Каспий конвенциясы толық ратификацияланған жоқ

2527

Қазақстан мен Түркіменстан күтіп отыр.  

Каспий конвенциясы толық ратификацияланған жоқ

Естеріңізге салайық, былтыр 12 тамызда Ақтауда өткен V Каспий саммитінде Қазақстан, Әзербайжан, Ресей, Иран және Түркіменстан мемлекеттерінің басшылары Каспийдің құқықтық мәртебесін анықтайтын конвенцияға қол қойды. Осылайша әр ел Каспий теңізіне қатысты құқықтары мен міндеттерін айқындап, табиғи ресурстар мен территориялық суларды пайдаланумен қатар Каспийде кемемен жүру мен балық аулаудың тәртібін заңдастыруға қадам жасады.

Айта кетейік, Каспий теңізін бөлу мәселесі 1992 жылдан бері талқыланып келді. Кеңес одағы күйрегеннен кейін Каспий маңы мемлекеттеріне әлемдегі ең ірі тұйық су қоймасының құқықтық мәртебесін нақтылау қажет болды. Себебі әлемдегі ең ірі тұйық су қоймасының жер асты байлығынан әр ел үлес алуды көздеді.

Ширек ғасырға созылған келіссөз 2018 жылы 5 мемлекеттің ортақ келісімге келуімен шешілді. Бұған дейін жоғары деңгейде 5 кездесу, Каспий маңы мемлекеттері сыртқы істер министрлерінің 7 отырысы, СІМ орынбасарлары деңгейіндегі арнайы жұмыс тобының 52 отырысы, сондай-ақ жағалау елдері сарапшыларының 10 кездесуі өтті.

Бүгінгі таңда әлемде Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны ратификациялаған екі ел бар. Оның бірі – Түркменстан, екіншісі – Қазақстан. Түркменстан мәселені былтыр, Қазақстан биыл шешті.

Өткен аптаның соңында президент Нұрсұлтан Назарбаев "Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны ратификациялау туралы" заңға қол қойды. Осыған қатысты сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеме жасады. Ол Каспий конвенциясын Қазақстан мен Түрікменстан ғана ратификациялағанын тілге тиек етіп: "Ендігі кезекте біз Каспий маңындағы басқа елдердің де аталған құжатты ратификациялауын күтеміз", – деді Айбек Смадияров.

Оның сөзінше, мемлекет басшысы конвенцияны Каспий теңізінің конституциясы деп жариялаған.

"Құқықтық мәселелерді шешу тек жағалаудағы мемлекеттердің іс-қимылына ғана емес, сонымен қатар инвестиция тарту үшін қолайлы жағдай туғызады. Каспийдің 5 жақты сауда-экономикалық байланысын сыртқы әлеммен, көліктік инфрақұрылыммен және тұтастай алғанда аймақтың транзиттік әлеуетін дамытуға оң әсерін тигізеді. Бұдан бөлек конвенция қазақстандық сектордың түбін делимитациялуды аяқтауға, сондай-ақ мемлекеттік шекараның бүкіл периметрі бойынша оның ішінде Каспий теңізінің шекарасын делимитациялауды аяқтауға мүмкіндік береді", – деді сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу