Әйелдер мен ерлер енді бір-бірімен бас қосып, үйленгісі келмейді. Мұны ресми статистика анықтады. Бұл туралы ұлттық статорганға сілтеп, Бірінші кредиттік бюро хабарлады.
Нақтылағанда, 2025 жылдың алғашқы 3 айында небары 22,5 мың жұп қана ресми "одақ" құрыпты. Былтырғы бірінші тоқсанмен салыстырғанда көрсеткіш өспек түгіл, бірден 16%-ға құлдырап кетті. Санмен айтқанда, биыл 4,3 мың некеге аз қиылған.
Мамандардың айтуынша, 2020 жылдан бергі ең төменгі көрсеткіш тіркеліп отыр. Өйткені коронавирус пандемиясына және карантинге байланысты жұрттың жүріс-тұрысына, жиналысына шектеу қойылуына байланысты 2020 жылғы екінші тоқсанда – сәуір-маусым аралығында ең аз неке, 16,6 мыңы ғана тіркелген болатын. Алайда қазіргі кезде отау құруға еш шектеу жоқ.
Жалпы, барлық тіркелген некенің 81,8%-ы моноэтникалық болса, қалған 18,2%-ы – этносаралық, яғни, түрлі ұлт өкілдері көңіл қосып, жанұя құрды.
Сарапшыларды әсіресе, халық ең көп тұратын екі өңірдегі – Алматы (минус 21%) және Түркістан (минус 19%) облыстарындағы жаңа некелер санының қатты қысқарып кеткені алаңдатады. Бұрынғы жылдары қазағы қалың тұратын бұл өңірлерде үйлену саны үнемі артатын.
Қазақстанда неке коэффициенті де орасан қарқынмен азайып барады: бұл көрсеткіш, яғни, әрбір 1 мың адамға шаққандағы неке саны 2024 жылғы І-тоқсандағы 5,33-тен 2025 жылғы І-тоқсанда 4,47-ге дейін күрт құлады.
Мұндағы аутсайдер – Батыс Қазақстан облысы (3,72). Ең жоғарғы коэффициент – әзірге тек Алматы облысында (5,26). Бірақ оның ең жоғарғы белесінің өзі былтырғы орташа межеден біраз төмен.
Қазақстандықтар некеден неге жерінді?
Психологтардың байламынша, бұған бірнеше теріс фактор ықпал етіп отыр. Біріншіден, ел экономикасындағы қиыншылықтар, бюджеттегі тапшылық қазақстандықтардың үй болуына кері әсерін тигізеді.
Өйткені соның кесірінен, мысалы, Үкімет шектеулер енгізіп, атаулы әлеуметтік көмекті алушылар санын еселеп азайтты, бала туу бойынша МӘСҚ төлемін күрт кемітті.
Екіншіден, елдің тұрмысы төмендеуде. Үйлену тойын өткізуге қаражаты жоқтар көбейді.
Үшіншіден, әйтеуір қасында біреу болуы үшін немесе ата-анасының, туған-туысының қысымына бола үйленетін аға ұрпақ азаюда. Оның орнына өзге үшін жауапкершілік алғысы келмейтін, жеке еркіндігін, жайлылығын, төл мүдде-қызығушылықтарын бәрінен жоғары қоятын, бұл істе қоғамның пікіріне де пысқырмайтын индивидуалшы ұрпақ келіп жатыр.
Белгілі психолог Ержан Мырзабаев қазіргі адамдардың тым "менменшіл" екенін, азаматтар көпшіл болмаса, жақындағысы үшін жауапкершілік алуды үйренбесе, үйленудің құлдырауы, ажырасудың көбеюі сияқты қоғамдық кесірлі құбылыстар тек өрши беретінін айтады.\
"Отбасын құру дегеніміз – мойынға үлкен жауапкершілік алу. Өзге үшін жауапкершілік алу көп жағдайда жеке адамның еркіндігін шектейтіні белгілі. Өйткені өзіңнің жеке басыңның емес, отбасыңның мүддесі бірінші орынға шығады. Бұрынғы қылтың-сылтың жүрісті, болмашы нәрселерге ақша шашуды тыю қажет болады. Отбасыда еркіндік сүйгіштіктен ымыра-компромисс маңызды. Отбасында бақыт тапқан адамдар еркіндігін оңай шектей алады. Жастар жағы оған барғысы келмейді. Ерлі-зайыптылар отбасын сақтау үшін көкірегін, менмендігін басып, өз рахатынан біршама бас тартқаны жөн", – деді психолог.
Мамандардың айтуынша, қазіргі адамдар үшін отау құру – өмірлік мақсат болудан қалды. Іші пысса, жалғызсыраса, Tinder және басқа да танысуға арналған қосымшалар арқылы уақытша жұбын, теңін табады.
Қазіргі кезде некеге тұрғаны туралы бұрынғыдай азаматтардың паспортына ешқандай мөр-таңба басылмайды. Бұл тіпті некедегі ерлерге, әйелдерге отбасына опасыздық жасап, жұбайын алдауына, сол арқылы отбасы институтының қадірін түсіруіне жол ашқан.
Мамандар қазақстандықтардың таңдауына теріс ықпал ететін факторлар қатарында республикадағы экономикалық дағдарыс сыртында, баспана бағасының ұшынуын, азық-түліктің, әсіресе, балалар тамақтарының қатты қымбаттауын жатқызды. Мұның бәрі үйленіп, үй болудың өте қымбат екенін айғақтайды.
Қазіргі адамдар алдымен баспанаға ақша жинауды, қаржыдан қор жасауды, жұмысқа тұрып, мансап сатысында өрлеуді мақсат етеді.
Мамандар жазаны қатайтқан тиісті заңды қабылдату үшін шенеуніктердің қолдан өршіткен "ақпараттық теріс ауан-фон" да неке институтының деградациясында рөл атқарғанына назар аудартты. Түрлі әлеуметтік сауалдар қыздардың үлкен бөлігі некеге тұрған соң отбасылық зорлық-зомбылыққа тап болудан қорқатынын паш етті.
Ал, ер-азаматтар жағы кейін ажыраса қалсам, алимент үшін бар дүние-мүлкінен айрыламын, мемлекеттің жазалауына, мүлікті тәркілеуге душар болармын деп алаңдайтын көрінеді. Содан кейбір адамдарда "үйлену – жағдайымды қиындату" деген өмірлік қағидат пайда болған.
Статистика мамандары Қазақстанда неке институтының дәуірлеу тарихы 2019 жылы аяқталғанын айтады: Ұлттық статбюроның демографиялық есебіне сәйкес, 2019 жылы 139 мыңнан астам неке тіркелген. Пандемиялық 2020 жылы неке саны 128,8 мыңға құлдырады. 2021 жылы бұрынғы көрсеткішіне оралды: 140,2 мың.
Алайда содан бері тек азайып келеді. 2022 жылы – 128,3 мың, 2023 жылы – небары 120,8 мың ғана неке тіркелген. 2024 жыл қорытындысында қазақстандық жұптар бар-жоғы 123 626 некеге отырды. Салдарынан, Қазақстан бұл салада ғасыр басындағы 2005 жылғы көрсеткішке (123 045) дейін кері кетті.
Есесіне, Ұлттық статистика бюросы некеге отырғандардың ажырасуы азайып келе жатқанын жария етті: 2019 жылы 59 796 неке бұзылса, 2020 жылы ажырасу саны – 48 002-ге, 2021 жылы – 48 239-ға, 2022 жылы – 44 517-ге, 2023 жылы – 40 227-ге дейін төмендеді. Бірақ 2024 жылы – 40 569-ға дейін өскені байқалады.
Сарапшылар мұндағы төмендеуді экономикалық тұрақсыздықпен түсіндіреді. Елдегі ахуал күрделенген сайын ерлі-зайыптылар жалғыз қалудан қорқып, ажырасу ниетін жүзеге асыруды кейінге қалдырады. Кез келген дағдарысты бірге өткеру жеңілірек болса керек.
"2024 жылы 40,5 мың отбасы ажырасты. Қалалық жерлерде 30,1 мың (74,4%-ы), ауылдық жерлерде – 10,4 мың (25,6%-ы) ажырасу тіркелген. Ажырасудың ең жоғары деңгейі ШҚО-да: 1000 адамға шаққанда 3,12 ажырасу, сондай-ақ Қарағанды (3,11) және Павлодар (3,09) облыстарында. Ажырасқан отбасылардың ең көп үлесі немесе 35%-ы 1–4 жыл ғана отасқан некелер. 25%-ы – 5 жылдан 9 жылға дейін бірге тұрғандар. Негізі, жұптардың 8%-ы некесі тіркелгеннен кейін бір жыл ішінде бір-бірімен қош айтысқан", – деді Ұлттық статбюро мамандары.