Қазақстан қорғаныс-өнеркәсіп саласын күшейтуге кірісті

2799

Жаңа жылда құрылғалы тұрған Қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту қоры немен айналыспақ? Отандық осы сала қанша миллиардқа өнім шығарады? 

Қазақстан қорғаныс-өнеркәсіп саласын күшейтуге кірісті Фото: inbusiness.kz

Украинадағы соғыс Ресеймен қоңсы отырған елдердің қамсыз отырмауға тиістігін көрсетті. Осы орайда сарапшылар Қазақстан өз қорғаныс қабілетін күшейтуге қаңтар оқиғасынан кейін баса мән бере бастағанына назар аудартады. Бірақ белгілі бір шешімдер қабылданып, салаға бөлінетін бюджет біршама артқанымен, отандық қару-жарақ, әскери техника өндірісінің көрігі қыза қойған жоқ.

Мемлекет тек тамыз айында ғана бір жылға, 2023 жылғы тамыз айының соңына дейін Қазақстанда жасалған қару, әскери техника және әскери мақсаттағы өнімдердің экспортына тыйым салды. Біраз жылдан бері, тіпті 2021 жылы еліміз Тәжікстанға, Қырғызстанға автоматтарға арналған миллиондаған дана патрон, ондаған мың миномет снарядтарын, түтіндеткіш гранаталар және басқа да оқ-дәрілерді беріп келді. Биыл мұндай гуманитарлық мақсаттағы жеткізілімдер де доғарылыпты.

Ал желтоқсан айында Қазақстан әскери мақсаттағы ерекше тауарларды бақылау саласындағы делдалдық қызметке қадағалауды да күшейтті. Бүкіл әлемде қару өндірісіне – Қорғаныс министрлігі, ал соғыс мәселелері мен әскери өнерге – Бас штаб жауап береді. Ал бірінші Президент тұсындағы реформалар кесірінен Қазақстанда қару-жарақ пен ұрыс техникасының өндірісі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жүктелген. Салдарынан бұл саланы азаматтық сектордан ауған қаптаған делдал басты. Олардың әрқайсысы қорғаныстық тапсырысқа таласып, тайталасып, бірін-бірі түтіп жеуге даяр. Түрлі "ноқталы" сарапшыларын, ақпарат құралдары және блогерлерін жұмылдырып, қоғамдық пікір мен биліктің назарын өзіне аударуға жанталасады. Салдарынан қорғаныс-өнеркәсіп кешені саласы кері кетті. Делдал фирмалардың қаптағаны сонша, Қазақстандағы қару өндіруші кәсіпорындардың қандай елдерге не сатып жатқанын Қорғаныс министрлігі білмейтін болып шықты.   

Бұған тосқауыл қою үшін Парламент "Ерекше тауарларды бақылау туралы" заң жобасын қабылдады. Құжат жаңа жылда күшіне енбек. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың түсіндіруінше, заң аталған кешендегі экспортты, импортты, реэкспортты (кері экспортты), транзитті бақылаудың, сондай-ақ нақты тауарлар саласында қызметтер көрсетудің ұлттық жүйесін жетілдіруге бағытталған.

"Осы арқылы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, жаппай қырып-жою қаруын таратпау және қару-жарақтың заңсыз саудасына жол бермеу жөніндегі халықаралық міндеттемелерді сақтау көзделіп отыр. Аталған реформа тәуекелдерді бағалаудың өлшемшарттарын, мемлекеттік органдар арасындағы өзара ақпараттық іс-қимылды енгізуге, жеке және заңды тұлғалардың ерекше тауарларды бақылау саласындағы делдалдық қызметтер көрсетуін қадағалауды күшейтуге септігін тигізеді", – деді министр Қ.Өскенбаев.

Осы заңның арқасында мемлекет шетелден әкелінген импорттық қарулар мен техниканың, қосарланған мақсаттағы тауарлардың түпкілікті пайдалануына, қандай мақсатқа жұмсалғанына, қайда кеткеніне тексеріс жүргізуге мүмкіндік алады.

Құжаттың тағы бір жаңалығы: келесі жылдың соңына қарай отандық әскери өнімдердің экспорты қайта жанданса, қару сату жеңілдейді. Себебі, отандық өндірушілердің қару саудасының әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін "жалпы лицензиялау" тәртібі мен Халықаралық импорттық сертификат енгізіледі. Жалпы лицензиялау аясында Қазақстан аумағында шығарылатын салалық тауарларды контрагенттер мен басқа елдерге енді бірнеше емес, бір ғана лицензиямен экспорттауға жол ашылады.

Бұған қоса, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі биылғы 21 желтоқсанға дейін "Қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту қоры" акционерлік қоғамын құру туралы Үкімет қаулысының жобасын қоғамдық талқылауға шығарды. Ведомствоның түсіндіруінше, оның жүз пайыз акциясы мемлекетке тиесілі болады.

Қор отандық ғалымдар, инноватор-өнертапқыштар әзірлеген жаңа қару түрлерін қаржыландырады. "Қоғам қызметінің негізгі мәні – отандық ғылыми-техникалық әзірлемелерді қаржылық қолдау, қорғаныс-өнеркәсіп кешені ұйымдарын модернизациялау", – деп жазылған қаулыда.

Оның аясында Қаржы министрлігі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне 2022 жылға көзделген республикалық бюджеттен жыл соңына дейін 153,1 миллион теңге бөлуге тиіс. Бұл сома аталған жаңа қорды құрып, оның жарғылық капиталын қалыптастыруға жұмсалады. Ары қарай миллиардтар ағындауы мүмкін.

Ол қаржылар бөлінуі үшін Қаржы министрлігі жаңа ұйымнан кепіл сұрамайтын болады. Өйткені құжатта Қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту қорын "Республикалық бюджеттен бюджеттік кредиттер міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етпей бөлінуі мүмкін қаржы агенттіктерінің тізбесіне" қосу көзделген. Бұл бір жағынан, ылан-ойран қаржының құмға сіңгендей жоқ болу қаупін күшейтуі мүмкін. Кезінде Инновациялық қордың ондаған миллиард қаржыны талан-тараж етіп, жабылып тынған тәжірибесі бар. Оған жол бермеу үшін бақылау артқаны жөн. Екінші жағынан, аймақта соғыс жүріп жатқанда, НАТО елдерінен қару-жарақ пен техника алуға мүмкіндігі аз Қазақстанның ең құрығанда төл әскери әзірлемелеріне күнібұрын ден қойғаны құптарлық шара.

Құжатқа түсініктемесінде министр Қайырбек Өскенбаев айтқандай, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев "қару-жарақ, әскери техника және оқ-дәрі өндіретін кәсіпорындарды қаржылық институттардың, екінші деңгейлі банктердің кредиттеуі мәселесін пысықтауды" жүктепті. Пысықтау нәтижесінде салада жеке қор құру қажет деген тұжырым жасалған.

Себебі, банктердің ішкі жарғыларына сәйкес, оларға әскери саладағы жеке және мемлекеттік компанияларға кредит беруге рұқсат етілмейді. Кез келген кәсіпорын несие алғанда, мүлкін, акциялар пакетін кепілге қоюы мүмкін. Банкрот болса, оның бәрі, яғни қарулар банктің меншігіне көшеді. Ал елде шетелдік қатысымдағы оннан аса банк барын ұмытпаған жөн. Сонымен бірге халықаралық қаржы институттары да әскери саламен байланысты банктерге ұзақ мерзімді арзан несие беруді доғарады. Сондықтан тұйықтан шығар жол ретінде ИИДМ арнайы қор құруға ұйғарды.

"Қор қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамытуға септеседі. Ол отандық ғылыми-техникалық әзірлемелерді қаржылай қолдайды, отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешеніндегі ұйымдарды, зауыттарды жаңғыртуға атсалысады", – деді министр.

Orda.kz порталына сұхбатында Қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директоры Н.Олжабайұлы қор құрып, саланы салмақты қолдайтын уақыт келгенін айтты.

"Қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындары бүгінде мемлекеттен мардымсыз ғана көмек алып отыр. Оның орнына министрлік тарапынан қысым көреді. Ал нарықта, банктерден заем қаржы алу қиын. Ендеше шетелден әскери және қосарлы пайдаланымдағы технологиялардың трансферін, әскери ғылымды, отандық өнертапқыштардың тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелерін тікелей қаржыландыратын қорды құрған жөн. Ол жаңа қару және әскери техника түрлерін ойлап табу, жасап шығару ісін де қаржылай қолдауы қажет. Мұның бәрі дәл қазір Қазақстанға керек", – деді Найзабек Олжабайұлы.

Оның пайымдауынша, осы салада импорталмастыруды дамытқан абзал. Шетелден шашып әкеліп, Қазақстанда құрастырыла салмауы, немесе технологиясы, басқасы шетелдік компанияларға көп тәуелді болмауы керек. Өндіріс барынша ел ішінде шоғырлануға тиіс. Осының арқасында, біріншіден, Қазақстанның қорғаныс қабілеті артады, екіншіден, шетелге қару экспортын өрістетуге болады, үшіншіден, жаңа технологиялар елге келеді, ал төртіншіден, жаңа жұмыс орындары ашылады.

Үлгіге Польша, Словакия сияқты елдерді алуға болады: Украинада соғыс жүріп жатқанына байланысты олар жаңа зауыт-кәсіпорындар ашып, оларда ескі үлгідегі кеңестік қана емес, ең бастысы Батыстың озық қаруларын жөндеумен, құрастырумен айналысуда.

Қауымдастық өкілі жаңа қор қаражаты жай ғана шетелдік қару мен техниканы сатып алуға жұмсалып кетпегені маңызды екенін нықтады. Қордың барлық қаржысы тек қана отандық өндірісті көтеруі шарт.

Ал әскери сарапшы, отставкадағы полковник Жәнібек Ерсалиевтің болжамынша, қор түрік-қазақ әскери дронының өндірісіне де қаржы салуы ықтимал. Түркиялық пилотсыз ұшатын аппаратты Қазақстанда құрастыруға екі ел Қ.Тоқаевтың Анкараға сапары аясында уағдаласқан болатын. Anka аталатын беспилотник Қазақстан жағдайына сай жаңғыртудан да өтуі мүмкін.

"Еліміздегі белгілі қауымдастықтар, ақпарат құралдары "Qazaqstan Paramount Engineering" компаниясының сойылын соғып, "Барыс" бронетранспортерын ілгерілетуге жанталасуда. Бүгінде Қазақстанда одан басқа отандық өнім жоқ сияқты көрінеді. Олар сатып алып қояды деп қорқып, тіпті Қорғаныс министрлігінің басқа елдердің, соның ішінде түріктің сауытты техникасын елімізде сыналуына да тыйым салғызуға қол жеткізбек болды. Бұл әрине, дұрыс емес. Салада шынайы, әділ бәсекелестік болуға тиіс. Түріктің беспилотниктері, бронды машиналары, гаубицалары, дүркін атыс реактивті жүйелері, басқасы Қарабақта, Украинада, Сирияда нағыз соғыс жағдайында шыңдалды, ұрыс қабілеттерін жарқырата көрсетті. Қазақстандық техникада ондай тәжірибе жоқ. Сол себепті оны түрік қаруымен салыстыру өте маңызды. Біз саладағы озық елдермен бірлескен кәсіпорындар құруға ұмтылуымыз қажет. Сонда елге алдыңғы қатарлы технологиялар келеді", – деді әскери сарапшы.

Дегенмен, ол НАТО елдері заманауи технологияларын Қазақстанға беруден аяқ тартуы мүмкін екенін еске салды: санкция астындағы, соғысу үстіндегі Ресей ұрлап алады деп қорқады. Оның үстіне Қазақстан ҰҚШҰ-ға мүше: мұндай техниканы Ресейден алуға мәжбүр.

Қалай болғанда, айналадағы күрделі оқиғалар мен ауыр геосаяси жағдайда Қазақстанның қорғаныс-өнеркәсіп кешенін бекемдеуге бел буғаны құптарлық қадам. Бірақ оның барысында әлдебір топтардың тықпалаған тозығын озық деп қабылдап, қаржыны төге салмай, жауды жоюдың қазіргі заманғы құралдарының барлық нұсқаларымен салыстыра отырып, тек ең үздігін таңдаған жөн. Бұл істе ең маңыздысы – қарудың отандық болғаны емес, бірінші кезекте Қазақстанның тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығын қамтамасыз етуге оның қуатының толық жеткені болса керек. Ал бұл үшін жаңа қордың жұмысы мүмкіндігінше (құпияларынан басқасы) айқын болса, игі. Әйтпесе, мысалы, "Қазақстан халқына" қоры сияқты елді түңілтері даусыз: көп дәріптелген, 2022 жылғы желтоқсанда 131,7 миллиард теңге демеу қаржы жинаған алпауыт қор бүгінде елге небары 15,4 миллиард теңгеге көмектесіпті.   

Негізі, жақсылап қаржы салса, сала жоғары қарқынмен дами алады. Таяуда "Қазақстан Инжиниринг" ұлттық компаниясы Сербияның "YUGOIMPORT-SDPR" компаниясымен өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Келісімге сай, Қазақстанда жасалатын дрондарға Сербия тапсырыс орналастыратын болады. Сондай-ақ екі ел әскери техникалық құралдарды бірлесе өндіру бойынша бірқатар уағдаластыққа қол жеткізді. Нақтыласақ, алдағы уақытта Қазақстан мен Сербия кәсіпорындары 82 және 120 миллиметрлік калибрлі зымыран-артиллериялық оқ-дәрілер мен минометтерді бірлесіп өндірмек.

Жалпы, Қазақстанның қорғаныс-өнеркәсіп кешенінде 8 мыңнан астам адам еңбек етеді. Отандық қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындарының өндіріс көлемі 180–200 млрд теңгеге бағаланады. Егер салаға шетелдік беделді өндірушілерді тарта алсақ, саланың өнімі миллиардтаған теңгемен емес, миллиардтаған доллармен есептеліп, еліміз соғыстан жұтаған Ресейді де халықаралық нарықтан ығыстыра алар еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу