Қарағанды: кәсіпкерлер жер ала алмай әуре

3325

Қарағанды облысында кәсіпкерлерге жер телімін негізсіз бермеген 28 факті анықталды.

Қарағанды: кәсіпкерлер жер ала алмай әуре

Бұл туралы Кәсіпкерлер құқын қорғайтын кеңестің кезекті 25-ші отырысында мәлім болды. Отырысқа прокуратура, ішкі істер басқармасы мен кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысып, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпкерлер арасындағы алауыздықты сарапқа салды.

Қарағанды облыстық прокуратурасында өткен Кеңесте жер телімін алу ісіндегі келеңсіздіктер туралы баяндама жасаған облыстық Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқын қорғау және әкімшілік кедергілерді жою бөлімінің басшысы Азамат Дәненбаев мемлекеттік мекемелердің "ҚР Жер кодексінің" тек бір ғана 48-бабына сүйеніп, кәсіпкерлерге жер телімдерін бермейтінін мәлімдеді.

"Жер алудағы бюрократтық әуре-сарсаң бұған дейін де Кәсіпкерлер құқын қорғайтын Кеңесте қаралған мәселе. Өткен жылдың ақпанында өткен Кеңесте "Юриус" ЖШС мен "Акцент Инвест" ЖШС басшылары шағымданса, тура бір жылдан кейін, дәл осындай фактілер Қарағанды облыстық мемлекеттік қызмет істері жөніндегі Департамент пен Қарағанды қалалық Жер қатынастары бөлімінің бірлескен талқылауына негіз болды. Оның барысында жер телімдерін беруден негізсіз бас тартқан 28 оқиға анықталды", - деді Азамат Дәненбаев.

 

Жер теліміне құқық алу екі жолмен жүзеге асады

Жеке немесе заңды тұлға "ҚР Жер кодексінің" 43-47 баптары негізінде жер телімін алуға өтініш жазады. Жергілікті атқарушы органдар өтінішті қарап, қолдану мақсатын анықтайды, комиссия шешім шығарған соң, жерге орналастыру жобасын бекітеді де жерге құқық беріп, сатып алу немесе уақытша (өтеусіз) пайдалану туралы келісім-шарт жасап, шекарасын белгілеп, жер теліміне құжат береді.

Кодекстің 43-бабы 2-тармағы бойынша жер телімін бермеу туралы шешім комиссияның жағымсыз қорытындысы негізінде 7 жұмыс күн ішінде шығарылады. Жер телімін беруден бас тарту дәлелді болуы қажет.

Оған қоса Жер кодексінде құрылыс жұмысын жүргізуге құқық беруді жеңілдету үшін аукцион өткізу қарастырылған. Кодекстің 48-бап 3-тармағына сай, жер телімін акуционға ұсыну тәртібі бекітілген. Әуелі жер телімінің шекарасын, оны иелену мақсаты мен кадастрлық бағамын белгілейді, одан кейін аукцион өткізу туралы шешім қабылдап, сауда туралы ақпарат жарияланады.

Жер кодексінің 43-бап 8-тармағында "мемлекеттік меншіктегі жер телімдері мен оларды жалға алу байқау мен аукционда сауда объектісі бола алады" делінген. Яғни, атқарушы билік жер телімдерін аукционда сатады, бірақ сату міндеттелмеген.

Дегенмен де, осы бапты желеу еткен қарағандылық билік кәсіпкерлердің жер алуына бөгет қойып отыр. Мемлекеттік мекемелер жер телімі аукцион жүзінде ғана беріледі деген бюрократтық сөзбұйдаға салып келген. Ал, шынында жер телімін өтініш негізінде де алуға болады. 

Мәселен, жеке кәсіпкер П.С. Булганбаева жыл басында Қарағанды қаласы әкіміне жер телімін ұзақ мерзімге уақытша қолдану құқын беру туралы өтініш түсіреді. Жарты айдан кейін кәсіпкерге Қарағанды қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінен өтініші қанағаттандырылмағаны туралы хат келеді.

Сондай ақ, кәсіпкер Д.С. Журабаева да жер телімін орташа мерзімге уақытша қолдану мақсатында қала әкімінің аппаратына жүгінеді. Оған да жер берілмейді. Хатта бас тарту себебі: "Қазіргі таңда қала аумағында киоскілер мен павильондарды жеңіл материалдардан орналастырудың салалық сызбасы жасалуда. Жер телімін беру Кодекстің 48-бап 1-тармағына қайшы" (мемлекет меншігіндегі және қолданыста жоқ жер телімдерін беру және жалға алу (байқауда, аукционда) сауда жүзінде жүзеге асады") деп көрсетілген.  

Осыдан кейін қарағандылық кәсіпкерлер жер телімдерінің саудаға шығарылғанын күтуге мәжбүр. Ал, билік аукциондар мен сауда өткізуге бюджет қаражаты жеткіліксіз дегенді желеу етеді.

Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі облыстық Департамент жүргізген талдау барысында дәл осындай 28 заң бұзушылық анықталды. Олардың ішінде тек бір кәсіпкер ғана 64 740 теңге тұратын екі жер телімін аукционда 110 727 және 100 433 теңгеге сатып алған.

Жер телімін алуға негізсіз шектеу қою заңды тұлғалардың құқын бұзу болып табылады. "ҚР Мемлекеттік қызмет туралы" заңының 50-бап 1-тармағында "жеке және заңды тұлғалардың құқы мен еркіндігін және заңды мүддесін шектеу мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін тәртіптік іс" деп көрсетілген.

Аталмыш фактілер бойынша аймақтық Кәсіпкерлік палатасы прокуратураға шағым берді. Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы аудандық прокуратура шағымды қарап, Қарағанды қаласы әкімінің атына прокурорлық акті жасаған.

Алайда, мұндай фактілер әлі де қайталануда. Оған  қала әкімінің үстіміздегі жылғы 9 қыркүйекте шығарған № 98/26 және 98/27 қаулылары дәлел. Кәсіпкерлер мен билік өкілдері арасында болған кездесулерде аукционды сылтаулап жер телімін бермеу мәселесі жиі көтеріледі. Аукциондар шын мәнінде өткізілмейді. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлердің Кодекстің 43-бабы бойынша жер телімін өтініш негізінде алу құқын бұзып отыр", – деді баяндамашы.

Жеке кәсіпкерлікпен айналысуға бөгет болған жағдай облыстық масштабта етек жайған. Мәселен, Осакаров ауданында Н. Рахимованың "Жәдігер" ШҚ, Т.С.Сыздықовтың "Сыздықов" ШҚ, А.Б.Шахтемірованың "А.Б.Шахтеміров" ШҚ, Е.Ш.Елешовтың "Әмина" ЖК шаруа қожалықтарын кеңейту үшін жаңа жер телімін сұраған өтініштері де Жер кодексінің 48-бабы негізінде қанағатандырылмаған.

"Жергілікті атқарушы органдардың жер телімін бермеу әрекетінің заңдылығын тексеріп, кәсіпкерлердің құқын бұзған тұлғаларғаға қатысты прокурорлық шара қолдануыңызды сұраймыз. Бұл мәселелерді Қарағанды облыстық прокуратурасы жанындағы жұмыс тобының мәжілісінде қарау қажет деп есептейміз", - деп қорытты баяндамасын Қарағанды облыстық Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлер құқын қорғау және әкімшілік кедергілерді жою бөлімінің басшысы Азамат Дәненбаев.

Ләззат Қожахметова

Қарағанды

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу