Кеншілер әзірге ағарған ішуін тоқтатпайды

Кемел Марат Кемел Марат
3774

Бірақ құзырлы министрлік өкілдерінің айтуынша, сүтті алдағы уақытта басқа өнім ығыстыруы мүмкін.

Кеншілер әзірге ағарған ішуін тоқтатпайды Фото: tengrinews.kz

Осыған дейін БАҚ бетінде зиянды өндірісте сүт беру тоқтатылады деген сыңайда ақпарат тараған болатын. Алайда, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде түсіндіргендей, дәл қазір адам ағзасына пайдалы мол табиғи тағамды қолданыстан алып тастау жоспарда жоқ.

Дегенмен, аталған қауіпті әрі зардапты санаттағы тамақтануды жақсарту бойынша арнайы жұмыс тобы құрылып, қажетті шешімдер ғылыми жаңалықтарға әбден негіздей отырып қабылданбақ. Рас ескірген дүниенің орнына, оған теңестірілген әлдеқайда мықты жаңашылдықты неге сынап көрмеске?! Осы орайда атап өтерлігі, мемлекеттік мекемедегілер, барлық қадамның тек жұмысшылардың келісімімен жүзеге асатынына сендірді.

Сырттан тон пішпей, бірден министрліктегі еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетіне хабарластық. Ал мұндағы еңбек жағдайларын бақылау және еңбекті қорғау басқармасының бастығы Сәрсен Дүйсенов - түпкі "дереккөздің" өзі. Бастапқы мәліметті тілші қауым Астанадағы металлургия және тау-кен тақырыбына арналған алқалы жиынның бірінде осы кісінің аузынан іліп әкетті.

"Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 1054 бұйрығымен бекітілген Жұмыс берушінің қаражаты есебінен жұмыскерлерге сүт немесе оған теңестірілген тамақ өнімдері, емдік-профилактикалық тағам, арнайы киім және басқа да жеке қорғаныш құралдарын беру, оларды ұжымдық қорғаныш құралдарымен, санитариялық-тұрмыстық үй-жайлармен және құрылғылармен қамтамасыз ету қағидаларына сәйкес, сүт пен емдік-профилактикалық тағамдар (бұдан әрі – ЕПТ) жұмыскерлерге кәсіптік аурулар мен уланудың алдын алу, олардың денсаулығын нығайту мақсатында беріледі. Сүт бір ауысымға майлылығы 3,2 пайызға дейін 0,5 литрден химиялық заттарды өндіру немесе қолдануға байланысты жұмыстарда жұмыскердің нақты жұмыс iстеген күндеріне оның ұзақтығына қарамастан таратылады", – деп жіктеген басқарма жетекшісі тиісті мағлұматты журналистер сәл дұрыс түсінбегенін айтып, сүтті соған тең басқа бағалы тағам өнiмдерiмен немесе арнайы өнімдермен алмастыруға жұмыскерлердің мақұлдауымен ғана жол берілетінін ескертті.

Сарапшының пікіріне қарағанда, өзекті мәселеге қатысты еңбектi қорғау жөнiндегi республикалық ғылыми-зерттеу институты қазақ тағамтану академиясымен бірлесіп, үш ірі тау-кен өндірісі кәсіпорындарында емдік-профилактикалық тағамдарды және дәрумендік препараттарды қабылдау бойынша зерттеу жүргізген. Зерттеулер нәтижесі ЕПТ қабылдау зиянды өндіріс факторларының кері әсерін төмендетуде аса маңызды профилактикалық рөл атқармайтындығын көрсеткен.

"Осыған байланысты, осы мәселені тереңірек зерттеу мақсатында Қазақстан Республикасы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде алдағы 3 жылда еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін жұмыскерлерге ЕПТ беру және кәсiптiк тәуекелдері арасындағы байланысты анықтау жөнінде жұмыстар жоспарланған. Зерттеулер нәтижесі бойынша тиісті ұсынымдар шығарылатын болады. Қорытынды ұсыныстар міндетті түрде жұмысшылардың және жұмыс берушілердің өкілдерімен келісіледі", – деп түйіндеді Сәрсен Дүйсенов.

Кемел Марат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу