Қазақстандықтардан жер тартып алынуда

2563

Жер реформасы аяқталғанша, біраз кәсіпкер зардап шекпек. 

Қазақстандықтардан жер тартып алынуда

"Жердің цифрлық мониторингі" (lands.qoldau.kz) ресми порталының мәліметінше, елімізде қолданыстағы 62 млн 672,8 мың гектар жайылым-жердің үлкен бөлігі – 20 млн 907,1 мың гектары ұтымды пайдаланылмайды. Көптеген жер телімі мүлдем пайдаланылмай, бос жатыр, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Салыстыра кетсек, бұл Беларусь (20,7 млн га), Қырғызстан (19,8 млн га), Сирия (18,5 млн га), Тәжікстан (14,3 млн га), Грекия (13,1 млн), Солтүстік Корея (12 млн га) секілді әлемдегі 124 тәуелсіз мемлекеттің бүкіл территориясынан үлкен.

Яғни, осынша аумақта жер телімі экономикалық айналымнан тыс қалған деген сөз. Сондықтан биыл билік ол жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарына қызу кірісуде.

Елордалық кәсіпкер Ерлан Бәйкенов алты жыл бұрын Астананың ортасынан – Керей, Жәнібек хандар көшесінде 1 гектардан астам көлемде жер сатып алады. Онда көппәтерлі тұрғын үй салмақ болған. Тиісінше, жер телімінің нысаналы мақсаты ретінде де сол көрсетілді. Бұл жоспарына ізінше ұлттық валютаны екі есе құнсыздандырған девальвация кедергі болыпты. Сонымен бірге үй салуға серіктес инвестор іздеуге уақыт кетіп қалған.

Енді Нұр-Сұлтан әкімдігі "жерді игермедің" деп, сот арқылы мәжбүрлеп алып қою шарасын қолдануда.

"Яғни, менің жекеменшігімдегі жерді тартып алмақ. Ол жер учаскесі енді қаланың арнайы жер қорына қосылатын көрінеді. Осыған орай сот процесі басталғалы жатыр. Соған қарамастан, яғни жер телімін мәжбүрлі алып қою туралы сот шешімі шықпаса да, менің жерімде бөтен бір мердігерлер мен тұлғалар құрылыс жұмыстарын бастап кетті. Басқаша айтқанда, елорданың дәл ортасында "рейдерлік басып алу" жүруде. Рейдерлер өздерін сенімді ұстайды, ешқандай жаза тартпайтынына күмәнданбайды", – дейді кәсіпкер.

Ол істің байыбына барып, жеке меншікке қарсы заңсыз әрекеттерге жол бермейтін шара қабылдауды сұрап, ел басшылығына және құқық қорғау органдарына шағым жолдады.

Айта кету керек, қала әкімдігі кәсіпкерге өтемақы ұсынған көрінеді. Жер пайдаланылмай, бос жатқандықтан өтемақы көлемі аздау болған. Мұны шағым иесі азсынып, әділетсіз санайды. Оның пікірінше, жердің бағалау құны 400 млн теңгеден асады.

Өз кезегінде Бас прокуратура азаматтың шағымын ведомстволық қарау үшін Нұр-Сұлтан әкімдігіне жібергенін хабарлады.

Пайдаланылмайтын жерлерге қатысты басқа да проблемалар бар. Мысалы, Павлодар тұрғыны Анна Диппелге үш жыл бұрын анасынан мұраға жер қалады. Өткен жылы ол оны арзан бағаға басқа адамға сатып жібереді.

"Жерді арзан сатқаным – анам оны іске жаратпай, босқа қалдырыпты. Бақша салуға ниеттеніп көрген. Алайда өсіргенінің бәрін әлдекімдер ұрлап кете берген. Оның үстіне саяжай иелері жоқта ондағы үйлерде "бомждар" үнемі мекендейтін болған. Өз кезегінде саяжай шаруашылығы жер учаскелерін күзетпен қамтамасыз етпеді, саяжайларға кімдердің кіріп-шығып жүргенін бақыламады. Бұл ретте саяжайшылардың бәріне өтуге рұқсат құжаты таратылыпты. Демек, саяжай шаруашылығы ол аумаққа тек өткізу қағазы барларды ғана жіберуге тиіс еді. Осыған шағымдансақ, шаруашылық басшылығы бет қаратпады: "су жеткізуден басқасы біздің шаруамыз емес" дегенді алға тартты.  Сондықтан анам "Южный" бақшалық серіктестігі" тұтынушылық кооперативінің қызметінен бас тартты", – деді ол.

Осыдан кейін 2020 жылдың ортасына шейін кооперативтің сумен жабдықтау құбырлары оның учаскесінен алып тасталады.

А.Диппел өз меншігіне көшкен жер учаскесін ары қарай пайдаланбады, суды және кооперативтің қызметтерін тұтынбады, кооперативке мүше болып кірмеді. Олармен ешқандай келісімшарт бекітпеген.

Дегенмен, 90-шы жылдары мемлекет өз меншігіндегі жерлерді басқару функциясының бір бөлігін осындай кооперативтерге тапсырғаны белгілі. Тиісінше, олардың қолында салмақты құзыр бар.

"Бірнеше апта бұрын курьер ескерту хат алып келді. Онда кооператив менен 2019 және 2020 жылдар үшін қордаланған мүшелік жарнаны төлеуді талап етіпті. Мүшелік жарна есептеуге жер теліміне иелік етуім негіз болған екен. Содан бері үнемі қоңыраулатып, берешегімді сөндіруді сұрайды. Сотқа береміз деп қорқытады", – дейді ол.

Егер кооператив сотқа беріп, дегеніне жетсе, берешегі үшін жер телімін тартып алуы мүмкін. Бұл жағдайда жер учаскесінің жаңа иесі де сол мүлкінен айырылып, зардап шегеді. Яғни, биліктің саясатына өкпелілер көбеюі мүмкін.

Анна қазіргі кезде аяғы ауыр екенін және қысым кесірінен денсаулығы, жүйкесі сыр бере бастағанын хабарлады.

"Жағдайым нашарлап кетті. Бұл талаптары "шантажға" ұқсайды. Менің есебімнен заңсыз баюға талаптанып отырған секілді. Екі жыл өткен соң жарна талап етіп отыр, 2019 жылы жарна төлеу керектігін ескертсе, қайда қалыпты?! Енді міне, жер телімін сатып жіберіп, ол туралы ұмытқаннан кейін алдымнан шыға келді. Анам да, мен де мемлекетке жер салығын уақытылы әрі толық төлеп тұрдық. Кооператив өкілдері "кооператив мүшесі болмауым мүмкін еместігін", "мүшеліктен шығу үшін жер телімінен де ақысыз бас тартып, кооперативке не мемлекетке табыстауым керек екенін" айтып, табандайды. Қалай тегін бас тартамын, ол мұрамен көшкен меншігім ғой?!", – деп қапаланады Анна.

Жалпы, жерге қатысты түйткілдер көп және оның біразы қолданыстағы заңнамада шешімін таппаған. Қазіргі кезде елде Жер реформасы комиссиясы қайта құрылғалы жатыр. Оның мүшелеріне шенеуніктер шешпей, жылдар бойы қордаланып келген мәселелермен байыпты айналысуға, түйінін тарқатуға тура келмек.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу