Еуразиялық одаққа тағы бір көрші кірейін деп жатыр

843

Бұл одақтың тиімділігі мен тәуекелі қандай екені анықталды.

Еуразиялық одаққа тағы бір көрші кірейін деп жатыр Фото: aqorda.kz

Өзбекстан Еуразиялық экономикалық одаққа толыққанды кіруге білек сыбана кірісті. Өзбек сарапшылары ол күннің алыс қалмағанын айтады.

"Өзбекстан Ресей көшбасшылығындағы осы ұйымға толыққанды мүше болуға дайындалып, белсенді жұмыс істеп жатыр. Еуразиялық одаққа кіру бойынша нақты келіссөздер 2027-2028 жылдары жүруі мүмкін", – деп хабарлады журналистерге Ташкенттегі Ma’no Зерттеу бастамалары орталығының басшысы Бахтиёр Эргашев.

Сарапшы өз елінің ЕАЭО қызметіне бірнеше жылдан бері бақылаушы ретінде қатысып келе жатқанына назар аудартты. Бұл мәртебені Өзбекстан 2020 жылы алған болатын.

Осы кезең бойы ел билігі мен мамандар одақтың қызметін мұқият бақылап, онымен өзара іс-қимыл тетіктерін зерделеп келеді. Бұл "интеграция барынша жұмсақ, қолайлы болуы үшін" қажет көрінеді.

Эргашев мүше болғаннан кейін туындауы мүмкін қиыншылықтар мен экономикалық дағдарыстардың алдын алу үшін Еуразиялық одаққа қосылуына Өзбекстанның даярлығы барынша мұқият жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Сарапшының байламынша, Өзбекстан экономикасының бірқатар секторлары алғашқы жылдары-ақ ЕАЭО-ға қатысудың артықшылықтарын пайдалана алады.  

Мысалы, өзбектің жаһандық нарықта бәсекеге қабілетті өнеркәсібінің жекелеген салалары мен саудасы одаққа мүше бес елмен – Қазақстанмен, Ресеймен, Беларусьпен, Қырғызстанмен және Армениямен тығыз ынтымақтастыққа және осы елдердің нарығын ен жайлауға дайын көрінеді.

"Алайда проблемалық жайттар да жетерлік. Нақтылағанда, біздің республиканың банк жүйесі даму деңгейі жөнінен Қазақстан мен Ресейдің қаржылық институттарынан қалып қойды. Егер одаққа осы күйде кірсек, бұл тұрғыда үлкен сын-қатерлер туындауы мүмкін. Өйткені өзбек банктеріне одақтың ортақ нарығы үшін анағұрлым қуатты бәсекелестерімен күресуге тура келеді", – деді Ma’no Зерттеу бастамалары орталығының басшысы.

Эргашевтің пікірінше, Еуразиялық одаққа кіру туралы шешім стратегиялық әрі тарихи болып табылады. Сондықтан бұл қадамға асығып-аптықпай, әбден ойласып, үлкен дайындықпен келген жөн.

"Бұл шешім елдің ағымдағы мүмкіндіктерін, ашылмаған әлеуетін және ұзақмерзімді перспективаларын терең талдауға негізделуге тиіс. Бұл одаққа мүше болу кілең пайда мен тиімділіктен ғана құралмайды, оның біраз қауіп-қатері де бар екенін ескерген маңызды", – деді өзбек сарапшысы.

Одаққа мүше болудың артықшылығына ол еңбек пен капиталдың ортақ нарығын, сауда рәсімдерінің жеңілдетілуін және мүше мемлекеттердің экономикалық байланыстарының кеңеюін жатқызды.

"UPL.UZ" шолушысы Мурад Тешабаевтың жазуынша, Өзбекстан үшін ЕАЭО-ға ену – таза экономикалық емес, сондай-ақ саяси қадам. Орталық Азиядағы көшбасшылық рөлін күшейткен өзбек елі енді ТМД кеңістігіндегі позицияларын нығайтуға ұмтылуда.

Бірақ одаққа мүше болмағандықтан, ЕАЭО оның тауарларының осы кеңістікке енуіне түрлі тосқауыл қойып келеді. Ол кедергілердің жойылуы Өзбекстанның аймақтағы көршілерімен бизнес және сауда-экономикалық ынтымақтастығын өрістетуіне жол ашар еді.

Эргашевтың пікірінше, Өзбекстанның Еуразиялық одаққа мүше болуы әбден мүмкін. Оған жету үшін дайындық процесі қазіргі қарқынын жоғалтпай, белсенді жалғасуы қажет.  

Сарапшы Өзбекстан билігі бұл шешімнің мән-маңызын жете түсінетінін жеткізді. Сондықтан Ташкент одаққа мүшеліктен туындауы ықтимал проблемаларды барынша азайту үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда.

Оның үстіне 2020 жылы Еуразиялық одақта бақылаушы мәртебесін алған өзбек елі жыл сайын одақтың 30-дан астам жиынына қатысады. Тек шешім қабылдауға, дауыс беруге және талқылауға қатыстырылмайды.

"Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 2024 жылғы қаңтар-желтоқсан қорытындысында 141 миллиард 405,7 миллион долларға жетті. Бұл 2023 жылғыдан 1,3% көп. Соның ішінде қазақстандық экспорт – 81 млрд 618,4 млн доллар (атаулы шамадағы өсімі 3,1%), әкелінген импорт – 59 млрд 787,3 млн доллар (минус 1% азайды). Бұл ретте Қазақстанның ЕАЭО елдерімен тауар айналымы 30 млрд 447,5 млн доллар ғана болды. Атаулы шамада 2,2% өсті. Соның ішінде одақ сатып алған қазақстандық экспорт былтыр тағы 5,1% төмендеді", – деп мәлім етті статбюро.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу