Қаражал қараң қалған қала ма?

3694

Қарағанды облысы депрессивті шаһарын қаржыландыруды күрт азайтпақ ниетте.

Қаражал қараң қалған қала ма?

Спутнигі бар, күйзелген қала

Республикамызда 89 қала бар. Алайда олардың кейбірінің барын шетел түгіл, еліміздің өзінде екінің бірі біле бермейді.

Аймақ "астанасы" Қарағандыдан 320 шақырымдай жерде Қаражал қаласы орналасқан. Аумағы 164 шаршы шақырымды алып жатыр. Салыстыру үшін айтсақ, Сан-Марино мемлекетінен үш еседей үлкен. Кезінде осы қаланың пайда болуына темір мен марганецтің мол кенінің табылуы себепкер болыпты. Бұл мекен – марганец қоры жөнінен ТМД-дағы екінші ірі шикізат базасы саналады.

Қаражалдың тіпті спутник-қалашығы да бар. Одан 70 шақырым қашықта орналасқан Жәйрем кенті әкімшілік тұрғыдан Қаражалға бағынады.

Дегенмен қазақстандықтар Қаражалға қарағанда, Жәйрем туралы көбірек естіген болар. Себебі оның аумағында "Жәйрем тау-кен байыту комбинаты" жұмыс істейді. Сондықтан кентті мырыш өндіретін белгілі компания қанатының астына алған және оған жыл сайын жәрдемдесіп тұрады. Мысалы, инвестор өз қаражатына Жәйрем ауруханасының ғимаратын жөндеп берген, сондай-ақ көтермеақысын, еңбекақысына ай сайынғы үстемеақысын төлеп, мамандар шақырыпты. Сондай-ақ комбинат келген мамандарды тегін баспанамен қамтиды.

Әйтсе де осының бәріне қарамастан, жәйремдіктердің көңілі толмайды және медициналық қызмет көрсету сапасына шағымданып, бірнеше рет жоғары жаққа жүгінген.

Таяуда кенттің жергілікті өзін-өзі басқару органының – жергілікті қауымдастық жиналысының мүшелері де облыс әкіміне арызданды. Мәселенің мәнісі мынада: жер қойнауын пайдаланушы кент тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін шешу үшін құрылған коммуналдық кәсіпорын – "Жәйрем Болашаққа" 2018 жылы шамамен 79 млн теңгеге бірқатар техника сатып әпереді. Сол арқылы кенттегі қоқыс, қар және басқасы жиналып, шығарылады. Инвестор әкімдікпен арасында бекітілген меморандумға сәйкес, жыл сайын коммуналдық кәсіпорынның эксплуатациялық шығындарын өтеу үшін қаражат бөледі, оның қызметкерлерінің жалақысын дотациялайды. Нақтылай кетсек, 2021 жылы берілген сома 21 372 000 теңгені құрады.

"Бірақ компания тарапынан көрсетіліп жатқан бүкіл көмекке қарамастан, коммуналдық кәсіпорынның басшысы Түскенов жиналысымызда "Жәйрем Болашақтың" залалды (убыточный) кәсіпорын екеніне сендіріп бақты. Салдарынан кәсіпорынның техникасын Жәйремнің мердігер ұйымдарына арендаға табыстауға мәжбүр екен. Жарайды, мұнысы шынымен мәжбүрлі шара шығар. Алайда қымбат техниканы қанша ақшаға жалға беріп отырғанын білгенде шалқамыздан түсе жаздадық. Аренда құны айына небәрі 100 мың теңге. Бұл өте-мөте мардымсыз сома! Өйткені халықтың қатты тұрмыстық қалдықтарын шығару үшін осы техника сағатына 8 мың теңгеден ұсынылады. Осы тарифпен есептесек, 8 мыңды күніне 8 сағатқа және 20 жұмыс күніне көбейтсек, "Жәйрем Болашақ" мердігерден айына кем дегенде 1 млн 280 мың теңге алуға тиіс!", – дейді жергілікті белсенді Садырбай Мырзатаев.

Жергілікті қауымдастық жиналысының мүшелері Түскеновтен техниканы жалға беру келісімшартын көрсетуді талап етіпті, бірақ ол әртүрлі сылтаумен бірде-бір құжатты ұсынбаған екен.

Әрине, жәйремдіктердің де жағасы жайлауда деп айту қиын, оның дәл іргесінде кен өндіріледі, ол жергілікті жұртшылықтың денсаулығына әсер етеді. Жарылыстан көз ашпаған жұртшылық...

Ескіліктің иісін жаңғыру жоя ала ма?

Ал Жәйремнің орталығы Қаражал қаласында көрініс тіпті үрейлі. Онда 90-шы жылдардан бері тұрғындары ауа көшіп, жаппай босап қалған тұтас бес қабатты үйлер жетерлік. 70-ші жылдары қалада 17 мыңнан астам адам тұрған. Қазіргі кезде 8 мыңдайы ғана қалыпты. Жәйремді және ауылдарын қоса алғанда, тұрғын саны 18 мыңға жуықтайды.

Қаражалға барып қайтқан Krisha Content Team арнасының шеф-редакторы Рахиля Мирзалимова көше аралап, жарым-жартылай бос қалған үйлердің арасында, алшақтау тұрғанның өзінде мүңкіген нәжіс иісі қолқаны қауып, өте жағымсыз сезім қалдырғанын айтады. Қала болашақта оларды сүруге ниетті. Кейбірі қалпына келтіріледі.

Кеше "Қаражал қаласының 2022-2024 жылдарға арналған бюджетінің" жобасы жарияланды. Онда бір жайт назар аудартады. Моноқаланың және оның кент-ауылдарының ортақ бюджетінің шығысы келесі жылы 5 млрд 91,8 млн теңгені құрамақ. Алайда 2023 жылы 4 млрд 687,4 млн теңгеге, ал 2024 жылы 4 млрд 825 млн теңгеге дейін азайтылғалы тұр.

Шенеуніктерді ұстап тұруға, мемқызмет көрсетуге 2022 жылы – 353,9 млн, 2024 жылы 391,5 млн теңге жұмсалмақ. Яғни бұл шығын көбейеді деген сөз.

Әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамсыздандыруға алдағы жылы – 136,9 млн, 2024 жылы – 257,4 млн теңге көзделген. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты ұстап тұруға тиісінше 1 млрд 079,6 млн және 2 млрд 411,4 млн теңге бағытталмақ. Соның ішінде 2022 жылы коммуналдық тұрғын үйлерді жобалауға, салуға және қайта қалпына келтіруге – 711 млн теңге жұмсалады. Ал 2024 жылы бұған бірде бір теңге қарастырылмапты. Себебі жергілікті тұрғындар баспанамен қамтылады. Басқа жаңадан көшіп келушілер жоққа тән.

Қала судан тарығып отыр. Тиісінше, келесі жылы сумен жабдықтау және кәріз жүйелерін күтіп ұстауға 130,7 млн, осы жүйелерді дамытуға 50 млн теңге бөлінбек. Есесіне, осы екі бағытқа жұмсалатын сома 2024 жылы тиісінше 980 млн және 500 млн теңгеге дейін артады деп жоспарланған.

Елең еткізгені сол, Қаражалдың "мәдениетіне, спортына, туризміне және ақпараттық кеңістігіне" 2022 жылы – 700 млн 281 мың теңге, 2024 жылы – 289 млн 118 мың теңге қарастырылыпты. Бұл ретте еліміздің ақпараттық айдынында Қаражал қаласы жоқтың қасы. Ғаламтордың өзінен ақпарат табу қиын, ал қала әкімдігінің ресми сайты орталық меморгандардың нұсқаулықтары мен кеңестеріне толып тұр. Қаладағы туризмді айтпағанда, мәдениеттің, спорттың хәлі нешік екені республикалық БАҚ-та жөнді жарияланбайды.

Тағы бір таңғалдыратын шығыс: қалада мемлекеттік тілді дамытуға 2022 жылы – 900 мың теңге ғана бөлу ұсынылып отыр.

Билік не дейді?

Қаражал қалалық мәслихаты шешімінің жобасында айтылғандай, 2021 жылғы қалалық бюджеттің кірістері – 5 млрд 91,8 млн теңге көлемінде бекітілмек. Бірақ оның 2 миллиардтан астамын жоғары тұрған бюджеттендер трансферт түрінде алады. Яғни қала – дотациялы.

Қаражал 3 млрд 24 млн теңгедей қаражатты салықтық түсімдер түрінде, тағы 7 млн теңгені салықтық емес түсімдер түрінде өзі табады.

Қалай болғанда, билік бұл қаладан бас тартпайтын, болашағы жоқ деп жаппайтын көрінеді. Облыс оны ары қарай дамытуға ниетті.

Мысалы, қалада әзірге орталықтандырылған газбен жабдықтау жүйесі жоқ. Қарағанды облысының Энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Ұлантай Үсеновтің мәліметінше, қазіргі кезде Қаражал қаласының Жәйрем кентін газдандырудың жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Жобаны әзірлеуді аяқтау мерзімі 2022 жылға белгіленген. Одан ары көгілдір отын қалаға да жетіп қалуы ықтимал.

Жыл басында Қаражал мен Жәйремге жұмыс сапарымен барып қайтқан облыс басшылығы "қала да, кент те абаттандыру бойынша сапалы серпіліс жасады" деген байламын жария етті.

Жәйремде Мәдени-демалыс орталығы жөнделді. Қаражал қаласының №1 орта мектебінде жөндеу жұмыстары аяқталып, жаңа спорт залы салынды. Қаланың орталық көшелері асфальтталып, жарықтандырылды. Асфальт пен көше шамдары жоқ жеке сектордың 8 көшесін абаттандыру қалып тұрған көрінеді.

Қазір кәріз желілерін қайта құру жобасы әзірленуде және келесі жылға монтаждау жұмыстары жоспарланған. Бұрын қаңырап бос қалған, бұзылған бес қабатты 2 тұрғын үй қалпына келтірілді, бұл – шамамен 150 пәтер. Нәтижесінде тұрғын үй кезегі бірден 75%-ға қысқарады!

"Жергілікті тұрғындардың өтініші бойынша Қаражалдағы стадионды қалпына келтіріп, бассейн құрылысына құжаттар дайындауды тапсырдым", – деді сонда аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек.

Тұрғындарда Қаражал еңсе тіктеп, қала мәртебесіне сай болады деген үміт оты маздады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу