Еуропа мен Қазақстан арасында визасыз режим енгізілуі мүмкін

5583

Батыс әлемі Қазақстанды Ресей және Қытайдан "алшақтатуға" тырысады. ЕО Қазақстанды, Бразилияны, Нигерияны және Чилиді РФ пен ҚХР ықпалынан шығаруға күш салуға бел буып отыр. 

Еуропа мен Қазақстан арасында визасыз режим енгізілуі мүмкін Фото: inform.kz

Сарапшылар бір қызықты жайтқа назар аудартады: 2023 жыл басталғалы Қазақстан лидері Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұртқа жария сыртқы саясатында 2 бағыт алға озды, бұлар: Түркі әлемі мен Батыс әлемі. Биыл Мемлекет басшысы ішкі саясатқа мән берді, аймақтарды аралады, қазақстандық лауазымды тұлғалармен, зиялы қауыммен, жұртшылықпен кездесті. Парламенттік сайлауға көңіл бөлді.

Сонымен бірге біраз шетелдік қонақты да қабылдады. Бір ғажабы, олардың 90 пайыздайы – аталған қос әлемнің өкілдері екен. Әрине, Ақордадағы келіссөздердің бәрі жабық есік жағдайында, журналистердің қатысуынсыз өтті, онда нақты не айтылғанын тек тұспалдауға болады. Дегенмен, қадірменді қонақтардың көбі Батыстан келгенін Президенттің биыл кімдерді қабылдағанының мына тізімінен аңғаруға болады.  

Қ.Тоқаев 2023 жылғы 24 сәуірде Қазақстанға ресми сапармен келген Чех Республикасының Премьер-министрі Петр Фиаланы қабылдады.

6 сәуірде Қасым-Жомарт Кемелұлына Францияның Арнаулы өкілі Изабель Дюмон кіріп, өз Президенті Эмманюэль Макронның хатын табыс етті. Онда не жазылғаны жария етілмеді.

18 наурызда Мемлекет басшысы Астанаға ресми сапармен келген Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі Джеймс Клеверлиді қабылдады.

16 наурызда Қ.Тоқаев Анкараға аттанып, Түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс саммитіне қатысты, Ердоғанмен және басқа бауырлас елдердің басшыларымен жеке келіссөздер жүргізді.

Оның алдында, 3 наурызда, Шымкент қаласында Орталық Азияның тағы бір көшбасшысы саналатын Өзбекстанның Президенті Шавкат Мирзиёевпен бейресми кездесу өткізіп, аймақтың болашағына қатысты көптеген түйткілді сырт көзден таса отырып, еркін талқылаған. 

Ал 28 ақпанда Қазақстанға АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің өзі шұғыл сапармен келіп, Қасым-Жомарт Тоқаевпен жеке, ұзақ келіссөз жүргізуі халықаралық ақпарат айдынын дүр сілкіндірді.

Жыл басында, 24 ақпанда Қ.Тоқаев Финляндия басшылығы арнайы жолдаған Сыртқы сауда және халықаралық дамуды қолдау министрі Вилле Скиннариді қабылдады. Бұдан бұрын, 16 ақпанда Қазақстан көшбасшысы Киевтің сұрауымен Украина Президенті Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлескенде, ресейлік пропаганда қақалып қала жаздады.

Сөйтіп, биыл арнайы сапарлап, Ақордаға бас сұққан биік мәртебелі меймандар негізінен Батыстан келіпті. Қасым-Жомарт Тоқаев 6 наурызда РФ басшысы В.Путинмен телефон арқылы сөйлесті. 27 наурызда ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы ҚКП партия комитетінің хатшысы Ма Синжуйді қабылдады. Яғни, бұл бағыттар да ұмыт қалмағанының символдық нышаны жасалды.

Дегенмен, еуропалық сарапшылар Орталық Азияның, тіпті болашақта ТМД көшбасшысы ретінде Қазақстанды Ресей және Қытай ықпалынан алыстатып, ішке тартқан жөн деген байламға келіпті. Осыған орай ЕуроОдақтың жабық, конфиденциалды брифингінде ЕО-ның 4 "басымдықты елді" батыстық альянстың тығыз серіктестік аймағына оралтудың жеке жоспарлары таныстырылған.

Бұл туралы Politico жазды. Басылымның қолына брифинг құжаттарының бір бөлігі түскен.

Жоспарлар достық пейілдегі елдерді жақын тарту, дамуына жәрдемдесу, сөйтіп, жақсы көзқарасы мен ізгі ниетін жаулап алу шараларынан тұратын көрінеді. Бұл сонымен қатар, Ресейге қарсы енгізілген және болашақта Қытайға салынуы ықтимал Батыс санкцияларын осы елдердің мүлтіксіз сақтауы үшін де қажет екен.

ЕуроОдақтың ресми тұлғаларынан алынған материалдарда өз аймақтарында шешуші әрі басымдықты деп танылған төрт елді, яғни Қазақстан, Бразилия, Чили мен Нигерияны Батыстың ықпалдастық шеңберіне қайтарудың егжей-тегжейлі жоспарлары жазылыпты.

"Құжатта осы елдердің әрқайсысына қатысты келіссөздерде нақты қандай салалар мен бағыттарда қалай прогреске қол жеткізуге болатыны атап көрсетілген. Мысалы, сауда келісімдерді жандандыру және жаңаларын даярлау қарастырылған. Бірақ құжат тек осы саламен шектелмейді, одан көпті қамтиды. Еуропалық Одақ бұл елдердің әрқайсысына энергетика, көші-қон, экономикалық даму, қауіпсіздік және басқа салаларда жеке ұсыныстар ұсынуы мүмкін. Жазалауға емес, ынталандыруға басымдық беріледі. Бейресми мақсат, нысана: дос мемлекеттер сапын нығайту, оларда жаңа экономиканың құрылуына септесу. Бірақ олардағы автократтардың ығына жығылуға да жол берілмейді. Құжатта жаһандық ықпалға ұмтылған Ресей және Қытайдың бұл елдердегі ахуалды тұрақсыздандыруы мүмкіндігіне алаңдаушылық білдірілген", – деп баяндады Politico.

Шынында, Батыс Ресейге қарсы енгізген санкцияларын сақтауды Қазақстаннан талап еткенімен, одан келетін шығындарды өтегісі келмейді, бұл тұрғыда өзіне жауапкершілік алмайды. Ал серіктестік доқ көрсетуге құрылмас болар. 

"Біз бәсекелі геосаяси ортада өмір сүріп жатырмыз. Онда нарративтер, идеологиялар шайқасы ғана емес, ұсыныстар тайталасы да жүзеге асырылуда. Сол себепті бізге, Еуропаға бұл елдермен қатынастарымызды жақсарта түсу үшін біздің оларға ұсыныстарымызды да жақсарту қажет болады", — делінген жабық брифинг құжатында.

Әйтсе де, онда ЕуроОдақтың Қазақстанға нақты қандай майшелпек, дәмді ұсыныстармен шығатыны, жай-жапсары көп айтылмаған. Кеше, дүйсенбі күні ЕО сыртқы істер министрлері Люксембургта кездесіп, осыған қатысты стратегияның жобасын талқыға салды.

ЕО жоғары лауазымды шенеунігі анонимді түрде журналистерге хабарлағандай, мұны "Батыстың сыртқы саясатындағы зор бетбұрыс деп санауға да болатын" көрінеді.

Дипломаттар саммитінде Қытайдың Орталық Азияда ғана емес, Латын Америкасы мен Африкада ықпалын күшейтуге миллиардтаған доллар қаржы төгіп жатқанына қатысты қауіп айтылыпты. Бұл да экспансияның бір түрі, экономикалық басқыншылық. Сондықтан Люксембургта "Қытай ұсынып отырған жолға баламалы бағдар түзіп, соны әлдеқайда тартымды ету" басты старегия болуға тиіс деген тұжырым жасалыпты.

Жалпы, Батыс пен Қытай арасында идеологиялық қайшылық күшейіп, экономикаға тарала бастағаны байқалады. Осының алдында АҚШ пен ұжымдық Еуропа Қытайға қарсы бірқатар шектеулер енгізді, кейбір технологияларды шың еліне бермеуге уағдаласты. Енді Италия ҚХР-дың "Бір белдеу, бір жол" бастамасынан шығып, Тайваньмен ынтымақтастықты кеңейтпек. Италия қытайлық экономикалық бастамаға 2019 жылы қосылған болатын. Бұған дейін Италия Тайваньға қатысты Бейжіңнің ұстанымын қолдап келді. 2022 жылдың күзінде ел билігін қолына алған Джорджа Мелони өкілдері жеке келіссөздерде Тайвань делегациясына "Белдеу мен жол" бастамасын тәрк етіп, аралмен ықпалдастыққа баса мән беретіндерін жеткізіпті. Бұл туралы Bloomberg агенттігі хабарлады.

Ал Политико басылымының саяси шолушысы Якопо Баригацци еуропалық шенеуніктермен кеңесе келе, "төрттікке" не себепті Ресейдің дәл іргесіндегі Қазақстанның кіргенін түсіндірді. Себебі, Қазақстан Орталық Азия өңіріндегі ЕуроОдақтың сүйенетін тірегі саналады. Өңірдегі өзге елдердің басшылары Астананың ұстанымына қарайлайды. Мысалы, Қазақстан "арнайы әскери операция" терісін жамылған қантөгісті соғыс деп атап, оны қолдамайтынын ашық мәлімдеді және одақтасы саналатын Мәскеуге қандай да бір әскери көмек беруден бас тартты. Бұған қоса, Қазақстан сөз жүзінде, де-юре болса да, Батыс санкцияларын сақтап отыр.

Бұдан бөлек, Қазақстандағы бай ресурстар үшін Ресей мен Қытайдың тартысқа түсіп отырғаны да Батыстың назарын аудартыпты.

Тұтастай алғанда, Қазақстан бүкіл Орталық Азияның кілті болып табылады және аймақтағы мұнай, газ сияқты құнды ресурстар осында шоғырланған. Бразилия мен Чили де шикізатқа аса бай Латын Америкасында орналасқан. Ал Нигерия Батыс Африканың экономикалық орталығы. Демек, осы елдерге ықпалын жүргізе алған державалар әлемге ықпал ете алады. Содан болар, осы аталған төрттіктің бәріне Қытай белсенді еніп жатыр.

"Құжатта Азия бойынша Қазақстанға ерекше назар аударылған. Онда ЕО санкцияларының осы елге теріс әсер ететініне екпін түсірілген. Құжатта көрсетілгендей, ЕуроОдақтың Қазақстандағы негізгі мүддесі – Ресейге қатысты халықаралық санкцияларды айналу өтудің мүмкін еместігін қамтамасыз етумен байланысты. Қазақстанның мүддесі – мұнай тасымалында Ресейге тәуелділіктен арылу. Бұған Еуропа көмектесіп, Қазақстанның ЕО-ға барынша көп мұнай тасымалдауына жол ашуы қажет. Бұл республика Батыспен барынша тығыз ынтымақтасуға ынтық. Астананың ресми тұлғалары ЕО-ға жоғары деңгейде көбірек сапарлағысы келеді. Астана тіпті Президент жүргізіп жатқан түрлі реформаларға ЕуроОдақтың барынша көп қоғамдық қолдау көрсеткенін қалайды", – деп түсіндірді құжат мазмұнын Политико.

Онда Қазақстан өзінің тұрақтылығы мен бейбітшілігін сақтап қалу үшін Шығыс пен Батыс арасындағы сенімді араағайын болуға ұмтылатыны атап өтілген.

Сонымен қатар Қазақстан мен Еуропалық Одақ елдері арасында визасыз режимді енгізуге қадам жасау да ынталандырудың, ішке тартудың бір тәсілі ретінде пысықталмақ. ЕО-ға қазақтардың заңды жолмен келуін оңайлату құжаттың орталық пункті болып есептеледі.

Сондай-ақ бүкіл Еуропа ауқымында Қазақстанмен еркін әуе тасымалы туралы келісім бекіту ұсынылған.

Бұл ниеттердің қаншалықты тез және толыққанды түрде уағдаластыққа айналып, тиісті келісімдерде көрініс табатынын тек уақыт көрсетеді. Бірақ Батыста қазақ еліне деген қажеттіліктің және соған қатысты түсініктің туындауының өзі прогресс болса керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу