"Ештеңеге жетпейді": Ең төменгі күнкөріс шегі шынайы өмірден алшақ болып тұр

607

Сарапшылар оның мөлшерін арттыру керек деп санайды. 

"Ештеңеге жетпейді": Ең төменгі күнкөріс шегі шынайы өмірден алшақ болып тұр Фото: canva

Бүгінгі таңда ең төменгі күнкөріс шегі – бір адамның бір айда өмір сүруі үшін қажет ең аз қаражат мөлшері. Биыл бұл көрсеткіш 46 228 теңге деп бекітілді. Алайда сарапшылар бұл сома шынайы өмірге сәйкес келмейді деп жатады. Қазіргі күнкөріс деңгейі халықтың нақты қажеттіліктерін есепке ала ма? Оны қайта қарау қажет пе? Осы тақырып төңірегінде сайт тілшісі шолу жасады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Биылғы 1 қаңтардан бастап айлық есептік көрсеткіш өскеннен кейін, әлеуметтік төлемдер мөлшері артқаны белгілі. Осылайша ең төменгі күнкөріс деңгейі 46 228 теңге болып бекітілді. 

"Күнкөріс деңгейін үкімет жыл сайын республикалық бюджет туралы заңда белгілеп отырады. Бұл көрсеткіш еліміздегі инфляция деңгейіне сәйкес жыл сайын көтеріліп отырады", – деді DAMU Capital Management компаниясының бас директоры Мұрат Қастаев.

Экономист оның қазіргі деңгейінің төмен болуы бірқатар факторларға байланысты екенін айтып отыр. Біріншісі – Қазақстан экономикасының шикізатқа, әсіресе мұнайға тәуелді болуы. 

"Мұнайды ірі шетел компаниялары мен ҚазМұнайГаз өндіреді және одан түскен ақша Ұлттық қор мен мемлекеттік бюджетке кетеді, яғни халықтың басым бөлігінің табысына қатты әсер етпейді. Ондай әсер болуы үшін, еліміздің экономикасы әртарапты, шағын мен орта бизнесі дамыған, әсіресе жоғары қосылған құны бар тауарлар мен қызметтерді шығаратын экономика болуы керек. Сонымен қатар, экономикадағы мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдардың үлесін төмендету керек. Сонда жеке бизнестің дамуына мүмкіндік ашылып, бизнес дамиды, жаңа жұмыс орындар құрылады, көбірек салықтар төленеді, бюджеттің табысы артып, халықтың әл-ауқаты өседі", – деді ол.

Екінші факторға мемлекеттік бюджеттің тапшылығы жатады. Қаржыгердің сөзінше, Үкіметтің шығындары кірістерінен жоғары, яғни бюджеттік балансқа жету үшін не салықтарды көтеріп, бюджет кірісін көтеру керек немесе шығындарды азайту керек. 

"Егер тиімсіз, қажеті жоқ шығындарды қысқартсақ, онда бюджетте халыққа қосымша жалақы, зейнетақы, әлеуметтік төлемдер, күнкөріс деңгейін көтеруге мүмкіндіктер пайда болады. Ал қазір бюджет онсыз да толмай жүрген кезде күнкөріс деңгейін әжептәуір көтеруге үкіметте қаражат жоқ, тек жыл сайын кем дегенде инфляция деңгейіне ғана көтеріп отыр. 

Тағы бір фактор – инфляцияның жоғары болуы. Қазір Қазақстандағы жылдық инфляция деңгейі – 11,3%. Яғни, халық тұтынатын тауарлар мен қызметтер кем дегенде 11 пайызға қымбаттаған. Әрине, бұл – ресми инфляция, ал шынайы инфляция одан едәуір жоғары екенін бәріміз өз қалтамызбен сезіп отырмыз. Демек, тауарлар мен қызметтер қымбаттап жатыр, күнкөріс деңгейі одан артта қалып жатыр. Мысалы, жыл аяғында үкімет келесі жылға бюджетті бекіткенде, күнкөріс деңгейі инфляцияға сәйкес көтеріледі, бірақ оны көтергенше, баға одан сайын өседі. Яғни, үкіметтің күнкөріс деңгейін көтеру инфляциядан, яғни баға өсуінен бір жыл артта қалып келе жатады", – деп атап өтті Мұрат Қастаев.

Төл валютамыз – теңгенің әлсіз болуы да ең төменгі күнкөріс деңгейіне әсер етіп отырған көрінеді. Шетел валюталарының бағамдары көтерілген сайын, теңге құнсызданады, ал халық тұтынатын тауар мен қызметтердің біраз бөлігі импортты болған соң, теңге құнсызданған сайын валютамыздың төлем қабілеті азая береді және халықтың тұрмыс жағдайы нашарлайды, деп есептейді сарапшы.

Қаржыгер қазіргі күнкөріс деңгейінің деңгейі тым төмен және халық қажеттіліктеріне сай деп есептеуге келмейді деген пікірде. 

"Айына 46 мың теңгеге мүмкін ауылда өмір сүруге болатын шығар (бірақ оған да күмәнім бар), ал қалаларға келсек, бұл қаражат еш нәрсеге жетпейді. Әсіресе отбасында балалар болса және сол жанұяның меншікті үйі болмай, жалға алып тұрып жатса (ал елімізде сондай жанұялар халықтың басым бөлігін құрайды). Менің ойымша, төменгі күнкөріс деңгейін кем дегенде 2 есе арттыру керек. Алайда, жоғарыда айтылғандай, дәл қазір үкімет оны бірден жасай алмайды. Ол үшін бюджеттің басқа шығындарын қысқартып, табысын көтеріп, бірнеше жылдың ішінде жасауға болады. 

Мысалы, күнкөріс деңгейін инфляцияның деңгейіне сәйкес емес, одан артық көтеру абзал, себебі инфляция 10 пайыз болса, күнкөріс деңгейін тура сол 10 пайызға көтерсе, шын мәнінде ол өзгеріссіз қалды деген сөз. Сондықтан, егер күнкөріс мөлшерін инфляция деңгейінен жоғары үрдіспен көтерсе, оны шын мәнінде көтерілді деп санауға болады", – деді экономист.

Мұрат Қастаев ең төменгі күнкөріс деңгейін кем дегенде жарты жыл сайын қайта қарап отыру керек деп есептейді.

"Төменгі күнкөріс деңгейінің шынайы мөлшері қазіргі бағалармен 100 мың теңге шамасында болуы тиіс немесе төменгі жалақы мөлшерімен бірдей болуы мүмкін (85 мың теңге). Яғни, қазіргі деңгейден 1,5-2 есе көтеру керек деп санаймын", – деді қаржыгер.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Асхат Рахимжанов ең төменгі күнкөріс деңгейін 115 мың теңгеге жеткізуді ұсынды. Ол ең төменгі күнкөріс деңгейі, ең төменгі жалақы мен тұтыну себеті нақты қажеттіліктерге сай болуы тиіс екенін баса айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу