Канададағы орыс духоборлар ұлысы ақыры Путиннен теріс айналды

1238

Сарапшылар анықтағандай, Батыста наразылығын көшеде жалаңаш жүгіріп, үйлерді өртеп білдірген және Ресейге кетуді аңсаған духоборлар енді ол ниетінен айныды. 

Канададағы орыс духоборлар ұлысы ақыры Путиннен теріс айналды Фото: nytimes.com

Канада – мультикультурализм саясатын кемеліне жеткізген мемлекет. Бұл елде ешбір ұлт пен ұлыс, дін мен секта қудаланбайды. Тіпті Голливудтың блокбастерлерінде әлемде, Америкада ақырзаман-апокалипсис болса, оның басты кейіпкерлері Канадаға жетіп қалуға ұмтылатыны белгілі. Тек кинода ғана емес, өмірде де төрткүл дүниенің әр түкпірінен қашқан-пысқандар ақыры Канаданы паналайды.

Солардың қатарында орыстың этноконфессионалды тобы саналатын духоборлар (немесе духоборцы) өз отаны Ресейдегі қудалаудан қашып, Альяска арқылы Канадада бас сауғалады. Бұл ұлыстың негізін 1755—1775 жылдары Екатеринославский губерниясының тұрғыны Силуан Колесников қалаған. Ол өз табынушыларына нағыз Құдай белгіше-иконада немесе шіркеуде емес, адамның санасы мен жүрегінде деп уағыздайды. Православ шіреуінің жоралғыларынан бас тартуға үндейді. Идеялық тұрғыдан олар ағылшын квакерлерімен төркіндес еді.

Діндардың уағызы көптеген губерниялардағы бұқара арасында кең танымал болып, көп тарала бастаған. Бұл шіркеуге келген жамағаттан алым жинайтын, белгіше, шырағдан, тұмар және басқасын сатудан күреп табыс табатын Орыс православ шіркеуіне ұнамапты (Гололоб Г. Богословие и национальный вопрос). Содан осы орыс діни тобының өкілдері Ресейде жаппай қуғын-сүргінге ұшырады.

Оның үстіне "рух үшін күресушілерге" (духобор осылай аударылады) қолдарына қару алып, соғысуға да тыйым салынған. Ал бұл позиция мен принцип орыс патшасына жақпайды. Өйткені орыс империясы XVI ғасырдан бастап, Сібір, Қазан, Қырым, Астрахан, бертінде Қазақ, Хиуа, Бұқар және басқа да хандықтар мен әмірліктерді белсенді басып алып жатты. Ал осы мақсатты орындау үшін сансыз көп жауынгер керек еді. Егер орыстардың бәрі пацифист болып кетсе, империалистік миссияны орындайтын жан қалмайтын еді.

1895 жылы күштеп әскерге алынған мыңдаған духобор солдат империялық армияға қосылуға наразылығы ретінде өздеріне берілген барлық қаруды жинап, өртеп жібереді. Осы оқиғадан кейін патша өкіметі осы топтың өкілдерін аяусыз, қынадай қыруға кіріскен. 

Ақыр соңында жазушы Лев Толстойдың бастамасымен және шетелдік квакерлердің қаржылық қолдауымен духоборлардың аман қалған өкілдерін шетелге қоныс аудартуға шешім қабылданады. Олардың ықтимал жаңа Отаны ретінде Түркістан (Э.Э.Ухтомский ұсынысы), Кипр, Гавай аралдары немесе Маньчжурия қарастырылған. Бірақ ең соңында Канада таңдалып, 1898–1899 жылдары жаппай эмиграциясы жүзеге асырылды.

Гаити Президентіне жасалған қастандықтың сырын әшкерелегені үшін Джордж Полк сыйлығының иегері атанған, "Соңғы іс" криминалды триллерінің авторы Дэн Билефскидің (Dan Bilefsky) айтуынша, патшалық Ресейден көшіп келген, орыстың ең бейбітсүйгіш сектасы деп дәріптелген адамдар өзін агрессивті ұстаған.

"67 жасар Дж.Веригин мырза (J.J.Verigin) бала кезден духоборлар арасында өсті. Бірде мектептен үйге оралғанда ол үйдің іші жалаңаштанған егде жастағы әйелдерге толы екеніне куә болып қатты шошынады. Үрейлісі сол, олар әлденені күбірлеп, оның отбасының үйіне өрт салмақ болды. Бұл оқиға бірнеше рет қайталанды. Веригин 1969 жылы ақыры олар өз дегеніне жеткенін күрсіне еске алады. Тілсіз жау бұл отбасының барлық дүние-мүлкін ғана жойып қоймай, сонымен бірге бүкіл құнды отбасылық жәдігерлерінен айырды. Веригиннің түсіндіруінше, егде әйелдер духоборлардың радикалды қанаты болатын. Олар дүркін-дүркін тыр жалаңаш шешініп, көшелерді аралайтын, елді мекендерді ғимараттарды өртейтін. Олар осы арқылы адамдардың жалған дүниедегі пайдакүнемдігіне, дүниеқоңыздығына, шектен тыс материализміне қарсылық білдірген-мыс", – деп жазады Дэн Билефски The New York Times басылымында.

Бірақ Дж.Веригиннің айтуынша, өрт салушылардың бірқатарының басқа аңсар-мотиві болыпты: олар Ресейді қатты сағынған, осы қылмыстары үшін Канада оларды елден қуып шығып, Ресейге күштеп депортациялайды деп үміттенген. Патшалық Ресей духоборлардың өз еркімен оралуына тосқауыл қойды, ең құрыса, күштеп жібергендерді қабылдар деп сенген.

Дэн Билефски бұл секта өкілдерінің қазіргі ұстанымын білмек болып, Канаданың Британдық Колумбия өңіріндегі Каслгар өлкесіне арнайы сапарлады. Содан дастархан үстінде духоборлар қауымы мүшелерінің қазіргі Ресейдің ісіне, Украинадағы соғысқа қатысты қазіргі ұстанымын білді.

Бірінші бетбұрыс: көрші еуропалық елге шапқыншылық жасағаны үшін оқшауланған, санкциялық қыспақ астында қалған Ресейге енді духоборлар қайтқысы келмейді. Олардың басым көпшілігі кейінгі ұрпақтарының Ресейге емес, Канадаға түпкілікті тамыр жаятынына сенімді.

"Біз Ресеймен ешқандай рухани жақындығымызды сезінбейміз. Ресей біз үшін енді отан ана (Россия матушка) емес", – деп мәлімдеген шіркеудегі хор әншісі Келли Позникофф.

"Пацифизм – біздің нанымның ұстыны саналады. Ал Украинадағы сұрапыл соғыс бұған қайшы. Сондықтан қанды қырғын Ресейге қайтуға ынтыққан духоборлардың барлық құштарлығын жойды. Нүкте қойды. Біз украиналық ағайындарымыздың қасіретін сезінміз. Себебі өзіміз де кезінде Ресейде репрессияға ұшырадық", — деді Веригин.

Екінші бетбұрыс: Мәскеу Қырым мен Донбасты тартып алған 2014 жылдан бері тарихи отанын қызу қолдап келген духоборлар енді Путиннің саясатынан теріс айналған екен.

Оның үстіне Украинаны қызу қолдайтын Канада халқы ғасырлар шыңдалған толеранттылығын тарс ұмытып, духоборларға қырын қарай бастапты. Мысалы, Каслгар қаласының дүкендері оларға қызмет көрсетуден, тауар сатудан бас тартқан.

Дэн Билефски шіркеудегі ғибадаттың үзілісінде әңгіме ауанын соғыс туралы тақырыпқа ауыстырыпты. Сонда барлық жастағы қатысушылар бірауыздан В.Путиннің авторитаризміне және милитаризміне қарсы екенін білдіріпті.

Үшінші бетбұрыс: бүгінде Канададағы духоборлардың аса ірі ұйымын – Христостың рухани қауымы одағын басқаратын, оның атқарушы директоры Дж.Веригиннің мәлімдеуінше, бұл діни топ енді радикалды әрекеттерден бас тартты. Яғни, енді бейәдеп қылыққа бармайды, үйлерді жақпайды. Бұл бетбұрыс ХХІ ғасырда өрбіді.

Канадалық духоборлардың абыройын "Сыны свободы" экстремистік қанаты бүлдірді. Олар әсіресе 1920-шы жылдары жалаңаш протестер ұйымдастырды, тұрғын үйлерді, қоғамдық ғимараттарды өртеді. Балалардың мектептерде оқуымен күресті. Тек діни оқумен шектелуге шақырды. Духоборлық соңғы радикал Мэри Браун атты әйел 2001 жылы 6 жылға сотталды. Ол Британдық Колумбияның муниципалды колледжіне өрт қойған. Үкім шығарудың алдында Браун сот залында шешінген. Бұдан бұрын ол сот кезінде алау жағуға талаптаныпты. Содан кейін духоборлар мұндай қиямпұрыс, кесір қылықтан аяқ тартты.

Бүгінде Канадада шамамен 30 мың адам ғана духобор қалды деп саналады. Бұл этникалық топ Батыс жұртына ассимиляциялануда. Бұған барынша қарсыласып, Ресейден кіндігін үзбей келген соңғы духоборлардың сағын Кремлдің қаскөй саясаты сындырғанға ұқсайды.

Духоборларды зерттеу орталығындағы (Doukhobor Discovery Center) музей директоры Райан Дутчак (Ryan Dutchak) соңғы онжылдықтарда көптеген духоборлар орысша фамилияларынан жерігенін айтады. Олар қоғамның Ресейге деген теріс көзқарасынан, остракизмге ұшыраудан қауіптенген. Нәтижесінде, 2021 жылы жүргізілген Канададағы соңғы халық санағында небары 1675 адам ғана өз нанымын духобор деп жазғызды.

Духоборлардың көптеген жастары өз тобына тән жанкешті өмірден, қатаң аскетизмнен бас тартуда. Батыстағы квакерлер мен меннониттарға ұқсас, бірақ бойына орыс мәдениеті мен салт-дәстүрлерін молынан сіңдірген духоборлық өмір салтын да сыйлаудан қалып барады. Олар бабалары жат санаған дүниенің игіліктеріне іңкәр тұрады, мысалы жастары әлеуметтік желілерде тіркеліп, тек төл қауымымен оқшауланбай, өзге құрбы-құрдастарымен араласады.

Ескі ғұрыпты ұстанатын духоборлар Канадада әлі күнге өзара тек орыс тілінде сөйлеседі, балаларын орыс тілді мектептерге ғана береді. Апта сайынғы жиындарында орыстың "Отче наш" әнұранын шырқайды. Орыс моншасында ғана шомылып, дәстүрлі орыс астарын жейді. Мұның көбін жас ұрпағының үлкен бөлігі жатсына бастаған.

The New York Times түсіндіруінше, духоборлардың қатаң салтына аралас некелер сына қағуда. Жас ұрпағы өзге тетелестеріне еліктеп, Толстойдан гөрі, TikTok-ты, Instagram мен Facebook-ты тануға құлшынады. Америкалық басылым духоборлар арасынан бүгінде оларға тән емес кәсіп иелері: дәрігерлер, профессорлар, заңгерлер, кәсіби спортшылар шыққанына назар аудартты. Тіпті біреуі трансвеститке айналған.

Ресейдің Украинадағы соғысы духоборлардың мызғымас ғасырлық құндылықтарын қайта қарауына серпін берді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу