Израильдің экономикасы біртіндеп күйрей бастады

3454

Соғыс басталғалы жұмыссыздар саны 100 мыңнан асты.

Израильдің экономикасы біртіндеп күйрей бастады Фото: absatz.media

Құрылыс компаниялары банкрот алдында тұр. Израильдік туристер Мальдив, ОАР, Колумбия, Боливия және басқа елдерде демала алмайды. 

Туризм тоқырады

Израиль мемлекеті экскурсия мамандарына, гидтерге кәсіптерін ауыстыруға кеңес берді. Бұл туралы израильдік басылымдар хабарлады. Биылғы қазан айында соғыс басталғалы, 7 қазанда ашық аспан астындағы фестивальде қаншама турист қырылып, біразы тұтқынға түсіп қалғалы Израильге бағытталған туристік ағын тоқтады. Салдарынан аталған мамандық иелері де жұмысынан айрылды.

Сарапшылар ұқсас ахуал пандемия кезінде болғанын еске салады. Саладағы кәсіпкерлер соғыс тез аяқталса, саяхатшылар қайта оралады деп үміттенеді. Алайда Туризм министрлігінің байламы пессимистік болып шықты. Ол экскурсияшыларға кәсібін ауыстыруды ұсынды. Білім және Туризм министрлігі оларға стипендия алып, біржылдық курстарды бітіру туралы ұсыным жолдады.

Өткен ғасырда Израиль орныққан жер мұсылмандар, христиандар үшін де қасиетті саналады. Бұл аумақ киелі орындарға толы. Сондықтан бұл мемлекет бұрыннан басты туристік бағыттар санатына кіретін. Бірақ соңғы жылдары туризмнің израильдік экономикаға үлесі құлдырауда және ЖІӨ-нің небары 2,6%-ын құрады. Салыстырсақ, ЭЫДҰ-ға мүше дамыған елдерде туризмнің үлесі 4,4%-дан асады.

Үкіметтің "саяхатшылардың жолбасшыларына" көмек қолын созбай отыруының бір себебі де осында болса керек. Статистика бойынша Израильде бұл секторда еңбек ететіндердің саны шамамен 140 мыңдай адамды құрайды. Бұл – елдегі жұмыс істейтіндердің шамамен 3,6%-ына тең. Оның үстіне туризм саласы құратын жұмыс орындары бүгінде жалақысы да, өнімділігі де төмен жұмыс болып келеді.

Тек шетелдік туристерді бастап жүретін гидтер ғана жақсы табатын. Константин Развозов басқаратын Туризм министрлігі оларға бір жыл ішінде қайта даярлықтан және тағы бір жыл ақысы төленетін тағылымдамадан өтуді ұсынады. Содан соң экс-экскурсияшы өз ісін бастау үшін 5800 шекель (1,5 мың доллар) грант ала алады.

Бір гәп бар, ведомство әзірге тек білім беру саласындағы мамандықтарға қайта даярлануды ұсынып отыр. Өйткені мұғалімдердің біразы әскерге, соғысқа әкетілген. Бұларға солардың орнын басуды ұсынады.

Бұған жауап ретінде турфирмалар алдымен министрліктің өзін жабуды ұсынды: "туризм болмаса, елге Туризм министрлігінің не қажеті бар?" Ірі қонақүй кешендері онсыз, өз бетімен қонақтарды күте алады. Олардың қызметін реттеп, әкімшілендірумен Қаржы министрлігі айналысады.

Бұрындары Израиль жылына 5 миллиондай турист қабылдап келіпті. Сала шенеуніктері бұл сектор қалпына келгенімен, 2025 жылы шетелдік саяхатшылар саны бір миллионға де жетпеуі мүмкін деп болжайды.

Израильдіктерді өзіне кіргізбейді

Осы салаға қатысты тағы бір түйткіл туындады. Әлемдегі көптеген елдер бұдан былай Израильдің азаматтарын, соның ішінде туристерін де өздерінде көргісі келмейтінін білдірді. Әсіресе, Мальдив аралдарының бұғат қойғаны олардың қабырғасына батып отыр. Осы аптада Мальдив аралдарының Парламенті елдің көші-қон заңына енгізілетін түзетулерді қолға алды. Оған сәйкес, израилдік паспорт иелеріне бұл елге кіруге тыйым салынады. Бұған "Израильдің Газа секторына қатысты агрессиясы" себеп болыпты. Мыңдаған бай израильдік, негізінен серферлер Мальдив аралдарында тұрақты тынығуды таңдайтын.   

The Cradle басылымының ақпаратынша, заңнамалық түзетуге жергілікті депутат Мұхаммад Нашид Абдулла бастамашы болды. Ол сұхбатында мұны Палестина аумағында заңсыз әрі басқыншылық ұрыс қимылдарын жүргізіп жатқан Израильге қарсы санкция деп атады. Мальдив аралдарының халқы Ислам дінін ұстанады. Өткен аптада тұрғындар Парламент алдында шерулер ұйымдастырып, израильдіктердің осы аралдарда ләззатқа батуына тыйым салуды талап еткен.

Ендеше ресейлік сияқты, енді Израиль паспорты да оның иесіне сор болып жабысуы мүмкін. Себебі, израильдіктердің өз аумағына аяқ басуын қаламайтын елдер қатары артып келеді. Бір ғажабы, олардың арасында мұсылман емес елдер де жетерлік. 

Колумбия, Гондурас, Иордания, Бахрейн, Түркия, Боливия, Белиз, Оңтүстік Африка республикасы сияқты мемлекеттер Газаға баса-көктей кіргелі Израильден өз елшілерін кері қайтарып алды, бұл елмен дипломатиялық қатынастарын үзді.

Жұмыссыздар армиясының сапы ұлғайды

"Ақысы төленбейтін демалысқа аттандырылатын 100 мың адам туралы сәуегейлік ақиқатқа айналды" израильдік "Detaly" басылымы осындай тақырыппен шықты. Себебі, Газадағы соғыс басталғанда, жергілікті сарапшылар жұмыссыз қалатындар саны Израильде жүз мыңнан асуы мүмкін деген болжам жасаған еді. Бұл жорамал небәрі 46 күн ішінде шындыққа айналды.

"Битуах леуми" Ұлттық сақтандыру қызметінің дерегінше, 2023 жылғы 22 қарашадағы жағдай бойынша соғыс басталғалы бері 140 600 адам жұмысынан айрылды. Соның ішінде 104 100 адам ақысы төленбейтін демалысқа жіберілген.

Небәрі 9,6 миллион, яғни бір ірі мегаполистей ғана халқы бар ел үшін бұл тым көп болса керек. Ақысыз демалысқа мәжбүрлі түрде шығарылып, табысынан айрылған израильдіктердің көбінің бұрынғы орнына орала алуы нығайбыл. Бизнес нысандары бірінен соң бірі дәрменсіз жағдайға жетіп, жабылуда.

Израильдік сарапшылар жұмыссыздықтың шынайы көрінісі ресми статистикаға қарағанда ауқымды деген пікірде. Ұлттық сақтандыру қызметі өтініш жазғандардың бәрін бірдей жедел тіркемейді. Бұл іс бюрократияландырылған. Шенеуніктер жәрдемақы төленетін жұмыссыздар санын көбейткісі келмейді. Салдарынан, "Битуах леуми" қазан айында жұмыссыздық жәрдемақысын төлеуге тек 50 мыңдай адамның құжатын қабылдаған.

Өз кезегінде Орталық статистика бюросының дерегінше, Израильдегі жұмыссыздық биылғы бір ғана қазан айында бұрынғы 4,2%-дан ғаламат 10,4%-ға өсті. Яғни, әрбір оныншы израильдік табысынан қағылды деген сөз. Бұл статистика бойынша жұмыссыздар саны 500 мың адам межесіне таяды.

Израильдік ақпарат құралдарының хабарлауынша, еңбек нарығында апат болуда. Тұтынушылық сектор персоналынан жаппай арылып жатыр. Сонымен бір мезгілде кадр тапшылығы басталды. Білікті мамандар шұғыл түрде әскерге алынған. Олардың орнын басатын кәсіби кадрды даярлау біраз уақыт алады.

Салдарынан, Ұлттық жұмыспен қамту орталығының хабарлауынша, өмірлік маңызды кәсіпорындарда, өнеркәсіп орындарында маман жетіспей, 12 700 жұмыс орны бос қалды. Үкімет армиядан таптыра бермейтін сирек мамандық иелерін босатып, кері қайыруды сұраған. 

Тағы бір түйткіл туындады. Израильдіктер көп жылдан бері құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларында жұмыс істемейді. Басшылары болмаса, олардағы ортанқол, қара жұмыстарды не мигранттар, немесе роботтар жүзеге асырады (автоматтандырылған). Соғыс басталғалы келімсек жұмысшылар негізінен елдеріне кетуге мәжбүр болды. Ал инновациялы техникаларға қызмет көрсететін маман қат.

"Соғыс салдарынан туындаған ахуалды үздіксіз бағалап, мәселелерді шешуге күш салып жатырмыз. Осы аптада Қаржы министрлігімен бірге жұмыс берушілер мен жұмысшыларды ынталандыру схемасын бекіттік. Ол бір жағынан жергілікті жұмыскерлердің ауыл шаруашылығы және құрылыс мамандықтарына қайта бағдарлануын, екінші жағынан шетелдік жұмысшылардың Израильге оңайлатылған тәсілмен жедел кіруін қарастырады", – деді Еңбек министрі Йоав Бен-Цур.

Израильдік сарапшылар негізінен, сауда және қызмет көрсету секторларына маманданған еврейлердің фермалар мен құрылыс алаңдарына баратынына сенбейді. 

Құрылыс саласы құрдымға құлай ма?

Құрылыс демекші, Израильде құрылыс алпауыттары да банкроттық құрдымына құлауға шақ тұр. Жергілікті The Marker басылымы құрылыс компанияларының банктер алдындағы қаржылық міндеттемелерін орындай алмайтынын мәлім етті.

"Сала үшін 12 желтоқсан – үлкен сынақ күніне айналады. Сол күні Кирьят-Гат қаласындағы орасан зор тендерлерді жеңіп алған құрылыс алпауыттары мемлекетке 1,25 миллиард шекель (334 миллиондай доллар) қаражат төлеуге тиіс болады. Бұл бәрінің бірдей қолынан келмейді. Банктер қазірден банкроттықтардың жаңа толқынына және кредиттік шығындарды есептен шығаруға дайындалуда", – деп хабарлады израильдік сарапшы Адар Хореш.

Оның түсіндіруінше, Үкіметтегі ортодоксалды еврейлердің өкілі, раввин, тұрғын үй құрылысы министрі Ицхак Гольдкнопф өз сайлаушыларын, яғни ультраортодокстарды баспанамен қамтуға сөз берді. Соғыс қарсаңында ол осы уәдесін орындауға, сайлаушыларының баспана дағдарысы проблемасын шешуге кіріскен. Нәтижесінде, Кирьят-Гат қаласында тек қана ультраортодокстар, яғни діни қауым өкілдері шоғырлана тұратын тұтас аудандар салуға тендерлер ойнатылды. Бұл – соңғы жылдары ел тарихында қолға алынған ең ірі тұрғын үй құрылысына айналуға тиіс еді.

Мысалы, бір ғана тендер аталған қауымға арналған 3400 пәтерді салуды көздеді. Министрлік 5300 пәтерден тұратын тағы бір ультраортодокстық тұрғын үй алабына тендер жариялап үлгерді. Енді соғысқа, Хамас пен Хезболланың Израиль аумағын атқылауына байланысты құрылыс жұмыстары доғарылды.

Тендердің бірін ұтып алған "Рейсдор" компаниясының бас директоры Еки Рейснер көптеген мердігердің күйреуі мүмкін екенін растады. Өйткені соғыс басталғалы банктер несиелеу шарттарын қатайтқан. Құрылыс компанияларының алды, мысалы, "Ханан Мор" банкрот болды. Бұған құрылыстардың және сауданың жаппай тоқтатылуы ықпал етіпті. 

Бұрын Израильдің үкіметі Газа секторымен іргелес жатқан Сдерот, Нетивот, Офаким, Ашкелон, Батыс Негев сияқты қалаларда тұрғын үй құрылысын жеделдетіп, ынталандырып келді. Жаңадан бой көтеріп жатқан, абаттандырылған, әсем аудандарда баспана сатып алғысы келгендер ұзынсонар кезекке тұрыпты. Бүгінде олардың бәрі шекараға жақын болғандықтан, клиенттер теріс айналған. Тұрғызылған 60 мың баспана қаңырап, бос қалуда.

Газа секторындағы қанқасап қырғыны Израильдің өзіне залал келтіріп тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу