Қазақстан буйвол, сиыр, қой мен ешкі экспортына шектеу қоймақ

4814

Төрт түліктің елімізден "шикізат" түрінде тасылуы қымбатшылыққа соқтырыпты. 

Қазақстан буйвол, сиыр, қой мен ешкі экспортына шектеу қоймақ

Қазақстанда биыл мал мен ет бағасы шығандап барады. Ауыл шаруашылығы министрлігі және мамандар қымбатшылықтың бірнеше себебін анықтаған, деп жазады Inbusiness.kz.

Бізде өзі буйвол бар ма?

Біріншіден, қымбатшылыққа былтырдан малға арналған құрама жем дайындалатын астық түрлері бағасының жоғарлауы ықпал етіпті. Бұл мәселені биылғы егін орағы мен жаңа астық шешеді деген пікір бар.

Екіншіден, ауа райының қолайсыздығы, біраз облысты қуаңшылықтың жайлауы, шөптің шықпауы салдарынан малдың қырылуы да осы мәселенің ушығуына соқтырған. Бұған қоса, аптап ыстық біраз су қоймасын батпаққа айналдырды. Жайылымда еркін жайылатын сиыр, жылқылар соған түнде су ішуге барып, ұйыққа түсіп өлген оқиғалары кездесуде. Бұл түйткілдер "төтенше жағдай" режимінде шешілуде. Өзге өңірлердің әкімдіктері мен еріктілер шөп шауып, қуаңшылықтан зардап шеккен аудандарға теміржолдың жартылай вагондарымен, платформаларымен жедел жеткізуде.

Үшіншіден, АШМ дерегінше, ет пен мал бағасының өсуіне төрт түліктің елімізден шетелге жаппай тірідей шығарылуы себеп болған көрінеді. Енді ведомство осы фактормен күреске кірісті. Ауыл шаруашылығы министрлігі "ҚР аумағынан ауыл шаруашылығы жануарларын әкетудің кейбір мәселелері туралы" бұйрық жобасын жария етті.

Ол қабылданған соң жануарлардың белгіленген тізбесі бойынша оларды шетелге шығаруға сандық шектеулер, яғни квота енгізіледі.

Сонымен, құжатқа сәйкес, жануарлардың келесі түрлерін сыртқа экспорттауға шектеу қойылады: біріншіден, bibos или poephagus туыс тармағын қоса алғанда, таза, асыл тұқымды және басқа да тірі ірі қара мал тізімге кірді. Бұл ретте сиырлардың 80, 160 және 300 келіге дейінгі салмақ санаттары бойынша бөлек-бөлек квота бекітілмек.

Екіншіден, таза, асыл тұқымды, қолда өсірілетін буйволдар да шектеуге ілікті. Бізде өзі буйвол бар ма?

"Нақты статистикасы жоқ. Бірақ Қазақстанда шамалы болса да, жануардың осы түрі өсіріледі. Алматы, Қарағанды және басқа облыстардан сонымен айналысатын жеке шаруашылықтарды табуға болады. Малдар Әзербайжаннан, алыс шетелден тасылады. Бұл өзі өте перспективті сала. Буйволдар ерекше күтімді қажет етпейді, азықжем талғамайды. Әрине, буйволдардың бұзаулары әлжуаз болып туылады, оларды бағып-қағу керек. Сиырға қарағанда көбірек табыс әкеледі. Еті сиыр етінен әлдеқайда пайдалы. Сүті майлы болғандықтан, одан көп май, ірімшік пен қатық шығады. Айталық, 10 литр сиыр сүтінен немесе 5 литрдей буйвол сүтінен 1 келі ірімшік-сыр жасалады. Саны онсыз да аз буйволдар тірі күйде шетелге сатылып кетпеуі, басы көбеюі үшін шектеу шарасына баруға ұйғарған болар", – дейді ауыл шаруашылығы маманы Әсет Сыбан.

Сиырларды жайратып кететін бруцеллез секілді індеттер де буйволға еш залал келтірмейді екен: олар мұндай дерттермен ауырмайды.

Тұрғыны аз, төрт түлігі көп өңірлер көбірек квота алады

АШМ бұйрығы ұсақ мал экспортына да тоспа қояды. Асыл, таза тұқымды қойларды, бір жасқа дейінгі қозыларды, асыл тұқымды және басқа да ешкілерді тірі күйде сыртқа шығаруға квота енгізілмек.

Дегенмен, мал экспортына толық тыйым салынбайды. Жеке кәсіпкерлік, шаруа қожалығы немесе фермерлік шаруашылық мәртебесінде тіркелген заңды тұлғалар мен жеке тұлғаларға квота шегінде малды тірі күйде экспорттауға рұқсат етіледі, тек экспорт ауқымы бірнеше есе қысқартылмақ.

Әр өңір үшін жеке квота белгіленеді. Ол квотаның көлемі әр облыстағы тұрғын санына және оның малмен, етпен қамтылуына байланысты болады. Жан басына шаққандағы сиыр мен қой-ешкі саны неғұрлым көп болса, квота да үлкен болады.

"Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың жергілікті әкімдігінің ауыл шаруашылығы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесі, басқармасы өңірдегі халық санына, тұтыну нормасына, өндіріс теңгеріміне, қамтамасыз етілуіне және тапшылығына, қорлардың болуына, өңдеуші кәсіпорындардың қажеттілігіне сүйене отырып, Қазақстан аумағынан ірі қара малды және ұсақ малды әкетуге арналған квоталар көлемінің есептемесін жүргізеді, яғни квоталардың жылдық көлемдерін бекітеді", – делінген бұйрық жобасында.

Бұл ретте Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің Ұлттық статистика бюросының деректері негізге алынады.

Квоталардың жылдық көлеміне облыс әкімінің орынбасары қол қояды және АШМ-ге жолдайды. Өз кезегінде министрлік шешім қабылдау үшін оларды Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қарауына жібереді. Ары қарай мақұлданған квоталарды ауыл шаруашылығы өндірушілері арасында бөлу үшін облыс әкімінің шешімімен Квоталар көлемдерін бөлу жөніндегі жұмыс тобы құрылады. Осылайша, біраз бюрократиялық сергелдең, тіпті бармақ басты, көз қысты тірліктер болуы ғажап емес.

Осы қағидалар күшіне енген күннен бастап, 30 күн ішінде және кейіндері жыл сайын 1 ақпанға дейін басқармалар әкімдіктің ресми интернет-ресурсында квота алуға өтінімдерді қабылдау туралы хабарландыру орналастырып отырады. Он күннен кейін квотаға іліккендердің тізімі де сайтта жариялануға тиіс.

Сәйкесінше, сыртқа малды тірідей экспорттарды шектеу биыл ғана емес, бірнеше жылға созылады деп күтілуде. Бұл шараның елдегі ет пен мал бағасына қаншалықты әсер еткенін тәжірибе көрсетпек.

Қазіргі кезде Қазақстандағы шаруашылықтардың барлық санаттарында 7 млн 850 мыңдай ірі қара мал, 17,7 миллион қой, 2 млн 305,6 мың ешкі бар.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу