Қазақстанда тұрғын үй құрылысы неге құлдырады

3078

Кері кете бастаған салаға мемлекет жаңа серпін беру тәсілдерін қарастырып жатыр, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. 

Қазақстанда тұрғын үй құрылысы неге құлдырады Фото: inbusiness.kz

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, теріс сыртқы факторларға қарамастан, 2022 жыл қорытындысында Қазақстан экономикасы 3,1% өсімге қол жеткізді. Экономиканы өрге сүйреген салалар қатарында құрылыс саласын атады.

"Оң өсу қарқыны құрылыс, ауыл шаруашылығы, ақпарат және байланыс, сауда, көлік және қоймалау, өңдеу өнеркәсібі салаларында тіркелді. Бір жыл ішінде орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 9,4%-ға ұлғайды. Көрсеткіштің оң өсуі 18 өңір бойынша тіркелді. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең жоғарғы өсуі Ақмола, Алматы, Атырау облыстарында және Шымкент қаласында басқалды", – деді ұлттық экономика министрі.

Бірақ бір гәп бар: бұл сектордың әсіресе тұрғын үй сегменті халықтың көңіл-күйіне, елдегі әлеуметтік ахуалға қатты әсер етеді. Ал ол құлдыраған.

"2022 жылы 15,4 миллион шаршы метр тұрғын үй ғана пайдалануға берілді, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 8,8%-ға кем. Көрсеткіштің төмендеуі – Алматы мен Астанада, Ұлытау, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Атырау облыстарында пайдалануға берілген тұрғын үй санының азаюы кесірінен. Басқа 14 өңірде оң өсу тіркелді", – деді Үкіметтің бас экономисі Ә.Қуантыров.

Ең жоғарғы өсім Павлодар, Шығыс Қазақстан, Жетісу облыстарында және Шымкентте тіркелді.

Жалпы, қазіргі шақ құрылыс компаниялары үшін сын кезеңі болып тұр. Тым ұзап, созылмалы сипат алған экономикалық дағдарыс, елді ен жайлаған қымбатшылық, әлемдегі, айналадағы күрделі ахуал салдарынан сауда-саттық пен өнім жеткізу тізбектеріне нұқсан келуі халықтың төлем қабілеттілігін төмендетіп, құрылыс саласына да соққы болды. Құрылыс материалдары бағаларының түрлі санат бойынша 50 пайыздан жоғарылауы пәтер бағаларының қымбаттауына соқтырды. Елорданың өзінде құрылысы бітпей, біраз жылға созылған тұрғын үй кешендері қайтадан көбейіп барады. Үлестік құрылыс проблемалары толыққанды шешілмеді.

Үкімет тұрғын үй құрылысын қайта жандандырудың амалдарын қарастыруда. Мысалы, жаңа салынып жатқан тұрғын үйлерді заңдастырып, олардағы пәтерлерді үлескерлердің көлеңкелі емес, заңды жолмен сатып алуына жол ашу үшін нысанға мемлекеттік кепілдік қолжетімді бола түспек. Осындай кепілдікті беретін "Қазақстан тұрғын үй компаниясы" (ҚТК) АҚ құрылыс компанияларынан талап ететін құжаттар тізімі күрт азайтылды. Осыған орай 2023 жылғы 23 қаңтарда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің №432 бұйрығына өзгерістер күшіне енді. Сол арқылы Бірыңғай оператордың – "Қазақстан тұрғын үй компаниясының" кепілдігін алу үшін құжаттар саны 2 есе қысқарды.

ҚТК төрағасының орынбасары Олжас Салықов құрылыс бизнесінің өкілдерімен бірқатар кездесу өткізгендерін жеткізді. Нәтижесінде олардың тілегіне құлақ асып, артық талаптарды алып тастаған. Орнына қарапайым және ашық рәсімдерді енгізіп жатқан көрінеді. Құрылыс компаниялары өз өтінімдерін портал арқылы тұрақты негізде онлайн тапсыра алады және жеке кабинеті арқылы төл статусын, яғни нысанына қашан кепілдік берілетінін бақылауына болады. Барлық кезеңдерде цифрлық із қалады. Бұл құжаты дұрыс компанияның кепілдік алуына заңсыз кедергі келтірілуіне тосқауыл болса керек.

"Біз кепілдік беру бойынша 1 триллион теңге межесінен биыл өтеміз. Шағын және орта компаниялар, әсіресе өңірлердегі компаниялар біздің кепілдігімізді алу мүмкіндігіне ие болуы үшін заңнамалық талаптарды төмендету бойынша жұмыс істеудеміз. Егер жоба дефолт болса, яғни тұрғын үй құрылысы мүлдем доғарылса, онда ҚТК сол көпқабатты үйдің құрылысын өз қаражаты есебінен аяқтайды және оны үлескерлерге табыстайды. Осылайша, азаматтардың қаражатының 100% сақталуы қамтамасыз етіледі", - деп түсіндірді Олжас Салықов.

Кепілдік беру тетігі арқылы күні бүгінге дейін жалпы сомасы 862 миллиард теңгеге Қазақстан бойынша 178 тұрғын үй жобасы мақұлданды. Бұл елдегі 53 мың үлескердің салымдарын қорғауға мүмкіндік берді.

Бірақ сарапшылар біраз жылда 178 тұрғын үй кешенінің (ТК) ғана кепілдік алуын мардымсыз сан санайды. Мысалы, 2022 жылы Қазақстанда 130 686 пәтер қолданысқа берілді. Айтпақшы, осы көлем 2021 жылғы көрсеткіштен 12,6% кем. Орта есеппен бұл былтыр 130 ТК іске қосылды деген сөз.

Ал тұрғын үй құрылысына кепілдік беру тетігі 2016 жылы өмірге жолдама алған болатын. Яғни, бұл тетіктің жеті жылға жуық жетістігі бір жылғы көлемге ғана пара-пар болып отырғандай.

Құрылыс саласының маманы, белгілі құрылыс компаниясының менеджері Айбек Бекасыл үлескерлік құрылыс саласында кедергі көптігін, салдарынан бизнесмендер өз жобасына банктен арзандау әрі ұзақ мерзімді несие ала алмайтынын жеткізді.

"Құрылыс саласының көлеңкеге кеткенін жасырмаймын. Үлескерлік құрылыс туралы келісімшарт жасасу тетігі тіпті ірі компаниялар үшін қолжетімсіз болып қалғандықтан, олар да жанама амалдарға толық көшіп алды. Бүгінде Үкімет алдында саланың ашықтығын қамтамасыз ету, қаптаған делдалдарды жою, үлескерлік құрылысқа мониторингті күшейту сияқты жаңа міндеттер тұр. Бірақ сала ойыншыларын дырау қамшымен сабай бермей, тәттімен де ынталандырып қойған абзал. Мысалы, әкімшілік кедергілерді азайтып, тым жоғары заңнамалық талаптарды төмендету қажет. Адал бизнесті жазалай бермей, арамза құрылыс фирмаларымен күрестің басқа тәсілдерін қарастыруы керек. Сондай-ақ құрылыс компанияларына көпқабатты тұрғын үйдің қаңқасының толық бой көтеруін күтпей-ақ, қазандық, котлован деңгейінде үлескерлердің қаржысын тартуына жол ашылғаны жөн. Бүкіл әлем, соның ішінде Түркия да осылай жұмыс істейді. Тек ТК жобасын банктің қаржыландыруын талап етуге болады. Сонда барлық тәуекелдің жүгін банктер де көтереді", – деді сарапшы.

Сонымен қатар бірыңғай оператор кепілдік беру үшін жоба құнының 10–15%-ына тең ақшаның банкте жатуын талап етеді екен. Яғни, құрылыс компаниясының осынша мол қаржысы банкте босқа бұғатталып жатады. Салушылар ол соманы азайтуды сұрап жүр.

Заңнама әкімдіктерге салынуы ұзап кеткен тұрғын үй кешендері жобаларын алып қоюға құзыр береді. Олар бұл өкілеттігін кеңірек пайдалануына болады. Әйтпесе, қалалар сақалды құрылыстарға толды. Пысық тұлғалар жер алып, онда тұрғын үйдің каркасын тұрғызады да, оны ары қарай өзге компанияға сатуға тырысады. Айына бірер кірпішін қалап, кранды әрлі-берлі қозғап, құрылыс жүріп жатқан сыңай танытады. Осылайша, пәтерін күткен халық жетерлік. Ол жобаларды қолынан іс келетін әрі қажетті көлемде инвестиция құя алатын компаниялар алып, аяқтап шыққаны маңызды.

Салада көп проблема қордаланғанын құзырлы органдар да растады. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Рустам Ахметовтың мәліметінше, үлескерлік құрылыс нарығы ойыншыларының небары 28%-ы ғана заңды өрісте жұмыс істейді.

"Қазақстанда үлескерлік құрылыс нарығының үштен екі бөлігі көлеңкеде тұр. Тек 28% ғана заңды өрісте жұмыс істейді. Бүкіл республика бойынша 2021 жылы әкімдіктер мен Бірыңғай оператор жалпы ауданы 2,1 млн шаршы метр көппәтерлі үйлерді үлескерлер ақшасын тарта отырып, салуға рұқсат берді. Ал елде 7,5 млн шаршы метр, яғни үш есе көп баспана тұрғызылған. Қалған 5 млн шаршы метр – көлеңкелі нарық. Құрылыс салушылардың қолында көбіне жер уческесіне, коммуникацияларға рұқсаты болады. Пәтерлерді олар үлескерлік құрылыс заңының талаптарын аяқасты етіп сатады. Яғни, пәтер сатуға рұқсаты болмайды. Сондықтан үлескерлік құрылыс келісімшарты орнына брондау келісімдері, сенімді басқару келісімдері кең таралды", – деді Рустам Ахметов.

Антимонополиялық агенттік өкілінің ұстанымынша, бұған екі себеп ықпал етті. Біріншіден, үлескерлік құрылысты заң аясында жүргізу қымбатқа түседі. Екіншіден, заңның орындалуын ешкім қадағаламайды. 

"Үлескерлік құрылыс туралы жаңа заң нормалары қабылданғалы бері баспана салу кезінде үлескерлер ақшасын заңсыз тартқаны үшін бірде бір құрылыс компаниясы әкімшілік жазаға да тартылған жоқ. Тексеру парақтары да әлі күнге бекітілмеген. Бірде бір тексеру жүргізілмеген. Әкімдіктер өз кезегінде адал емес құрылыс компанияларының қара тізіммін жариялаумен ғана шектеледі. Оның орнына әкімдіктер сол тізімдегі әрбір салушыны сотқа беріп, жауапкершілікке тартуға тиіс еді. Бұл ретте әкімдіктердің сол тізімдерді қалыптастыруда адалдық танытпайтыны әшкере болып қалды. 2021 жылы біздің ақпаратымыздан кейін тізімдерге еліміздің ең ірі құрылыс компаниялары енгізілді", – деді антимонополиялық агенттік төрағасының бірінші орынбасары Р.Ахметов.

Қорыта айтқанда, тұрғын үй құрылысын былықтан арылтып, даму даңғылын аршып, өркендеуіне серпін берген жөн. Әйтпесе, бұл құрылыс құлдырағалы бері елдің экономикалық өсімі де мардымсыз болып тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу