қоғам белсенділерінің байламынша, керек болса, тойға келген 500 адамды тегіс тұтқындап, карантинге жауып тастау керек. Содан кейін ол адамдар тойдан тойға қыдырыстаудан өздері бас тартады. 

Азаматтардан түскен ұсыныстарға ДСМ-ның Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті жауап берді.

Комитет карантин және шектеу шараларын сақтау жөніндегі талаптарды бұзғандар анықталған кезде әкімшілік шара қабылдау бойынша "лауазымды тұлғалардың іс-қимыл алгоритмін" әзірлегенін айтты.

Оған сәйкес, тексеру парағында тіркелген кез келген бұзушылық үшін әкімшілік жауапкершілік қолданылады. Бұл ретте ұсталған азаматтар Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің "Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу" аталатын 425-бабы бойынша жазаланбақ. Атап айтқанда, жеке тұлғаларға – 30 АЕК (83 мың 340 теңге), лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік нысанына немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 230 АЕК (638 мың 940 теңге), орта кәсіпкерлікке – 310 АЕК (861 мың 180 теңге), ірі кәсіпкерлік нысанына – 1 600 АЕК (4 млн 444 мың 800 теңге) мөлшерінде айыппұл жазылады.

Дегенмен тексерушілер қонақтарға хаттама толтыруға және материал жинауға ерінеді, кейде халықтың "қаһарынан" қорқады.

"Жеке және заңды тұлғалардың санитарлық талаптарды бұзуы фактілері бойынша материалдар жинаумен полиция қызметкерлері айналысады. Олар айыптылар туралы жинаған материалдарын біздің комитеттің аумақтық департаменттеріне қарауға жолдайды", – деді ДСМ комитеті. 

Ведомствоның дерегінше, 2020 жылғы 5 шілдеден қазіргі кезге дейін шектеуді бұзғаны, соның ішінде отбасылық той, еске алу, ас өткізгені үшін 335 кәсіпкерлік нысаны және 803 жеке тұлға ғана әкімшілік жазаға тартылған. Яғни әр отбасылық мереке үшін әрі кетсе 2–3 адамға ғана айыппұл салынды. Егер полицейлер тегеурінді іс-қимылға көшіп, қонақтарға да материал жинай бастаса, бұл көрсеткіш күрт өспек.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, егер халық сыртта маска кию, көп адам жиналмау секілді қарапайым талаптарды сақтамаса, қыстың алғашқы айында ел қатаң карантинге оралады.

"Біздің министрлік коронавирус инфекциясына шалдыққандар санын болжап, тиісті дайындық шараларын әзірлейтін арнайы жұмыс тобын құрды. Топ індет таралуының түрлі нұсқасын қарастырып жатыр: "оптимистік болжам" бойынша жыл соңына дейін 10 мың адам емделуге ауруханаға жатады. "Реалистік болжам" бойынша 2021 жылғы қаңтарда локдаун енгізілуі мүмкін: онда тәулік сайын 30 мың науқас ауруханаға ағылады. Ал "пессимистік болжамға" сәйкес, тәулігіне 65 мың пациент емделуге жүгінуге мәжбүр болады. Онда 2020 жылғы желтоқсаннан бастап қатаң карантин енгізілуі мүмкін", – деді министр А.Цой.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу