Қазақстан мен Өзбекстанның Ресейге тәуелділігі күрт күшеюі мүмкін

3181

Ресейлік газдың қазақ жеріндегі құбырмен Орталық Азияға тасқындайтын күні таяп қалды. 

Қазақстан мен Өзбекстанның Ресейге тәуелділігі күрт күшеюі мүмкін Фото: inbusiness.kz

"Әділетті Қазақстанда" әлі күнге шешімін таппай, ары қарай ушығып бара жатқан мәселелердің бірі – газ түйткілі. Содан Президент Қ.Тоқаев "Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары" атты өткен жұмадағы жаңа жолдауын тағы да осы ескі мәселеге арнауға мәжбүр болды.

Өкшеге батқан шөңгедей ызасы өтсе керек, Мемлекет басшысы бұл проблеманы шешуді – құрамы қайта жаңарған Үкіметтің №1 міндеті етті. Атап айтқанда, Тоқаев елді газбен қамтамасыз ету, тауарлы газдың ресурстық базасын кеңейту – "Үкіметтің және "QazaqGaz" ұлттық газ компаниясының басты міндеті" болатынын жариялады.

Сонымен бірге Әлихан Смайылов командасына Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ сияқты ең ірі мұнай-газ кен орындарын өз уысына ұстаған шетелдік алпауыт инвесторларды өндірген көгілдір отынды алауларда босқа жақпай, немесе қалпымен шетелге шығара бермей, "Қазақстанға қолжетімді бағамен ұсынуға" мәжбүрлеуге тура келмек. Әйтпесе, мол газ қорының үстінде отырып, мемлекет газға жарымай-ақ қойды.

Бұдан бөлек, министрлер кабинеті жаңа газ кеніштерін барлау және игеру үшін инвестиция тартуы шарт. Өткен отыз жылдықта республика өзіндегі және шекарадағы біраз жаңа кеніштерді Ресеймен бірге игеруге мәмілелескен. Алайда Батыстың санкциялары көршіні технологиялық деградацияға ұшыратып, бұл істі жарға жыққалы тұр.

Оның үстіне Еуропаның алып нарығынан айрылғалы РФ қолданыстағы өз кен орындарынан шығарып жатқан аста-төк газын қайда жіберерін білмей дал. Мысалы, биыл Қытай 100 млрд текше метрге дейін газ тасымалдай алатын "Сила Сибири-2" жаңа газ құбырын салудан және онымен РФ шикізатын сатып алудан бас тартты. Демек, Қазақстандағы жаңа кен орындарын игеру Мәскеуді қызықтырып отырған жоқ.

Оның орнына ол төл газын Қазақстан арқылы тезірек Өзбекстанға жеткізуге іңкәрланып отыр. Солтүстік көршінің ақпарат құралдарының хабарлауынша, ресейлік көгілдір отын өзбек еліне алдағы айда, 1 қазанда жеткізіле бастайды деп күтілуде. Өз кезегінде өзбекстандық газ тасымалдау жүйесі оны қабылдауға әзірленіп жатқан көрінеді.

Айта кету керек, РФ газын Өзбекстанға жеткізу жөніндегі контрактіге 2023 жылғы 16 маусымда, XXVI Петербор халықаралық экономикалық форумы аясында қол қойылған болатын. Бұл мәмілені UzGasTrade пен "Газпром экспорт" тек 2 жылға бекітті.

Өзбекстанның газ тасымалдау жүйесін ресейлік құбыр газын қабылдауға дайындау бойынша "жол картасы" іске қосылды. Нәтижесінде, 25 күннен соң, 1 қазанда қазақ жері арқылы өзбек ағайындарға, тәулігіне 9 миллион текше метр ресейлік газ ағындай бастауға тиіс.

Келісім бойынша өзбек көршіміз орыс көршімізден жылына шамамен 2 миллиард 800 миллион текше метр көгілдір отын алады. Осы арқылы Ташкент елдің табиғи газға деген жыл сайын қарқынды түрде өсіп бара жатқан сұранысын ішінара қанағаттандырады. Өзбектер электр қуатын өндіру саласын белсенді түрде газға көшіруде. Бұл отын экологиялық таза саналады. Сондай-ақ Өзбекстан осы арқылы күзгі-қысқы маусымда үздіксіз энергиялық жабдықтауды қамтамасыз етпек.

Inbusiness.kz Өзбекстанда биылғы қаңтарда болған алапат энергетикалық дағдарыстың себеп-салдарларын талдады. Ондай күйзелістер соңғы кезде жиілеген. Мысалы, кеше Ташкенттің екі ауданы – Мирабад пен Алмазар жарықсыз қалды. "Өңірлік электр желілері" АҚ мұның басты себебі ретінде "күзгі-қысқы маусымға дайындықты" атады. Өзбек ағайынның орыс газын тезірек алуға асығуының мәнісі де осында.

Кеңес кезінен бері өзбек газы Мәскеуге “Орта Азия – Орталық” магистралды газ құбыры арқылы жөнелтілетін. Енді ресейлік газ реверстік режимде, яғни кері ағынмен айдалатын болады. Қазақстан жағы бұған дайын.

Өзбек сарапшысы, экономист Ұлықбек Камалетдиновтың мәліметінше, Өзбекстан көгілдір отынды осы құбыр арқылы экспортқа айдамай, керісінше, импортқа қабылдау үшін бірқатар әзірлік жұмыстарын жүргізуге тиіс. Өзбекстан аумағында жаңа газөлшеу станциясы тұрғызылады. Ескі 3 газ қабылдау жабдықтары жаңасына ауыстырылады. 11 әртүрлі газ айдаушы құрылғылар күрделі жөнделеді. 22 шақырым жаңа магистралді газ құбыры төселеді. 56 шақырым газ құбыры жөнделеді.

Газ айдала бастауы үшін бұл шаралар осы айда тәмамдалуы шарт. Дегенмен, әзірше жұмыстар жалғасуда. "Бұхара–Орал" газ құбырының жаңа тармақтары салынып жатыр. 

"Біздің республиканың газ тасымалдау жүйесінің өткізу қабілетін ары қарай арттыру мақсатында "Бұхара—Орал" магистралді газ құбырының жаңа тармақтары салынуда. Жұмыстар 528−550 шақырым телімінде жүзеге асырылып жатыр. Яғни жаңа құбырдың ұзындығы 22 шақырымды құрайды", – деп хабарлады Өзбекстанның Энергетика министрлігі.

Министрлік осының айғағы ретінде "Узтрансгаз" компаниясы жүргізіп жатқан құрылыс жұмыстары бейнеленген видеороликті де жариялады.

Бұдан бөлек, жұмыстар газ құбырының тағы 2 учаскесін қамтыды. Олар арқылы да ресейлік газ тасқындайды.

Өз кезегінде "Узтрансгаз" Кунгирот ауданында "Коракалпакстан" аталған газ өлшеу станциясының салынып жатқанын жеткізді. Сонымен бірге "Хиуа–Бейнеу" магистралді газ құбырының 290−311 шақырымындағы телімінде де жұмыстар жүргізілуде.

Өзбекстан бұл қадамға амалсыздан барып отыр. Оның өзі өндіретін газы еселеп артқан төл мұқтаждықтарын әзер өтеуде. Тіпті жетпей жатыр. Сондықтан 2022 жылғы желтоқсанның соңында Өзбекстан Қытайға газ экспортын тоқтатуға мәжбүр болды. Шың еліне экспорт тек биылғы сәуірде, елдегі отын тапшылығы проблемасы еңсерілгеннен кейін ғана жаңғырды.

Әйтсе де, Өзбекстан Ресейге ұзақ жылға әрі толығымен тәуелді болып қалмаудың қамын жасауда (бұл тұрғыда біздің олардан үйренеріміз жетерлік). "Газпроммен" арадағы келісімнің екі жылға ғана бекітілуінің бір мәнісі де осында болса керек.

Мысалы, Өзбекстанның мұнай-газ алпауыттарының бірі Saneg соңғы екі жылда газ өндірісін бірден 3,5 есе арттыра алған. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.

Saneg – елдегі отын өндірісін ұлғайту жөніндегі үкіметтік бағдарламаның орындаушысы, операторы болып табылады. Оның иелігінде 103 кен орнын пайдалану құқығы бар. Saneg мамандары барлауға дейінгі жұмыстар аясында 78 кен орнында жаңа газ қорларын анықтады. Қазіргі уақытта оның 33-і игеру сатысына шыққан.

Яғни, өзбек ағайындар бұл істе қазақстандық үкіметке қарағанда жылдамдық, әбжілдік, алғырлық танытып отыр. Осының арқасында 2021 және 2022 жылдары компания газ өндірісін 3,5 есеге — 389 миллионнан 1,4 млрд текше метрге дейін күрт өсіре алды. Компания мамандарының түсіндіруінше, бұған мұнаймен бірге өндірілетін ілеспе газды алауларда босқа өртеу тәжірибесінен толық бас тарту арқылы қол жеткізіліпті.

"Бұл ілеспе мұнай газын толыққанды кәдеге жарату бағдарламасының іске қосылуы арқасында мүмкін болды. Ілеспе газ бұрын "Солтүстік Шуртан", "Ширкент", "Төртсары" кен орындарында алауларда жағылатын. Бүгінде олардың газы сепарация және цеолиттік тазарту арқылы өңдеуге бағытталады. Компания алау газын кәдеге жарату бағдарламасына шамамен 12,5 миллион доллар қаражатты қосымша инвестициялады", – деп түсініктеме берді Saneg.

Компания 2026 жылға дейін газ өндірісін тағы екі еседен астамға арттырып, 3 млрд текше метрге жеткізуді жоспарлады. Бұл мақсатта ол Бұхара-Хиуа мұнай-газ өңіріндегі кен орындарын игеруде өнімділігі жоғары әрі терең тұңғиықтарға жете алатын заманауи технологияларды қолдануға ниетті. Басқаны айтпағанда, өзбектер аймақта теңдесі жоқ 3D-сейсмобарлау технологияларын қолданады екен.

Өзбек газдан тарықпай, экономикасын өрлетуі үшін Қазақстан оған өз жері арқылы жылына 10 миллиард текше метрге дейін ресейлік газды өткізуге дайын отыр. Бұл туралы еліміздің Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді. Еске сала кетейік, әзірге Өзбекстан оның тек 2,8 миллиардын алуға ғана келісті.

"Бүгінде біз Қазақстан арқылы 10 миллиард текше метрге дейін ресейлік газды транзитпен өткізу жайын индикативті түрде талқылаудамыз. Өзбектің энергиялық жүйесінің дайындығына және ресейлік әріптестердің газ экспортын жүзеге асыруға әзірлігіне қарай жеткізілім көлемін ұлғайтуға болады", – деді еліміздің бас энергетигі.

Жалпы, РФ газын елімізге жеткізу жөнінде Қазақстан Үкіметі де Мәскеумен келіссөздер жүргізуде. Өйткені министрдің айтуынша, қазақстандық газды ішкі нарыққа өткізу "шығынды" (убыточный) болып есептеледі.

Бірақ Қазақстанның газ транзиттеу әлеуеті шектеулі. Қазақстанның газ тасымалдау жүйесінің жалпы өткізу қуаты жылына 85 миллиард текше метрді ғана құрайды. Оның ішіне халықаралық бағыттар да, сондай-ақ өз еліміздің өңірлері арасындағы тасымал да кіреді.

Отандық газ тасымалдау жүйесі "Орта Азия–Орталық", "Бұхара–Орал", "Сарыарқа", "Газли–Шымкент", "Бұхара газды ауданы–Ташкент–Бішкек–Алматы" магистральдық газ құбырларын қоса алғанда, ірі газ магистральдарын жалғастыратын "Қазақстан–Қытай" негізгі магистральдық газ құбыры бар бірыңғай газ тасымалдау жүйесін біріктіреді.

2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан арқылы халықаралық газ транзиті 71,8 миллиард текше метрді құрады. Салыстырсақ, 2020 жылы – 62,7 миллиард, 2021 жылы – 79,3 миллиард текше метр болған.

Соның ішінде орталықазиялық газ транзиті – 42,3 миллиард текше метрді, ресейлік транзит – 29,5 миллиард текше метрді құрады.

2023 жылы Қазақстанның өзін газдандыру деңгейі 59%-ға жетті немесе 11,6 миллион адам табиғи газға қол жеткізе алды

Алайда халықтың газ тұтыну көлемінің қарқынды артуы, кәсіпорындар мен ЖЭО-ларды газға көшіру жұмыс істеп тұрған магистральдық газ құбырлары қуаттарының тапшылығына соқтыра бастады. Бұған қоса, батыс облыстарда газ құбырларының көпшілігі ескірді: 50 жыл бұрын төселген. Олардың тозуының орташа деңгейі 75%-дан асады.

"Елдің оңтүстік және орталық өңірлері үшін газ жеткізу "Бейнеу–Бозой–Шымкент" бір тізбекті магистральдық газ құбыры арқылы жүзеге асырылады, оның жылыту маусымында жүктемесі 106%-дан асып түседі. "Бейнеу-Бозой-Шымкент" магистральдық газ құбырының өткізу қабілетінің шектелуіне байланысты маусымдық ең жоғары тұтыну кезеңінде Қазақстанның бірыңғай газ тасымалдау жүйесінің тұрақты жұмысының бұзылу қаупі бар. Осыған байланысты, солтүстік өңірлерді, Астананы жылумен жабдықтау обқектілерін және пайдалануға берілетін электрмен жабдықтау объектілерін (1 ГВт-қа "Түркістан" ПМУ, 240 МВт – қа "Қызылорда" ПМУ) газбен қамтамасыз ету мақсатында оңтүстік өңірлерде "Бейнеу–Бозой–Шымкент" газ құбырының 2-ші желісін салу қажет", – деп түсіндірді Үкімет.

Бірақ газ тасымалдау инфрақұрылымы объектілерін жаңғырту, кеңейту және жаңаларын салу салмақты инвестицияларды талап етеді. Оны табу да бір бейнет.

Қазірдің өзінде еліміздің бір өңірі Ресейге толық тәуелді: Қостанай облысы "Қарталы–Рудный–Қостанай" магистралді газ құбыры бойынша Ресей газымен қамтамасыз етіледі. Сол себепті энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз ету және Қостанай облысының тұтынушыларын өз газымызбен қамту үшін Ақтөбе облысынан Тобыл станциясына дейін магистральдық газ құбырын салу қажет.

Ендеше ел Үкіметі алдында бұл бағытта орасан зор ауқымдағы жұмыс тұр. Алайда биліктің қарқынды қимылдап жатқаны байқалмайды. Бұлай бара берсе, Президентке келесі жолдауында да кезекті рет газ тақырыбын талғажау етуге тура келуі ғажап емес. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу