Кітапқа бөлінген 7 миллиард теңге қайда кетті?

3494

Ұлттық аударма бюросы қоғамдық қоры аударған кітаптар айналасында пікірталас тууда. 

Кітапқа бөлінген 7 миллиард теңге қайда кетті?

Екі жақтың да дәлел-дәйектемелеріне ден қойсақ.

Алдымен бұл мәселені блогер, сарапшы Денис Кривошеев көтерді.

"Рауан Кенжеханұлы басшылық ететін "Ұлттық аударма бюросы" қоғамдық қоры министрліктермен және ведомстволармен 66 келісімшартқа отырған. Барлығы – бір көзден мемлекеттік сатып алу тәсілімен. Мысалға, өткен жылы Білім және ғылым министрлігімен "Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 оқулық" жобасы аясында шетелдік оқулықтарды қазақ тіліне тәржімалау қызметі бойынша келісімшарт бекіткен. Келісімшарт сомасы – 2,5 млрд теңге. Кейінірек дәл сол қызметтерге тағы 2 млрд теңгеге қосымша келісімшарт бекітіледі. Сол жылдың қыркүйегінде қор БҒМ-мен 2,6 млрд теңге тұратын тағы бір қосымша келісімге отырған. Мемлекеттік келісімшартың басқа ұсақтары да бар. Мысалы, қазіргі заманғы қазақ әдебиетін 6 тілге аудару бойынша қызметке Мәдениет және спорт министрлігімен 1,4 млрд теңгеге келісімшартқа отырды", – дейді Денис Кривошеев.

Бұл мәселеге баспагер, қоғам қайраткері Бақытжан Бұқарбай үн қосты. Ол Рауан Кенжеханұлының мемлекеттік тілді дамыту бағытында мықты жобаларды жүзеге асырып келе жатқан еңбегін атап өтеді.

"Менің Кенжеханұлы мырзамен өшті-қастылығым жоқ, екеуіміз де Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелеріміз. Бірақ мақалада келтірілген сандар сұрақтар туғызды. Ұсақ контрактілерін қоспағанда, тек оқулықтарды аударып, басуға 7,1 млрд теңге бөлінген. Осыған орай "Ұлттық аударма бюросының" сайтындағы сандарды зерделедім. 7,1 млрд теңгенің қайда кеткені қызықтырды. Бюро сайтында қазіргі уақытта 48 оқулықтың аударылып, басылғаны туралы ақпарат берілген. Қарапайым арифметикаға салсақ, әрбір оқулықты аудару және басу 148 млн теңгеге түскен", – деп жорамалдайды Бақытжан Бұқарбай.

Ол кітап шығарудағы өз тәжірибесіне жүгіне отырып, шынында, бұл үрдіске қанша қаражат қажет екенін талдауға тырысады.

"Сіздер түсіну үшін айтайын, кітап басу үдерісі үш кезеңнен тұрады. Біріншісі – басуға авторлық құқық алу. Р.Кенжеханұлы сұхбаттарының бірінде шетелдік авторлардан осы құқығын алу тегіннен бастап, 100 мың долларға дейінгі аралықта құбылатынын мәлімдеді. Ең жоғарғы көрсеткішті алсақ, 39 млн теңге. Екіншісі – басу алдындағы дайындық. Баспаның аударудан қаттауға дейінгі қызметтерінің құны, олардың сайтында көрсетілгендей, әр 1 беті үшін 7 мың теңге. Оқулықтар орташа алғанда 600 беттен тұрады. Баспагердің 1 оқулыққа шығыны 600х7000=4 млн 200 мың теңге. Үшіншісі – баспахана-типографияда басу. Әрбір оқулық 10 мың данамен "Дәуір" баспаханасында басылады. Менің есебім бойынша, бір кітапты шығару шамамен 3 мың теңгеге түседі. Демек, бір оқулықты басу 3000х10 000=30 млн теңге. Осылайша, бір оқулықты жарыққа шығару шамамен 73,2 млн теңгені қажет еткен. 48 оқулық – 3,5 млрд теңге", – дейді баспагер.

Ол осы сомаға басқа да шығындарды қосады.

"Р.Кенжеханұлы штатында 100 қызметкер барлығын еске салды. Олардың әрқайсысы 500 мың теңгеден жалақы алады делік. Сонда бүкіл штат жылына 500 000х100х12=600 млн алатын болып шығады. Логистика, ілгерілету және көзделмеген жағдайларға деген шығындар тағы 600 млн теңге шығынды талап етсін. Тіпті солай болғанның өзінде 2,4 млрд қайда екені беймәлім", – деп түйді Бақытжан Бұқарбай.

Баспагердің әлеуметтік желідегі мақаласына "Ұлттық аударма бюросы" қоғамдық қорының атқарушы директоры өзі жауап берді:

"Бақытжан мырза! Біз кеше осы мәселеге арнап баспасөз маслихатан бердік. Сіз оған қатыстыңыз. Мен жалпы сандарды айтып, нақты цифрлармен таныстыру үшін әрі сөзім дәлелді болу үшін сізді өзімізге шақырдым. Бірақ кездесуді күтпей, өз есептеріңізбен бөліскен екенсіз. Ол есептеріңіздің қате екендігін мен сізге ескерттім. Әр оқулықты аударуға бөлінген қаражат көлемі 36,6 млн теңге. Оған авторлық құқықтарды алу, аудару, 10 мың данамен басып шығару және 130 оқу орнына жеткізу құны кіреті. Осылайша әр кітапқа шаққандағы құны 3 660 теңге. Әр оқулықтың орташа көлемі 500–600 бет екенін ескерсек, бұл нарықтағы бағадан әлдеқайда төмен. "Ұлттық аударма бюросы" қоғамдық қоры қаржылық тәртіптің өз еліміздегі және халықаралық талаптарын ұстана отырып, тиісті аудиттен жыл сайын өтеді", – деді Рауан Кенжеханұлы.

Осы әңгімелерге Қазақстан қор биржасының басқарушы директоры Евгений Мухамеджанов та өз пікірін білдірді.

"Мен "Основы маркетинга" кітабын аударып басуға қатыстым. Бұл әлемдік деңгейдегі тұғырлы оқулықтардың бірі. Басуға құқықты тегін алдық. Аудару және басу ондаған есеге арзанға түсті", – дейді ол.

Ал тіл маманы Дарина Өмірзақова бюроның мамандарға көп еңбекақы ұсынбайтынына назар аудартады.

"Менен орыс тіліне аударылған оқулықтардың бірін қарап, корректура жасауды сұрады. Білесіз бе, одан бас тарттым. Себебі аударылғаны қайтадан аударуды қажетсінеді. Маған корректура үшін әр бетіне 3 мың теңгеден ұсынды. Осы қаржыға кім келісті екен деп ойлаймын кейде", – дейді Дарина Өмірзақова.

Интернет пайдаланушы, кітап ісінің білгірі Асан Әзімханұлы өзінің Рауан Кенжеханұлына қояр 2 сұрағы бар екенін айтады:

"Біріншіден, "100 кітап" аясында шетелдік ғылыми-классикалық шығармалар ана тілімізге аударылуы керек еді. Соңғы 2019 жылы шыққан кітаптарында қазақша нұсқасымен қатар басылған орысша аударма кітаптар жүр. Неге орыс тіліне аударылып жатыр? Екіншіден, жоба аясында тек шетелдік кітаптар аударылу керек еді. Еліміздегі кітапханаларға жіберілген кітаптар арасында отандық "Қазақ тіліне енген кірме сөздер сөздігі" (10 мың данамен) шығарылған. Бұл кітапты неге бұл жобамен шығарған?", – дейді ол.

Түсіп жатқан сұрақтарға Р.Кенжеханұлы "Караван" газетіне сұхбат беріп, жауап қатуға тырысты. Ол ешқандай 7 млрд теңге шығындалмағанын айтады.

"Бір оқулықты аударып, шығаруға жұмсалатын қаражат көлемі 38,6 млн теңге. Соның ішінде аударма және баспаға дайындау құны: бір бетіне 7 мың теңге, оның ішінде 3 мың теңге аударма бағасы, 1,5 мың теңге ғылыми редакция, 1,5 мың теңге әдеби редакция, 1 мың теңге беттеуге қалады. Кітапты 10 мың данамен басып шығару құны – 12,5 млн теңге. Қалған қаражат кітапты қазақ тіліне аударып,  кітап күйінде баспадан шығаруға және электронды нұсқасын интернет арқылы тегін ашуға мүмкіндік беретін авторлық құқықтарды алуға, шығарылған кітаптарды еліміздегі 130 оқу орнына жеткізіп, таратуға кетеді. ...2018 жылы шыққан оқулықтардың әр данасы 3 мың 860 теңге тұрды. 2017–2018 жылдары аударылып басылған 48 оқулыққа 1,8 млрд теңге жұмсалған", – дейді Рауан Кенжеханұлы.

"Ұлттық аударма бюросы – қоғамдық қор, коммерциялық мекеме емес. Қаржылай табысы жоқ мекеме", – деп байлам жасады ол.

Өз кезегінде Бақытжан Бұқарбай Рауан Кенжеханұлымен алдағы дүйсенбіде тағы кездесіп, қыруар мемлекет қаражатының қайда және қалай жұмсалғанына қатысты екі жақ өз дәлелдерін ортаға салатынын хабарлады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу