banner

Қазақстан Алматыны жаппай жаңғыртып, жаңа қалаға айналдырмақ

5607

"Жаңа Алматыны" салуға 1 триллион теңге шығындалады деп жоспарланған. Осы онжылдықта мегаполис тұрғындарының саны 3 миллионға жетеді деп күтілуде.

Қазақстан Алматыны жаппай жаңғыртып, жаңа қалаға айналдырмақ

Ел Үкіметі "Жаңа Алматы" бесжылдық кешенді жоспарының өзектілендірілген жаңа нұсқасын жариялады. Құжатта "Алматының ауа жайылып бара жатқанына" алаңдаушылық білдірілген. Мегаполис орынды көп алатын, бірақ мейлінше аз адамды баспанамен қамтитын коттедждерге және қарапайым жеке үйлерге толып барады.

"Субурбанизация – қаланың жан-жаққа жайылуы жүруде, бұл инфрақұрылым шығындарының артуына соқтырды. Тұрғын үй саясатында салмақты теңгерімсіздіктер тіркелуде. 6 жыл ішінде Алматыда көппәтерлі үйлердің жалпы саны тек 13%-ға, ал жеке тұрғын үйлер саны бірден 2 еседен астамға ұлғайды", – делінген жоспарда.

Бұл ретте Алматыда еліміздегі ең көп тұрғын үй қоры қордаланған. Онда 8,6 мыңнан астам көпқабатты тұрғын-үй бар. Оның үлкен бөлігінің тозығы жеткен, апатты жағдайда. Сонымен бірге Алматыда 31,2 мың отбасы тұрғын үй кезегінде тұр. Олардың қатары былтырдан бері тағы 15%-ға өсті. Қалада қолжетімді тұрғын үй жетіспейді.

Орталықтағы пәтерлердің бағасы тым қымбат болғандықтан, жаңа көшіп келушілер басым көпшілігінде қала шетін таңдайды.

Шаһар алапат көші-қон тасқынын бастан кешуде. 2012 жылдан бері қала халқы 30%-ға ұлғайды. Алайда тіркеуге тұрмаған тұрғындарды және қаланы күндізгі уақытта жайлайтын жұмыскерлерді есепке алса, көші-қонның ауқымы орасан зор екенін аңғаруға болады. 

Алматылықтардың ресми саны 2 миллионнан асты. Бірақ емханаларға бұдан 110 мыңға жуық адам артық тіркелген. Қалада жедел жәрдем шақыруларының жылдық көлемі 735 мың деп жоспарланады. Ал іс жүзінде жыл сайын шақыру саны одан 112 мыңға асып кетеді.

2021 жылғы 1 қарашада қала халқы 2 млн 16,2 мың адамды құрады. Халықтың тығыздығы 1 шаршы шақырымға 2 949,8 адамнан келді. Дегенмен халық санағына мегаполистен 2,2 млн адам қатысыпты.

"Халық өсімінің ағымдағы қарқыны сақталса, 2030 жылы алматылықтардың саны 3 миллион адамға жетуі мүмкін. Негізгі қоныстану қаланың шетінде жүреді деп күтілуде. Осыған байланысты ең принципті мәселе – мегаполистің орталығы мен шет аймақтарының дамуындағы теңгерімсіздікті жою. Бүгінде іс жүзінде тек Алматының орталығы ғана дамыған. Барлық әлеуметтік инфрақұрылымының 70%-ға жуығы сонда орналасқан", – деп шаһардағы көңіл жабырқататын көріністі сипаттады Ұлттық экономика министрлігі.

Өзге салаларда да жағдайы оңып тұрған жоқ. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Алматы қаласы аумағында соңғы жылдары криминогендік жағдай тұрақтанған. Алайда Алатау бөктеріндегі бұл шаһар бәрібір еліміздегі ең қылмысты қала болып қалуда: бүкіл республика көлемінде жасалатын барлық қылмыстың шамамен бестен бірі жалғыз Алматының үлесінде! 2021 жылдың 11 айында республикада тіркелген қылмыстардың 17,2%-ы соған тиесілі. Алматы қаласында биылғы жыл басынан бері – 24 678, жалпы Қазақстанда – 143 494 қылмыс жасалды.

Қазақ елі тарихындағы ең ірі зілзалалар Алматының өзі мен маңында болғаны мәлім. 1887 жылғы және 1911 жылғы жерсілкіністері 11-12 минут ішінде қаланы толық дерлік тып-типыл еткен. Бұдан бөлек, Алматы өз тарихында үш қорқынышты селді бастан өткерді. Қаланың жартысы тас пен лайдың астында қалды. ТЖМ дерегінше, шаһар қазір де табиғи алапат апаттарға дайын емес: жерсілкіністеріне, су тасқынына, селдерге, көшкіндерге, өрттерге қарсы тұратын инфрақұрылымның дайындық деңгейі 2014 жылғы 48,5%-дан 2021 жылы 58%-ға дейін ғана ұлғайды. Яғни қорғанысы тек жарым-жартылай қамтамасыз етілген.

Техногендік авариялардан, апаттардан және дүлей зілзалалардан болатын қатерлерді, келетін залалды азайту үшін цифрландыру және "Smart city" аясында сел қаупінің автоматтандырылған мониторингін жасау жұмыстары әлі күнге аяқталмаған.

Еліміздің ең ірі мегаполисінің осы және басқа да проблемаларын "Жаңа Алматы" кешенді жоспары аясында шешу көзделіп отыр.

Аты – Алматы, заты – ауыл

Соңғы 10 жылда жаңа аумақтарды, Алматы облысының ауылдары мен аудандарын қосу нәтижесінде қала ауданы 2 еседен астам өсті. Нәтижесінде, жаңа аудандарды инфрақұрылыммен қамту мәселесі күн тәртібіне шықты. Аса өткір инфрақұрылымдық проблемалардың ішінде бірнешеуі дараланады.

Біріншіден, Алматыда инженерлік желілердің тозуы 60%-дан асып кетті. Екіншіден, мегаполис деген аты дардай болғанымен, қазіргі кезде оның Наурызбай, Алатау, Медеу, Түрксіб, Бостандық және Жетісу аудандарындағы 23 ықшамауданда орталықтандырылған сумен жабдықтау және кәріз жүйесі жоқ! Бұл шағынаудандарда 105 мыңнан астам тұрғын тұрып жатыр. Рас, соның ішінде 71,1 мың тұрғыны бар 15 ықшамауданда желілер құрылысы жүргізіліп жатыр.

Үшіншіден, Алматыдағы барлық көшелердің бестен бірі – 19%-ы жарықтандырылмаған! Кеш түсе қараңғылық құшағына бөленеді.

Төртіншіден, Алматыда жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 83%-ды ғана құрайды. Яғни онда көптеген қалалық жолдардың жай-күйі ауылдағыдай тым нашар.

Бесіншіден, қала аудандарының бір бөлігі, әсіресе, Түрксіб, Жетісу, Әуезов аудандары тұрғын үймен және мектептермен жеткілікті қамтамасыз етілмеген. Бұл ретте орта білім ордаларымен қамту көрсеткіші орталыққа қарағанда "Жаңа Алматыда" 1,5 есе төмен.

Осының бәрі билікті Алматыға бюджеттен орасан қаржы құйып, ғаламат шығын шығаруға мәжбүрлеп отыр. Сайып келгенде, ескірген экс-астана – Алматыны жаңғыртып, дамыту үшін оған елорданы, яғни жаңа қаланы тұрғызуға кеткендей инвестиция бағыттауға тура келуі мүмкін. Мәселен, Қазақстан астанасына 1997 жылдан бері, екі онжылдықтан астам уақыт ішінде шамамен 2,5 триллион теңге бюджеттік қаражат жұмсалыпты.  

Ал Алматы осының жартысына жуық қаржыны бес жылда "жұтпақ". Нақтылай кетсек, 2020 жылы жоспар бойынша – 210,9 млрд, 2021 жылы – 175 млрд теңге салынған. Енді 2022 жылға – 233 млрд, 2023 жылға – 225,1 млрд, ал 2024 жылға – 153,2 млрд теңге, яғни 5 жылда 1 триллионға жуық (997,2 млрд теңге) қарастырылып отыр.

Алматыны жаңғыртудан елге не пайда?

Кешенді жоспар Алматыны жан-жақты жаңғыртуға бағытталады. Мысалы, қалада 969 лифт апатты жағдайда. Жаппай құлап, масқара болуы мүмкін. Сондықтан бәрі ауыстырылады. 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында 115 көпқабатты тұрғын үйдегі 246 лифт жаңартылды. Қалғаны 2024 жылға дейін бірте-бірте ауыстырылады.

"Жаңа Алматы" бағдарламасы арқасында экс-астана жаңа қалаға айналуға тиіс. Алматылықтарды таза ауызсумен жабдықтау осы бесжылдықта 99%-ға жеткізіледі. Қала толығымен, 100% газға көшеді. Қаланың шеткері аумақтары 100% жарықтандырылады.

Жолдардың 95%-ына дейінгісінің сапасын жақсарту және үнемі кептелістен арылмайтын басты магистральдарды босату үшін қалада 350 шақырым жол, 4 көлік жолайрығы салынады. 6 көше ұзартылады. 55 жүргіншілердің жерасты және 8 жерүсті өтпежолын салу жоспарлануда.

Жаңа мектептер мен қолданыстағыларына жапсарлас құрылыс салу есебінен тапшылық 50 мыңнан астам оқушы орнына қысқарады. 400 жекеменшік мектеп ашылады. Қала 3 ауысымнан арылады деп күтілуде.

19 аурухана және емхана тұрғызылады, соның арқасында 1 миллионнан астам тұрғынға медициналық қызмет көрсету қолжетімділігі жақсарады.

Қауіпсіздік саласында 5 жылда Алматыда уақытша ұстау изоляторы, қабылдау бөлгіші, әкімшілік қамауға алынғандарға арналған арнайы қабылдау орны, 1 жол полиция кешені, сондай-ақ 29 учаскелік полиция пункті ашылады. Нәтижесінде, ауыр емес қылмыстардың саны орта есеппен 22,7%-ға, орташа ауырлықтағы қылмыстардың саны – 17,5%-ға, ауыр қылмыстардың саны – 26,5%-ға төмендеуге тиіс.

Төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында іс-шаралар жоспарланған: 183 мың тұрғын тұратын аумақты қамтитын 3 өрт сөндіру депосы салынады. Аюсай, Ақсай өзендері шатқалдарында 2 бөгет тұрғызылады, бұл 35 мың адамның қауіпсіздігіне сеп. Сел қаупі мониторингінің автоматтандырылған жүйесінің 21 станциясы және халықты оқытуға арналған 1 симуляциялық оқу-әдістемелік орталығы бой көтереді.

Кәсіпкерлік саласында "Алматыда алдағы 3 жылда жаңа сауда кешендері, бизнес-орталықтар мен зауыттар салынатын болады". Мемлекет Алматыны жаңартуға бизнесті жұмылдырмақ. Келесі жылы кәсіпкерлер 69,5 млрд, 2023 жылы – 18,6 млрд, 2024 жылы – 1 млрд теңге инвестиция салуға әзір отыр.

Дегенмен бизнесмендер мемлекет кепілдендірілген тапсырыспен қамтитын, шығынның бір бөлігі бюджеттен өтелетін жобаларға үйір: "Жаңа Алматы" аясында 2022 жылы – 42 млрд 972 млн, 2023 жылы – 129 млрд 527 млн, 2024 жылы – 120 млрд 473 млн теңге тұратын мемлекеттік-жекешелік жобаларды жүзеге асыру қарастырылған.

Алматыны жаңғырту елді осынша шығынға батырады екен. Сонда оның не керегі бар? Ұлттық экономика министрлігі Алматы қаласы – республикалық бюджеттің доноры екенін еске салды. 2021 жылдың жартыжылдығында қала 5 трлн 846,4 млрд теңгенің өнімін шығарған. Қазақстанның ЖІӨ-дегі Алматының үлес салмағы 18,1%-ды, ал 2021 жылдың 11 айында мемлекет жинаған салықтар мен төлемдердегі үлесі – 26,1%-ды құрады. Мұндай қомақты үлеске өзге өңірлердің ешқайсысы ие емес. Демек "береген қолым алаған" деп, Алматы да мемлекеттен өзіне қамқорлық күтуге қақылы болса керек.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу