Қазақстанға Ресейден қашып келушілер саны азайды

3980

Бірақ шекаралар ашық. Сонда мұның себебі неде?

Қазақстанға Ресейден қашып келушілер саны азайды

Ресейлік сарапшылар мен волонтерлардың түсіндіруінше, бұған бірнеше себеп бар. Біріншіден, шекарадағы кезек тым ұзын, одан өткенше бірнеше күн өтеді. Оған екінің бірі шыдай бермейді. Кезекте тұрғандардың тамағы, суы таусылуға таяу.

Екіншіден, ресейлік шекарашылар енді Қазақстан жағына барлығын бірдей өткізбейді. Олардың қолына әскерге шақырылғандардың тізімі түскен деседі. Тиісінше, өткізу бекетінде ресейлік шекарашылар Қазақстанға кеткісі келетін азаматтың құжаттарын мобилизацияға жататын азаматтардың федералдық тізілім-реестрімен салғастырады. Қашуға үміткер сол контингенттен табылса, немесе нақты критерийлер бойынша әскерден босатылуға құқығы болмаса немесе төл әскери комиссариатынан сыртқа шығуға рұқсат алмаса, онда оны дереу кері қайтарады. Тиісінше, қазір негізінен, жұмылдыруға ілікпеген, бұрын әскерде қызмет етпеген ресейлік еркектер ғана шекара асып жатыр.

Үшіншіден, Ресей Қазақстанмен шекарасында мобилизациялық пункттер аша бастады. Тиісінше, Қазақстанға қашушыларды шекарада ұстап алып, бірден әскерге әкетеді. Оның біріншісі Қазақстанға қарай жүк және жеңіл автокөліктерді өткізетін негізгі бекет – Астрахан облысындағы "Қараөзек" бақылау-өткізу бекетінде орналасатын болады.

Төртіншіден, "В путь!" жобасы және басқа да ұйымдардағы ресейлік волонтерлар өз шекараларында гуманитарлық апат туындауы мүмкін деп дабыл қақты. Олар төл темір тұлпарымен шекараға асыққан ресейліктерге кезек күтіп тұрғанда бөгде адамдармен сөйлеспеуге, оларға көлік есігін ашпауға кеңес берді. Өйткені жолға дұрыстап дайындалмаған, бірнеше тәулік бойы кезек күтіп, азығын тауысқан кейбір ресейліктер өзге кезек күтушілерді тонаумен айналысуға кірісіпті. Олар әлжуаздарынан негізінен, суды, азық-түлікті, темекіні тартып әкететін көрінеді.

Бұған қоса, РФ шекаралас аймақтары, мысалы, Астрахан губернаторы өткізу пункттеріне қарай ондаған шақырымға созылған кезектер мен көлік кептелістері елде қалатын халықтың тіршілігін қамтамасыз етуге кедергі келтіріп жатқанына шағымданған.

Атап айтқанда, осы облыстағы понтон өтпесі мұндай жүктемеге есептелмепті. Көпір үстін көліктер лық толтырып, көбіне қозғалыссыз тұрады.

Астрахан губернаторы әкімшілігінің дерегінше, автомобильдердің қаптауы кесірінен Қараөзек ауылының балалары автобуспен өз мектебіне жете алмай қалды.

Сондықтан Ресей тарапы Қазақстанға кетушілер санын бірте-бірте шектей бастады.

Бұл байламды шекарадағы ахуалды күн сайын қадағалап отырған Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл растады. Оның айтуынша, Ресей жағынан өтушілер саны әлі де ауқымды, бірақ соңғы күндері күрт азайғаны байқалады. Ол ҰҚК Шекара қызметінің дерегіне сілтеме жасап, 21 қыркүйектен бері, яғни 21-29 қыркүйек күндері Қазақстанға жалпы саны 245 468 РФ азаматы кіргенін, осы аралықта оның 96 481-і елден кеткенін жеткізді. Осы күндері 368 РФ азаматына ғана Қазақстанда тұрақты тұру ықтиярхаты берілген. Мобилизациядан қашқандар легінің соңғы екі күнде саябырси бастағанын мына статистикадан көруге болады. Кеше осы аптадағы ең аз көрсеткіш тіркелді. 23 қыркүйекте – 25 349 ресейлік бері өтсе, 24 қыркүйекте бұл көрсеткіш – 30 168, 25 қыркүйекте – 32 089, 26 қыркүйекте – 35 121, 27 қыркүйекте – 36 848 адамға дейін ұлғайған еді. Ал 28 қыркүйекте бұл сан – 32 277, 29 қыркүйекте – 22 526 адамға дейін азайды.

Егер жағдай қалыпқа келе бастамағанда, шекарада миграциялық дағдарыс туындауы ықтимал еді. Осы аптаның басында ресейлік сарапшылар мен волонтерлар Ресей шекарасындағы жағдайды "гуманитарлық апатқа жақын" деп бағалады. РФ-пен шекаралас қалаларымызда бос баспана қалмады, пәтер жалдау құны шарықтап кетті. Бұл жергілікті баспанасыз тұрғындардың тұрмысын нашарлатты.

Ресейлік "Медиазона" редакторы Дмитрий Трещанин Қазақстанға өту үшін алапат кезекте тұрғандардың бензині, дизелі, тамағы, қаражаты таусылуға таяғанын айтқан болатын. Ол таяуда Қазақстанмен шекарадағы "Маштаково" өткізу бекетінде болып қайтыпты.

"Мұндай сорақы, ғаламат кезекті бұрын кездестірмеппін. Ресейлік шекарашылар мұндай ағынға дайын болмай шықты. Олар сыртқа қашқандардың әрқайсысының дерегін тіркеп, мұқият тексеруде. Естуімше, Қазақстанға өткізетін өзге бекеттерде бұдан да зор, әлдеқайда ұзын кезектер қалыптасқан. Кезек өте баяу қозғалады, кейде тұтас тәулікке тұрып қалады. Содан көлігін бергі жақта тастап, Қазақстанға жаяу өтіп жатқандар бар. Қазақстанмен шекарадағы жағдай гуманитарлық катастрофаға таяп қалды", – деді Дмитрий.

Бұл ретте ол Ресей жақтағы жағдайды айтып отыр. Себебі Қазақстанға өте алғандарға қазақтар барынша қонақжайлылық танытуда: бензинді де тегін құяды, тамақты да тегін таратады.

Ресейлік сарапшылар шекарадағы жағдайға үш фактор әсер еткенін түсіндірді. Ресейлік шекара өтпелерінің біразында үш кезек бар. Олар жолаушыларға, жеңіл көліктерге және жүк көліктеріне арналған. Соның ішінде "фуралардың өз мафиясы жұмыс істеп, оларды кезексіз өткізе алады". Жаяу жүргіншілерге де жеңілірек. Ал төл жеңіл көліктерімен келгендер халы бүлікке жақын көрінеді. Кезексіз өтіп кеткісі келген жүргізушілермен бірнеше рет төбелес болған. Адамды қағып кету оқиғасы орын алған (өлім-жітімсіз). Содан көлікті шекарадан белгілі бір ақыға өткізіп беру қызметін ұсынатын делдалдар көбейген.

Қазақстанға өткен кейбір ресейліктер, мысалы, Самара тұрғыны 30-40 шақырымға созылған алапат кезекті жаяу өткендерін жеткізді. Такси кезек шетіне тастап кеткен.

Жасыратыны жоқ, ресейлік волонтерлар Қазақстанға қашуды жолға қойды. Оны қадам-қадам бойынша түсіндіріп береді. Қазақстандық шекараны кесіп өткісі келетіндер үшін арнайы жадынама-памятка да жасалған. Онда 4 тәулікке дейін жететін көлемде азық-түлік алуға кеңес беріледі. Google Docs-та Қазақстанмен шектес әрбір шекаралық өткізу бекеті туралы ақпарат, ондағы дәл қазіргі жағдай, кептелістің ұзындығы, күтудің болжамды уақыты, жұмыс режимі және басқасы бүге-шігесіне дейін сипатталған. Кейбір өткізу бекеттерінің тұсында қызылмен: "Постарайтесь сюда не ехать, выбрать другой пункт" деп жазылған. Мұндай дабылды ескертпелер ресейлік "Маштаково", "Теплое", "Вишневка", "Қараөзек", "Ақсай" сияқты өтпелердің тұсында тұр. Бұл өтпелер Астрахан, Волгоград, Саратов, Самара, Орынбор және басқа да қалаларға жақын орналасқан.

Волонтерлардың айтуынша, қазір Оралдың ішінде таксистер қалмады деуге болады. Ресеймен шекараға жөңкілген. Сонда бері өтушілерді әрлі-берлі тасып, табыс табуда. Тіпті еліміздің оңтүстігінен де таксишілер сол жаққа аттаныпты. Өйткені бір адамнан 10-50 мың теңге аралығында ақы алады. Ондаған шақырым жаяу жүргендер бұған келісуге мәжбүр. Пысық таксишілер тіпті клиенттерді Ресей жағынан шекарадан алып өтудің жолын тауыпты. Ресейліктер кезектің алға жылжымауына таксистер кінәлі деп отыр.

Мысалы, бір таксиші кезектің басынан орын алады да, сол жерде тұрып қалады. Оның міндеті – шекарадан өту емес, арттан жеткен өзге таксишілерді үздіксіз, кезексіз алға өткізіп жіберу.  

Қазақстан жағынан тек таксишілер ғана емес, волонтерлар да ара-тұра бері өтіп, тамақ, керек-жарақ таратады. Әйтпесе, Ресей жағынан көмек жоқ, болғанның өзінде сатады екен.

Әрине, қазір кезекте тұрғандардың қаншасы Қазақстан жаққа өте алатыны белгісіз.

Айтпақшы, осы аптада белгілі бизнесмен, құрылыс магнаты Айдын Рахымбаев соғысқа жігіт алу науқанынан қашқан Ресей қазақтарына өз жатақханаларынан орын ұсынатынын жариялаған. Ол содан не шыққанын хабарлады.

"Бүгінде жатақханаға 35 адам орналастырдық. Тағы 40-50 адам жолда. Астана, Атырауда, Жамбыл және Алматы облыстарында 500-ге жуық қандастарымызды қабылдауға дайынбыз. Қазақтардан басқа Ресейдегі татарлар, башқұрттар, қалмақтар, дағыстандар, шешендер және басқа да шағын аз этностар қабылдана бастады. Оларға құрып кету қатері төнді. Желіде жұмысқа орналасуға көмек туралы жалған ақпарат таратылған екен, тек қана тегін жататын орын мен ыстық тамақ беретінімізді тағы да атап өткім келеді. Себебі жаңа өмір шынайылығына бейімделу үшін ең бастысы баспана мен азық қой", – деді Айдын Рахымбаев.

Қалай болғанда, көп қандасты жинай алмаған көрінеді. Ресейлік ақпарат құралдарының хабарлауынша, мобилизация жариялана сала, қазақтар шоғырлана тұратын облыстарда қатаң шектеулер енгізілген. Әлеуметтік желіде Ресейдегі қазақтардың көбі Қазақстанға қоныс аударуға құлық таныта қоймайды деген тұжырым да айтылуда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу