Израиль министрі: Газа аумағына ядролық бомба тастау қақтығысты тоқтата алады

2329

Палестина жағынан қырылған халықтың саны Израильдегі лаңкестік шабуылдан өлгендерден он еседей асып түсті. Мұны Пентагон растады.

Израиль министрі: Газа аумағына ядролық бомба тастау қақтығысты тоқтата алады Фото: inbusiness.kz

7 қараша – Израильде азаматтық Аза тұту күні болып жарияланды. Себебі, бұл ел 7 қазандағы "қаралы сенбіден" бері тура бір ай өткеніне осылай екпін түсіріп отыр. Сонда Хамастың шабуылынан бір мыңнан астам израильдік тұрғын мерт болған еді. Бұл "Израильдің тарихындағы теңдесі жоқ лаңкестік акт" ретінде танылды.

Бүгінгі күні Израильдің барлық ұйымдарына опат болғандардың рухына бір минут үнсіздікпен құрмет көрсету ұсынылды. "Азаматтық бастама" ұйымының белсенділері ел рухын көтеру үшін Аза тұту күні барлық жерде "Хатиква" гимнін шырқауға шақырды. Мемлекетте мемориалдық рәсімдер, траурлық іс-шаралар өткізілуде.

Дәл осы кезде израильдік армияның Газа секторына шабуылынан мерт болған палестиналықтардың саны 10 мыңнан асып кеткен. Осыған орай сарапшылар Палестина Президенті Махмуд Аббастың неге Аза тұту күнін жарияламай отырғанына таңданды. Сол арқылы ол палестиналықтарды бір ту астында біріктіруге, Палестина тәуелсіз мемлекетін құруға символикалық қадам жасар еді.

Палестина автономиясының басшысы Махмуд Аббас болса, тек АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенмен кездесуінде "Хамастың бақылауында болғанымен, Газа секторы да Палестина мемлекетінің ажырамас бөлшегі болып табылатынын" айтты. Дегенмен, Аббас "Палестина автономиясы Газа секторының, Иордан өзенінің Батыс жағалауының және Шығыс Иерусалимнің бүкіл территориясы үшін өзіне жауапкершілік алуға дайын" екенін мәлімдеумен шектелді.

Осы аталған аумақтардың барлығы Палестинаның БҰҰ мойындаған территориясы саналады. Алайда Палестина автономиясы (арабша "Дәулят Филастын") оларды бақылауынан шығарып алды. Мысалы, бұған дейін Газа секторы толығымен Хамастың қол астында болды. Иордан өзенінің Батыс жағалауын негізінен Израильдің армиясы бақылауда ұстап отыр. Израиль саясаткерлері Газаны оккупациялау аяқталған соң Иордан өзенінің Батыс жағалауында шоғырлана тұрып жатқан палестиналық анклавты да жоюды ұсынып жүр.

Ал кезінде Палестинаның басты қаласы болған Иерусалим (әл-Қудс) қаласы мен Шығыс Иерусалимді Израиль біраз жылдан бері өз аумағына қосып алып, астанасын Тель-Авивтен Иерусалимге көшірді.

Сонымен, Газа денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, Израильмен арасында соғыс басталғалы кем дегенде 10 022 палестиналық жан тапсырды. Өкініштісі сол, оның 4 104-і – балалар. Жасөскіндердің дәл осынша қырылуы әлемдегі қазіргі бірде бір қарулы қақтығыс ошақтарында тіркелмеген.

Газада бейбіт тұрғындардың мыңдап қырылып жатқанын Пентагон растады. АҚШ Қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы Патрик Райдер Американың қолындағы деректер бойынша Газа секторында шынымен де мыңдаған азаматтық тұлғалар өліп жатқанын айтты.

"Газадағы азаматтық тұрғындардың арасындағы құрбандарға тоқталсақ, олардың мыңдап саналатынын біз білеміз", – деген Райдер Израильге қарсы толқуларға дем бермеу үшін нақты санды атаудан бас тартты.

Газа денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Ашраф Әл-Кудраның мәліметінше, Цахалдың (израильдік армияның) Газа секторына әуеден, теңізден және құрлықтан соққылары кесірінен ең кемі 4 104 бала, 2 641 әйел және 611 қарт адам қаза тапты.

Өз кезегінде Цахал Газа секторын екіге бөліп тастағанын және Газа қаласының өзін қоршауға алғанын жария етті. Израильдік армия бұл өңірде Хамастықтарды және оған көмектескен барлық палестиналықтарды жоюға берік бекінді. Ендеше Бірінші палестиналық интифаданың басында, 1987 жылы құрылған, яғни қырық жылға жуық дәуірлеген Хамас (атауы "Харакет әл-Мукауамат әл-Исламия" немесе "Исламдық қарсыласу қозғалысы" деген сөздерден құралған) жер бетінен жойылуы да ғажап емес.

Хамастың биік лауазымды тұлғасы, командирі британдық басылымға сұхбатында басшыларының өздерін тағдыр тәлкегіне тастап кеткеніне шағымданды.

"Мен 7 қазандағы шабуылды ұйымдастырушылардың бірімін. Біз барлығы осылай болады деп күтпеген едік. Басшылығымыз бізге: "Не істесеңдер де өздерің біліңдер" деп, шығарып салды. 250 адамды кепілге алу жоспарланбаған еді. Әу бастағы жоспар шекараны бұзып өтіп, бірнеше израилдік солдатты тұтқынға алу болатын. Олар израильдік түрмелерде ұзақ жыл отырған тұтқындарымызға айырбастау үшін қажет еді", – деді Daily Mail-де бүгін, 7 қарашада жарияланған сұхбатта атын жасырған Хамас командирі. Ол Хамас лидері Яхъя Синуардың және ұйым басшылығының ісін сынады.

"Темірдей тәртіп керек еді, оның орнына Хамас басшылығы террористерге не жасасаңдар да, не алсаңдар да өз еріктерің деп айдап салады. Өздері болса, Газа секторында тұрмайды және шетелде отырып, Израильдің жауап реакциясын, қаһарын, қиындығын еш сезінбейді", – деп қапаланған ол өзінің тек құрма және зәйтүн майымен ғана қоректенетініне, ал Синуар мен Исмаил Хания Катар мен Түркияда сән-салтанатта өмір сүріп жатқанына назар аудартты.

Жалпы, Хамасты жою жолында израильдік тарап тіпті Газа өңірін толық жер бетінен сүріп тастаудан тайынбайтынын паш етуде. Әлеуметтік желілер Газа қаласына қаптап кіріп жатқан бульдозерлер, басқа да техникалар және оларға қауқарсыздықтан тас лақтырып жатқан палестиналықтар бейнеленген видеоларға толды.

Бұл аз болғандай, израильдік министр Газаға атом бомбасын тастауды ұсынды. Израильдік ақпарат құралдары анықтағандай, билік осы нұсқаны да салмақты түрде қарастыруда. Яғни, бұл ресейлік пропагандистердің федералдық телеарналар арқылы: "Лондон мен Вашингтонды ядролық күлге айналдырамыз" деп сандырақтағаны сияқты бос қоқан-лоққы емес.

"Биылғы қазанда алдымен "Ликуд" партиясының депутаты Тали Готлиб ханым Газа секторына ядролық қаруды қолдану қажеттілігі туралы мәлімдеме жасағанда, кейбір сарапшылар мұны өз эмоцияларын ауыздықтай алмай, соған ерік берген үш балалы, жалғызбасты әйелдің жанайқайына жорыған болатын. Бірақ мұның тіпті де бос байбалам еместігі енді анықталып отыр. Мирас министрі (Heritage Minister) Амихай Элияхудың түсіндіруінше, атом бомбасын пайдалану – лаңкестерді жою амалдарының бір нұсқасы болып табылады. Негізі, Израиль өзінде ядролық қарудың барын ешқашан растаған да, жоққа шығарған да емес. Кезінде Голда Меир айтқандай: "Біріншіден, бізде ядролық қару жоқ, екіншіден, егер қажет болып жатса, біз оны қолданамыз", – деп жазады израильдік "Detaly" басылымы.

Мұра министрі Амихай Элияху "Коль б-Рама" радиосына сұхбатында Газа секторындағы содырлар берілмей, израильдік армия шектен тыс шығынға ұшыраса, онда Израильдің Газада ядролық қаруды жару мүмкіндігін жоққа шығармады. Оның айтуынша, бұл ретте сол аумақта 240-тай израильдік кепілдің тұтқында қалып отырғаны да тоқтата алмайды.

Сондай-ақ израильдік министр Амихай Элияху палестиналық бейбіт тұрғындардың қырылып қалатыны да бұған тосқауыл бола алмайтынын нықтады. 

"Өйткені біз Газада лаңкестікке тартылмаған тұрғын жоқ деп есептейміз. Ұлтшылдарға гуманизм таныта алмаймыз. Газаға атом бомбасын лақтыру – мүмкіндіктердің бірі. Біз олар үшін не маңызды екенін, олардың неден қорқатынын түсінуіміз керек. Егер ядролық соққы олардың келесі шабуылын тежейтін құрал болса, онда оны неге жасамасқа? Бірақ олар өлімнен қорықпайды", – деп пікір білдірді израильдік министр А.Элияху (Amihai Eliyahu).

Журналист Газада 240-тан астам израильдіктің кепілде отырғанын еске салды. Министр олар үшін сиынатынын және елге сау оралуынан үміттенетінін, алайда "бұл соғыстың өз құны барын" айтты.

Әзірге Израиль Премьер-министрі Б.Нетанияху атом бомбасын қолдану туралы сөздер "өмір шындығынан алыс жатқанын" айтумен шектелді. Өз кезегінде министрлер кеңсесі министр Элияху Үкімет отырыстарына қатысудан уақытша шеттетілгенін мәлім етті.

Өйткені оның мәлімдемесі Израильдің өз ішінде қатаң сынға тап болды. Хамас тұтқынындағы керілдердің отбасылары ортақ мәлімдеме таратты.

"Барлық ұрланған және із-түзсіз жоғалған израилдік азаматтарды құтқарудың барлық мүмкіндігін пайдалану орнына оларды хамастықтармен бірге ядролық қарумен жарып өлтіруге шақырған министр бірінші кезекте өз өмірімен соғыстың құнын өтеуге тиісті. Министр Элияху кепілдегілерді және хабарсыз кеткендерді елге оралтуға бағытталған үкіметтің ізгі ниетіне және жұмыс жоспарына ауыр соққы берді", – деді тұтқындардың отбасылары.

Дәл осы кезде Израильдің жердегі операциясы жалғасуда. Оны халықаралық қысымның артуы да, сондай-ақ "Хезболламен" қақтығыстардың жиілеп кетуі де тоқтата алар емес.

The Wall Street Journal жазуынша, одақтасын қолдау үшін бүгін, Джо Байден әкімшілігі Американың Израильге салмағы тонналық, қуатты, жоғары дәлдікті бомбаларды беретінін жариялады. АҚШ-та израильдік Rafael компаниясы жасаған Spice бомбаларының салмағы 907 келі тартады, ол 125 шақырым қашықтыққа ұшып, 3 метрге дейінгі дәлдікпен кез келген нысананы тып-типыл етеді. Кішкене ғана Палестинада 125 шақырым қашықтық жоқ. Газа секторының ұзындығы 40, ені әрі кетсе, 12 шақырым ғана.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу